Тазалық – болашаққа инвестиция
Шымкент қаласы жыл сайын өткізілетін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық тазалық шарасын ұйымдастырды. Бұл іс-шара тек қаланың көркеюін қамтамасыз ететін дәстүрлі бастама ғана емес, сонымен қатар азаматтардың табиғатқа деген қарым-қатынасы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік шара.

Қала тұрғындары, жастар ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік қызметкерлер бірігіп, ортақ іске өз үлестерін қоса отырып, таза қала – сапалы өмір қағидасын ілгерілетуде.
Ағымдағы сенбілік қаланың барлық аудандарында – Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аумақтарында өткізілді. Бұл жолғы шаралар «Таза бейсенбі» акциясы аясында ұйымдастырылып, оған мыңдаған тұрғындар белсенділік танытты. Қалалық коммуналдық қызмет өкілдері, партия мүшелері, ардагерлер мен жастар барлығы бірігіп, көшелерді, аулаларды, демалыс орындарын және қоғамдық аймақтарды ретке келтірді.
Әл-Фараби – сенбілік өткізу дәстүрі қалыптасқан аудандардың бірі. Мұнда тазалық жұмыстары апта сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Кезекті шара Сәуле шағын ауданында өтті. Аудандағы тұрғындар мен коммуналдық қызмет қызметкерлері көпқабатты үйлер мен жеке сектор аумақтарындағы қоқыстарды жинап, көшелерді ретке келтірді, арықтарды тазалап, ағаштарға санитарлық күтім жасады.
– Жыл басынан бері аудан аумағында елуге жуық сенбілік өткізілді. Тұрғындар тарапынан қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Біз қыс мезгілінде қар тазалау, көктем мен күзде тал егу, қоқыс шығару жұмыстарын үзбей жүргіземіз. Сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында үгіт-насихат шараларын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Мұндай әрекеттер қала тазалығына ғана емес, азаматтардың ортақ жауапкершілігін қалыптастыруға да септігін тигізеді, – деді сенбіліктің маңыздылығын сөз еткен Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Берік Жанаев.
Әл-Фараби ауданында осы сенбілікте 400-ге жуық ағаш отырғызылды. Аталған жұмыстар тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары негізінде жүзеге асырылуда. Тұрғындардың белсенділігі – экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы басты факторлардың бірі.
Еңбекші ауданындағы сенбілік Жібек Жолы көшесіндегі №54 көпқабатты үй ауласында өтті. Мұнда акцияға «Аmanat» партиясының Шымкент қалалық филиалы өкілдері де қатысып, тұрғындармен бірге аула мен көшені тазалап, қураған шөптер мен бұтақтарды шауып, ағаштардың түбін әктеді.
– Күнделікті өмірде тазалық сақтау тек сыртқы көріністің мәселесі емес, әрбір азаматтың туған жерге деген жанашырлығының нақты көрінісі. Әр адам өз ауласын, өз көшесін, тұрмыстық аймағын таза ұстағанда ғана бүкіл қала көркейіп, өмір сапасы артады. Көркем, таза орта бұл әрбір тұрғынның жауапкершілігімен тікелей байланысты. Біз өмір сүріп жатқан орта біздің бейнеміз, және оны сақтау, ретке келтіру әрқайсымыздың міндетіміз. Бұл акция азаматтардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Акцияның мақсаты – тұрғындарға өз ауласын таза ұстаудың маңыздылығын түсіндіру, әрбір азаматтың іс-әрекеті қала көркіне қалай әсер ететінін көрсету. Біз жастарға, орта жастағы азаматтарға, тіпті ардагерлерге де ортақ құндылықты көрсеткіміз келеді. Әр адамның әрекеті маңызды, әрбір үлес қаланың дамуына септігін тигізеді. Менің ойымша, әрбір тұрғын осы акцияның мәнін түсініп, оны өз өмірінде тұрақты түрде қолдануы керек. Өйткені тазалық тек қоқысты жинау немесе көшені сыпыру емес. Бұл мәдениет, тәртіп, ұқыптылық, сондай-ақ туған жерге деген махаббат пен құрметтің айнасы. Қала тазалығы әр адамның санасынан басталады, әр адамның жүрегінен өтуі тиіс. Сонымен қатар, «Таза бейсенбі» акциясы тұрғындар арасында қоғамдық жауапкершілікті арттырып, өзара ынтымақ пен бірлікті нығайтады. Бірлескен жұмыс арқылы адамдар бір-біріне көмектесуді, ортақ мүдде үшін әрекет етуді үйренеді. Көшеде тазалық сақтау, ауланы ретке келтіру немесе қоқысты дұрыс жерге тастау тек сыртқы әрекет емес, ол азаматтық мәдениет пен жауапкершіліктің көрінісі. Осы акция арқылы біз қала тұрғындарын үнемі қоршаған ортасына мән беруге шақырамыз. Өйткені әрбір таза аула, әрбір жинақы көше біздің ортақ болашағымызға жасалған инвестиция. Қала көркі тек мемлекеттік бағдарламалармен немесе коммуналдық қызметпен ғана емес, әрбір азаматтың ұқыптылығы мен жанашырлығымен қалыптасады. Сондықтан мен әрбір тұрғыннан өз ауласын, өз көшесін, қоғамдық орындарды таза ұстауды сұраймын. Тазалық әрқайсымыздың жеке жауапкершілігіміз, және осы арқылы ғана біз өз қаламызды көркейтіп, жастарға үлгі көрсетеміз. «Таза бейсенбі» акциясы қоғамдағы әрбір адамның бойында тазалыққа деген көзқарасты қалыптастыратын, мәдениетті, жауапкершілікті тәрбиелейтін маңызды бастама, – деді Еңбекші ауданы әкімі аппаратының өкілі Жақсылық Атаев.
