Шымкентке шипа іздеп келетін шетелдіктер көп

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл мегаполис тұрғындарына амбулаториялық-емханалық деңгейде 60 мекеме медициналық көмек көрсетті. Сондай-ақ бүгінгі таңда 14 мемлекеттік емханаға 607 мың, ал 46 жеке емханаға 639 мың адам тіркелген.

image.png

Қала тұрғындарына қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2022-2024 жылдар аралығында 14 емхана ашылып, олардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 20 мыңға азайды. Ауруханалардағы төсек-орын саны 2023 жылы 4393 болса, 2025 жылы 4894-ке жетті, яғни өсім 10 пайызды құрады. Биылғы 6 айлық есеп ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету аясында 356 ота жасалды. Оның ішінде, 3 жүрек, 10 бүйрек алмастырылды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бағасы қымбат қызметтерден компьютерлік томографияға 11442, магниттік-резонанстық томографияға 14273 науқас жүгінді. 

№1 қалалық клиникалық ауруханасы қала тұрғындары мен қонақтарына хирургиялық, травматологиялық, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапевтік бейіндегі тәулік бойы шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсететін стационарлық емдеу мекемесі болып табылады. Қазіргі уақытта емдеу мекемесі 530 төсек-орынмен жабдықталған. Ауруханада доцент, медицина ғылымдарының кандидаттары, жоғары және бірінші біліктілік санаты бар дәрігерлер қызмет көрсетеді. Мамандар алыс-жақын шетелдік клиникаларда оқып, білімін арттырып келгендер. Мекеме пациенттерді емдеу кезінде көптеген диагностикалық және тактикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін заманауи құралдармен жарақталған. Сонымен бірге аурухана базасында жүкті және босанған әйелдерге хирургиялық көмек көрсететін орталық жұмыс істейді. Оның жұмысын реттеу үшін денсаулық сақтау басқармасы арнайы бұйрық шығарған. Клиникада түрлі тексерулер жүргізіледі. Мәселен, «Аrkau innovation» ангиографында науқас рентген арқылы тексеріледі. Өткен жылы клиникада ангиографиялық ота жасау бөлмесі ашылған болатын. Заманауи медициналық құралдың көмегімен бүгінгі таңда дәрігерлер ми тамырларына, бас сүйегінің ісігіне ота жасап, қаншама науқастың алғысына бөленді. Дәрігер мамандар бел және кеуде омыртқасындағы операциялар транспедикулярлық жүйелермен және кейдждермен бекітілетінін айтады. 

Клиникада асқазан-ішек жолдары органдарына, қалпына келтіру және реконструктивті сипаттағы оталар жасалады. Осы орайда травматолог-хирургтер тізе, жамбас буындарын протездеу бойынша күрделі операциялар жасауды үйренді. №1 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері жыл басынан бері МӘМС есебінен 100-ге жуық азаматты буындарын ауыстыру бойынша операцияға алды. Қолдары мен аяқтары қозғалмайтын және жамбас сүйегі зақымдалған науқастар осы күрделі отаның нәтижесінде қайтадан бұрынғы қалыптарына оралды. 

– Зақымдалған буынды жасанды имплантқа ауыстыру бойынша кешенді операцияның құны 1,5 млн теңгеден асады. Жасанды буын ұзақ жылдарға жарайды және қарапайым буыннан еш айырмашылығы болмайды. Біздің ауруханада қолданылатын эндопротездер АҚШ-та жасалған сапалы медициналық өнімдер боп саналады. Буындарды ауыстыру операциялары, ең алдымен, ауырсынуды жеңілдету үшін керек. Екіншіден, пациенттер оңалту кезеңінен өткеннен кейін екі немесе алты айдан соң көмекші құралдар – балдақтарды пайдаланбай, бұрынғыдай жүріп-тұра алады,– деді №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Б.Позилов.

Маманның айтуынша, клиникада ішкі органдарды алмастыру отасы жақсы жолға қойылған. Тіпті бұл көрсеткіш бойынша аурухана тек Шымкент емес, республика көлеміндегі ең алдыңғы медициналық мекемелердің қатарына кіреді. Статистикаға көз жүгіртсек, бүгінге дейін мұнда бүйрек трансплантациясы бойынша 237 операция орындалса, 32 бауыр алмастырылған. 

