Әр муралдың айтар ойы бар
Қазіргі таңда кескіндеме өнерінің «Мурал» деген түрі сәнге айналғандай. Соңғы бір-екі жылда Шымкенттің тұратын көпқабатты үйлердің қабырғаларында көше суретшілерінің кесек туындылары бірінен соң бірі пайда бола бастады. Әсіресе, түрлі тақырыптардағы, белгілі бір ойды жеткізетін муралдардың саны артуда.
Солардың бірі Қаратау ауданына қарасты «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің қабырғасына салынған муралдар қаланың көркіне көрік қосты десе болады. Cондай-ақ авторлар бұл туындылар туристерді де қызықтыра түседі деген ойда.
Шыны керек, Шымкенттің шырайын келтіретін қызылды-жасылды осындай муралдар көздің жауын алып, адамның жан дүниесіне әсер етеді. Қабырғалардағы туындыларды көрген жан еріксіз сүйсініп, суретшілердің шеберлігіне таңырқай қарайды.
Жалпы мурал салу жұмыстары да қала көшелерінің абаттанып, ажарлана түсуіне көп ықпал етері анық. Қаратау ауданының әкімдігі алдағы уақытта да осындай жұмыстарды жалғастырмақ. Сондықтан әкімдік тарапынан қаладағы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына бірнеше ұсыныс жолданды.