«Qagaz Ordasy» жылына 3 миллион қорап қағаз шығарады
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әлеуметтік желідегі парақшасында жергілікті кәсіпорындарды "Шымкентте жасалған" жобасы аясында насихаттауда. Күні кеше ол қаладағы "Qagaz Ordasy" ЖШС жұмысын көпшілікке жария етті.
"Qagaz Ordasy" А3 және А4 пішінді қағаз өндіріледі. Бұл кәсіпорын 2020 жылы ашылған. Өндіріс жобасына 500 миллион теңге инвестиция құйылыпты. Бұл А3 және А4 пішінді қағаздарды өндіре бастаған еліміздегі тұңғыш кәсіпорын. Қағаз жасайтын құрылғылар Германиядан әкелінген. Ал сапалы шикізатты Финляндиядан импорттайды. Шикізат күйнде әкелінген бума қағаздар құрылғыларға салынып кесіледі. Жұмыс барынша автоматтандырылған.
- Одан кейін мына жерде қағазды екі бумаға бөліп 500 парақтан кеседі. Бұл екі бума келесі машинаға өтеді. Онда қапталып, қорапқа салынады. Ең соңында қорапқа заттық таңба басылады. Орта есеппен бұл машина тәулігіне 10 мың қорап қағаз жасай алады, - дейді цех басшысы Артем Мизонов.
Мұнда қағаз А, Б және С деген деген атаумен үш түрлі сапаға бөлінеді. Олардың басты және жалғыз айырмашылығы парақтың ақтығында. Жалпы кәсіпорын жылына А4 маркалы 3 миллион қорап қағаз шығарады. Ал А3 пішінінің жылдық ауқымы 300 мың қорап.
- Біз кәсіпорынды ашып бастағанымызда жұмысымызды екі этапқа бөлдік. Бірінші этап Қазақстанда ең көп қолданылатын кәсіпорындар, олар мемлекеттік кәсіпорындар, “Самұрық Қазына” қоғамдық кәсіпорындары, банктер. Бірінші соларды қамтамасыз етеміз. Екінші этапта экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар, - дейді "Qagaz Ordasy" ЖШС басшысының орынбасары Қанат Әлімбаев.
Кәсіпорындағы қағаздардың сапасы өте жоғары. Барлық халықаралық стандарттарға сай. Кез келген көлемдегі сұранысты орындауға қуаты жеткілікті. Оның үстіне биыл тағы 500 миллион инвестиция құйып өндірісті одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.