Танымал аспаз Бурак Шымкентте мейрамхана ашуы мүмкін
Таяуда “EXPO DUBAI 2020” Халықаралық көрмесі өткені мәлім. Айтулы шараға Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров бастаған қызметкерлер де қатысып, Шымкент қаласының өнімдерін жеке әрі жан-жақты көрсеткен болатын.
Көрме аясында шымкенттік мамандар аспаздық өнерімен әлемге танылған Бурак Оздемирмен жолығып, ерекше ұсыныс жасаған. Бұл туралы басқарма басшысы Ерлан Қыдыров инстаграм парақшасында жазды.
"Expo 2020 іссапар аясында @cznburak-пен жолығу жоспарда болған еді. Күні кеше сәті түсіп, арнайы жасаған Шымкентіміздің брендтік сыйымызды тарту еттік. Буракқа Шымқаламызда да ресторан ашуға ұсыныс тастадық. Әлемге аты танымал Стамбулдық аспаздан қуантарлық жауап күтеміз, әрине. Әлемге аты әйгілі аспаздың Шымкент қаласында мейрамхана ашуы - өңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықаралық деңгейде Шымкент қаласының танымалдылығын арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз.
Достар, Бурактың жеке рестораны Шымкент қаласында ашылғанын қалар ма едіңіздер? Біз үшін әрбіріңіздің пікіріңіз маңызды. Өйткені, қаладағы әр жоба ең алдымен халық қалауы, игілігі мен жайлылығы үшін жасалуын басты назарымызда ұстаймыз. Өздеріңіздің ойларыңызбен бөлісулеріңізді сұраймын?",- деп жазды Е.Қыдыров.
Егер тұрғындар қалап жатса әйгілі аспаз Шымқаладан да өз мейрамханасын ашуы бек мүмкін.