«Көшпелілер өркениетінің өрнегі» атты көрме өтті

Screenshot_17.png

Шымкентте Тәуеліздіктің 30 жылдығына арналған КСРО Суретшілер одағының мүшесі Расул Естемесовтың жеке көрмесі өтті. «Көшпелілер өркениетінің өрнегі» атты шығармашылық көрмеге суретшінің достары, бейнелеу саласында білім алып жатқан студенттер қатысты. Суретшілік өнерде өзіндік қолтаңбасы бар қылқалам шебері Расул Естемесовтың еңбегі әрқашанда жоғары бағаға ие. Себебі, табиғатттың тылсым сырларына тіл бітіріп, бейнелеу өнерінің байырғы сипатын жаңғыртып жүрген суретшінің туындылары ешкімді бей жай қалдырмайды.

 «Компьютер, интернет дамыған заманда суретші керек пе деп сұрауларың мүмкін. Суретшілер керек, тіл, дін, өнер  халыққа рух беретін дүниелер қажет. Өнердің түбі жоқ, шегі жоқ, ол мәңгілік!»,- дейді Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының доценті, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ануар Айдосов.

«Көшпелілер өркениетінің өрнегі» атты шығармашылық көрмеге суретшінің 70-ге жуық туындылары қойылыпты. Нәзіктік, қарама -қайшылық, махаббат, отбасындағы тіршілікті бейнелеген Расул Естемесовтың қолынан шыққан дүниелерді жүрегіңмен қабылдап, өнердің құдіреттілігіне сөзсіз сенесің, өнердің мәңгілігіне имандай иланасың.

КСРО Суретшілер одағының мүшесі Расул Естемесов республикалық, халықаралық көрмелердің тұрақты қатысушысы. Түрлі жанрларды қамтыған философиялық тұрғыдағы туындылары адамды бірден баулып, ой салады.

«М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Жетіасар» галереясында  жеке көрмем өтіп жатқанына қуаныштымын. Көптеген студенттер келді. Бар білгенімді, тоқығанымды соларға жеткізсем арманым жоқ»,- дейді суретші, «Құрмет» орденінің иегері Расул Естемесов.

Суретке тіл бітірген майталман шара барысында шеберлік сабағын өткізіп, жинаған тәжірибесімен жастармен бөлісті. Расул Естемесов, бойына дарыған талантты қажырлы еңбегінің арқасында шыңдаған тұлға.