Шымкентте соңғы екі жылда 414,3 млрд. теңгеге 90 жоба қолға алынды

Screenshot_4.jpg

Мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Шымкентте соңғы екі жылда 414,3 млрд. теңгеге 90 жоба қолға алынды. Соның нәтижесінде 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Мысалы, былтыр 21 жобаны жүзеге асыруға 37,5 млрд. теңге жұмсалған. Бір мыңдай адам өздеріне тұрақты жұмыс тапқан.

Айта кету керек, елімізде мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы алғаш рет 2010 жылы қабылданды. Бағдарламаның бірінші кезеңі 2014 жылға дейінгі аралықты қамтыды. Кейін 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңі іске асырылды. Қазіргі таңда 2020-2025 жылдар аралығын қамтитын үшінші кезеңі жүзеге асырылуда.

Шымкент қаласында да бағдарлама аясында жаңа кәсіпорындар құрылды. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебкеовтың мәліметінше, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында шаһарда 89 млрд. теңгеге 63 кәсіпорын бой көтерген. 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылған.

Екінші бесжылдықта 97,4 млрд. теңгеге 41 жоба қолдау тапты. Соның арқасында 2,5 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты.

– Бүгінгі таңда қала аумағында 2 индустриялды аймақ бар. Ол «Оңтүстік» пен «Тассай» индустриалды аймақтары, - дейді Береке Талғатұлы. – Жалпы мегаполистегі индустриалды аймақ аумағы 426 гектарды құрайды. 2010 жылы ашылған «Оңтүстікте» кәсіпорындар 337 гектар жерде орналасқан. Ал «Тассайдың» аумағы 89 гектарға тең, 2015 жылы қазығы қағылған. Индустриалды аймақтардың аумағы 100 пайызға толған. Яғни жобаларды жүзеге асыру жоспары осыншама пайызға орындалды деген сөз. Қос аймақта 134,7 млрд. теңгеге 128 кәсіпорын құру және 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашу бойынша жұмыстар қолға алынуда. Соның ішінде бүгінгі таңда 90 млрд. теңге қаржыға нақты 89 жоба іске асырылып, 5 мыңдай адам тұрақты жұмысқа орналасты.