– Ауруханада барлық стандарттарға сәйкес келетін кең қабылдау бөлмесі бар. Мұнда науқасты ешқайда апарудың қажеті жоқ. Себебі клиникада қажеттіліктің барлығы түгел қарастырылған. Атап айтқанда мекемеде реанимация залдары, жедел операциялық бөлме, эндоскопиялық қызмет, ультрадыбыстық аппараттар, жедел зертхана, рентген, МРТ, КТ аппараттына түсіретін бөлмелер бар. Сонымен бірге палаталар да санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің нормативтік талаптарына сай жабдықталған. Әрі біздің клиникада нейрохирургиялық, қан-тамыр хирургиясы, ортопедиялық, трансплантологиялық бейіндегі оншақты жоғары технологиялық медициналық көмек түрлері көрсетіледі. 2025 жылдың 6 айында 24 науқас осындай жоғары технологиялық медициналық көмектің түрін алды. Тағы жыл соңына дейін 38 науқасқа медицинаның ең дамыған тәсілдері бойынша емдік шарасын жүргіземіз деп отырмыз. Клиникалық аурухананың материалдық-техникалық тұрғыдан жаңартылып, жаңаша емдеу әдістерінің тәжірибеге енуіне және мамандардың кәсіби тұрғыдан біліктіліктерінің жоғарылауына бірінші кезекте қалалық әкімдік мүдделі. Себебі №1 клиникалық аурухана мегаполистің көп жылдық тарихы бар, өзіндік дәстүрі қалыптасқан бетке ұстар медициналық ұйымдарының бірі. Сол үшін де жергілікті атқарушы билік тарапынан клиниканың дамуына әрқашан жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп келеді. Оны аурухананың бүгінгі жетістігіне қарап-ақ бағалауға болады. Ең бастысы мекеме бір орында тұрған жоқ. Жылда алға қарай қадам жасап, медицинаны өркендету бағытында үлкен істер тындыруға ұмтылып келеді. Заманауи озық технологияларды енгізудің нәтижесінде ауруларды емдеу анағұрлым жеңілдей түсті. Бұл ең алдымен науқастардың жағдайын ойлау үшін жасалған тірлік деп ұғынған жөн. Бүгінде әлем көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Соның ішінде медицина ілімі де бар. Небір соңғы кездері ашылған цифрлық технологиядағы жаңалықтар медицина саласында да кеңінен қолданыла бастады. Осының бәрін уақыт көшінен қалмай игеру мегаполис дәрігерлерінің бүгінгі басты міндеті деп білемін, – деді Бақытжан Жолдасбекұлы. 

Шымкент қаласының әкімдігі медициналық туризмді дамытуға білек сыбана кірісіп жатыр. Бұл жерде мегаполисті жоғары технологиялық мамандандырылған медициналық қызмет ұсына алатын қалаға айналдыру мақсаты тұр. Ол жоспар енді-енді орындала бастады. «Қазірдің өзінде жүзден астам шетел азаматы жыл сайын Шымкентке ем іздеп келеді» дейді бас дәрігер. Оның айтуынша, бұл күнде №1 қалалық ауруханада Қытай, Өзбекстан, Ресейден келген науқастарға күрделі ота жасалып, емдеу-диагностикалық тексерулер жүргізіледі. Клиниканың қызметін пайдаланушы пациенттердің ішінде республиканың әр өңірінен келетін азаматтар да көп. Статистикаға сүйенсек клиника еліміздің түкпір-түкпірінен келген бес жүзден астам науқасқа медициналық көмек ұсыныпты. 

Сондай-ақ шекара асып Шымкентке ем іздеп келгендердің басым бөлігіне №2 қалалық ауруханада күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалды. Науқастар Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Швейцария секілді елдердің азаматтары. Айтқандай Ресейден де осы клиникада емделу үшін көп науқас кеп жатады. Аурухананың білікті медицина мамандары мұндағы операциялар ерекше күрделі санатқа жататынын және тәжірибелі дәрігерлердің жоғары кәсібилігі мен шеберлігінің арқасында барлық ота сәтті жасалатынын айтады.

