Шымкентте 157 инвестициялық жобаның базасы жасалған
Шымкентте кәсіпкерлікті дамытуда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Былтыр қалаға 278,5 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандарының айтуынша бұл 2019 жылмен салыстырғада 11,4 пайызға артқаын көрсетеді. Жылдан жылға бұл салада жұмыс қарқыны артып отырғанын аңғартатын мұндай дәйектер көп-ақ.
Мысалы, қалада 2020-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын 157 инвестициялық жобаның базасы жасалған. Оның 34-і былтыр жыл соңына дейін жүзеге асып, 2000 жаңа жұмыс орны ашылды. Соның ішінде 5 жобаға шетелдік инвесторлар тартылғаны белгілі.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 2020 жылы 69 781 болса, биыл жыл соңына дейін оны 77 мыңға жеткізу жоспарлануда. Бұл тағы да қосымша жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.
Қазір мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту, оның ішінде шымкенттік кәсіпорындардың үлесін ұлғайту мақсатында жаңа механизм қолданылуда. Ол бойынша жергілікті атқарушы органдардың бағдарлама әкімшілері (аудан әкімдіктері мен салалық басқармалардың, ведомствоға қарасты мекемелер, мемлекеттік жеке серіктестік жобалар бойынша) жылдық сатып алу жоспарларын басқармаға ұсынады. Ұсынылған материалға сараптама жасалынып, қаламызда өндірілетін тауарлардың көлемі мен сомасы, сондай-ақ, ЖСҚ ішіндегі құрылысқа жоспарланған материалдар мен жабдықтар айқындалатын болады. Деректер базасы Фронт офиске ұсынылады.Талдау нәтижесімен жергілікті өндіруші кәсіпорындар және бюджеттік әкімшілер хабардар етіледі. Өз кезегінде қаламыздың кәсіпкерлері Фронт офиске өздерінің шығаратын өнімдері жөнінде деректерін ұсынады, ал бюджеттік әкімшілер - жергілікті өндірушілердің өніміне бейімдеу мақсатында техникалық ерекшеліктеріне өзгерістер енгізеді. Фронт офис оператор ретінде үйлестіру жұмыстарын жүргізетін болады. Қазіргі кезде аудан әкімдіктері мен салалық басқармалардан сатып алу жоспарлары жинақталуда екен.