Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген шебер

Screenshot_85.png

 «Алтын орда» көркемсурет галереясында киіз басудың жасалу жолы мен гобелен тоқудан ҚР қолөнер шеберлер одағының мүшесі, тоқымашы Күләш Өсерқызы Айдарбекованың шеберлік сағаты өтті. Шеберлік сағатта киіз басу өнерінің қалыптасу кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан дәстүрлі әдіс-тәсілдері, түрлері және олардың атауларының маңызы айтылады. Шеберлік сағатқа жастар белсенді қатысып, ұлттық қолөнерге қызығушылықтары артып, рухани азық алды.

Ал гобелен техникасында қолөнер шебері Күләш Өсерқызы көп жылдар бойы сурет салып келеді. Бұл өте қиын, төзімділік пен шығармашылықты талап ететін қолөнер түрі. Бір суретті кілем тоқып шығу үшін суретші жарты жылға дейін бас көтермей, тоқудың түрлі тәсілдерін қолдана отырып, жұмыс істейді. 

Шымкентте Бейсбековтердің отбасы аймаққа ғана емес елімізге кеңінен таныс. Отбасы мүшелері қолданбалы қолөнермен шұғылданады. Танымал суретші Болатбек Бейсбеков кескіндеме өнерімен айналысса, ұлы Берік былғарыны көркемдеп өңдейді. Отбасының ұйтқысы Күләш Айдарбекова да он саусағынан өнер тамған жан. Ұлттық өнердің қыр-сырын меңгерген. Шебердің «Күнбағыс», «Әжемнің портреті» атты шығармалары Оңтүстік жұртшылығына кеңінен танымал. Қызы Венера да тоқыма тоқудан алдына жан салмайды. Оның «Үш ару» және «Киелі орынға сапар» атты төл туындысы сәтті шығарма саналады. Келіні Мадина да кілем мен гобелен тоқудың хас шебері. Қолданбалы өнерді жаңғыртушы отбасы шығармашылығына табиғатты да, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды арқау етіп келеді. Бейсбековтердің көркемсурет галереясына енгеннен-ақ ұлттық киімдер еріксіз көз тартады. Әсіресе, киізден жасалған бұйымдардың түр-түрі бар. Күләш Өсерқызының текеметтерінің ою-өрнегі өзінше бір әлем. Жан-дүниесінен шыққан иірім мен ырғаққа толы гобелендері адамды баурап алады. Ұлттық туындыны замануи үлгімен қайта жаңғыртқан шеберлердің еңбегі инемен құдық қазғандай. Келешек жастардың бойына ұлттық салт-дәстүрімізді сіңіру үшін ұлылығымыздың белгісіндей болған төл өнеріміздің орны ерекше.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген шебер