Сонымен бірге медициналық туризмді дамытуға Шымкент қаласындағы диагностикалық орталық та үлес қосып жатыр. Бұл мекеме халыққа амбулаториялық-емханалық деңгейде де қызмет көрсете алады. Жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қызметкерлерінің көпшілігі тәжірибелі әрі жоғары білікті кәсіби мамандар. Диагностикалық орталық жаңа тексеру аппараттарын іске қосу арқылы мамандандырылған медициналық қызмет саласын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Сондай-ақ онда халықаралық зертханалық ИСО СТ РК 15-189 стандарты енгізілген. Орталықтың диагностикалық тексеруінен Орталық Азия, Еуропа, Ресей, АҚШ елдерінің де азаматтары өтіп тұрады. Былтырғы статистиканы қосқанда бүгінге дейін жүзге жуық шетелдік науқасқа медициналық ұйым консультативтік-диагностикалық, оның ішінде зертханалық, радиологиялық, эндоскопиялық қызметтер көрсеткен. Аталған мекеменің бас дәрігері Шолпан Мырзахметованың айтуынша, консультативтік-диагностикалық қызметтерге жүгінетін шетелдік азаматтардың саны жыл сайын 10-15 адамға артып келетін ұқсайды. «Диагностикалық орталық медициналық қызмет көрсетуде заманауи жоғары технологиялық МРТ, КТ, видеоэндоскопиялық және премиум класты ультрадыбыстық аппараттар секілді медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген» дейді бас дәрігер.

Мұнан өзге мегаполисте орналасқан айтулы клиниканың бірі – «Шымкент жүрек орталығы» шетелдік серіктестерімен бірге ынтымақтастық келісімшарт жасасып, медициналық туризм саласында белсенді қызмет атқарып келеді. Бұл емдеу мекемесі де АҚШ, Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан елдерінің жүрек-қан тамыры ауруына ұшыраған азаматтарына жоғары технологиялық оталар жасады. Қарапайым ғана жүрек емдеуден бастаған орталық бұл күнде шетелде жасалатын күрделі оталарды сәтті меңгерген. Сонымен бірге биыл орталықта жаңа қызмет іске қосылды. Ол зерттеу орталығы деп аталады. Онда мамандар мен медицина сарапшылары жүрек ауруының алдын алу бойынша мәселелерді зерттеп талқылайды. Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде жүрек аурулары жасарып барады. Оның бірден бір себебі саламатты өмір салтын сақтамау дейді олар. Сондай-ақ қимыл-қозғалыстың аз болуы да жүрек ауруына әкеп соғатын фактордың бірі. Бүгінгі таңда адамдар көлікпен жүреді, үйге келген соң телефон шұқылап ешқандай жұмыс істемейді. Осының бәрі физикалық қимылдың жеткіліксіздігіне ал ол өз кезегінде жүрек қызметінің әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан адамдар жайлы өмірдің болғанына қарамастан көп қимылдауға, спортпен шұғылданып таза ауада демалып жаяу көп жүруге кеңес береді. Сонымен бірге күнделікті жейтін тамақ та жүрек қызметіне әсер етеді дейді мамандар. Осы күнде адамдар жылдам тамақтануға әуес. Әсіресе жастар фастфудты көп жейді. Мұның бәрі семіздікке, жүрекке қосымша күш салуға әкеп соқтырады. Орталық осы аталған мәселелер бойынша тыңғылықты зерттеу жұымстарын жүргізеді. 

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, осы күнде мегаполисте сақтандырылмаған азаматтардың үлесін төмендету бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Соның аясында медицина саласына жауапты қызметкерлер азаматтарға өз мәртебесін тексеру, жарналарын уақтылы төлеу бойынша кеңестер берумен шұғылданып жүр. Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, Шымкент қаласының тұрғындарын медициналық ұйымдарда тіркеу және қызмет алу рәсімдерін жеңілдету үшін қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылу үстінде.

Ә.БАЛТАБАЙ