Тұран ауданы жаңа және қарқынды дамып келе жатқан аймақ ретінде ерекшеленеді. Мұнда өткен сенбілікте аудан жастары мен ардагерлер ерекше белсенділік танытып, тұрғындармен бірге аумақты тазалады.
– Мұндай шаралардың басты мақсаты – аумақты тек тазалау емес, тұрғындарды табиғатқа ұқыпты қарауға шақыру. Біз жастардың үлкендерден үлгі алып, тазалыққа мән беруін қалаймыз. Қала тазалығы бәріміздің ортақ борышымыз. Тазалық әркімнің өз ауласынан басталуы керек. Ауласына ұқыпты, таза қарайтын адамның көшесі де таза болса керек. Сондықтан тазалықты үйдегі тәрбиеден, үйден бастайық. Балаларды да осыған үйретейік, – деді шара мақсатын түсіндірген Тұран ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Дариха Раманова.
Иә, сенбілік барысында жапырақтар жиналып, арықтар мен ирригациялық жүйелер тазартылды, ағаштар мен бұталарға санитарлық күтім жасалды. Сонымен қатар, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Әділбекұлы жастармен бірге қолына күрек пен сыпырғыш алып, белсенділік танытты. Оның айтуынша, қала тазалығы ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен ортақ жауапкершілікті нығайтудың көрінісі.
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдері де акцияға белсене қатысып, өз үлестерін қосты. Жастар Әл-Фараби ауданы аумағында «TazaShym» акциясы аясында тұрмыстық қалдықтарды жинап, экологиялық жауапкершілікті насихаттады.
Қаладағы білім беру ұйымдарында да экологиялық тәрбиеге бағытталған іс-шаралар өткізілді. Барлық мектептерде сынып сағаттары мен арнайы дәрістер ұйымдастырылып, оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа ұқыпты қарау және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, арнайы орындарға тастау қажеттілігі түсіндірілді. Мысалы, №59 жалпы орта мектепте «Таза қала» тақырыбында ашық сабақтар өткізілді. Оқушылар экология мәселелеріне арналған түрлі іс-шараларға қатысып, табиғатты аялаудың маңыздылығын, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың қажеттілігін терең түсінді.
Мұндай шаралар «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының ұзақ мерзімді міндеттерімен сәйкес келеді. Бұл тек экологиялық акция емес, азаматтардың санасын өзгертуге, табиғатқа деген құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр. Қаладағы сенбіліктердің нәтижесінде тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасы өзгеріп, экологиялық мәдениет қалыптаса бастады. Бірлескен тазалық жұмыстары қоғамда өзара ынтымақты арттырып, азаматтардың ортақ жауапкершілігін нығайтуда. Жастар мен ардагерлердің қатысуы бұл тәжірибенің сабақтастық пен дәстүрді сақтаудың бір көрінісі.
Қала әкімдігі тұрғындарды өз аулаларын таза ұстауға, қоғамдық орындарда тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырады. Әр адамның өз ауласын, өз көшесін таза ұстауы қаланың көркеюіне қосқан үлес. Бұл әрекет тек сыртқы келбетке ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің деңгейін арттыруға, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге бағытталған.
Қаладағы экологиялық шаралардың әлеуметтік мәні де зор. Олар тұрғындардың бір-бірімен өзара байланысын күшейтіп, қоғамдық ұйымдардың жұмысына қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, жастарды қоғамдық іс-шараларға тарту арқылы олардың белсенді азамат ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ардагерлер мен жастардың бірлескен қатысуы қоғамдағы әртүрлі ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтудың көрінісі.
Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында тұрақты түрде өткізілетін сенбіліктердің саны жыл сайын артып келеді. Жыл басынан бері әр ауданда бірнеше сенбілік өткізілген, оған мыңдаған тұрғындар қатысқан. Қыс мезгілінде қар тазалау, көктем мен күзде тал егу, қоқыс шығару сияқты жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл шаралар тұрғындардың табиғатқа жауапкершілікті сезінуіне, өз қоршаған ортасын қорғауға үйренуіне мүмкіндік береді.
Экологиялық тәрбие болашақ ұрпақ үшін аса маңызды фактор. Шымкенттің білім беру мекемелерінде өткізілген дәрістер мен ашық сабақтар оқушыларды табиғатты қорғауға үйретіп қана қоймай, олардың бойына қалалық мәдениетті, жауапкершілікті және өзін-өзі бақылау қабілетін қалыптастырады. Оқушылар тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау, ағаштарды күтіп баптау, табиғатқа зиян келтірмеу сияқты дағдыларды меңгереді.
Қаладағы әрбір сенбілік қоғамдық бірлікті байқатады. Адамдар өз күшін біріктіріп, ортақ мақсатқа жетуге тырысады. Бұл акция тек экологиялық таза қала қалыптастырумен шектелмей, тұрғындардың бойында әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық мәдениет сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Ағымдағы сенбіліктің ерекшелігі барлық аудандардың қамтылуы және жастардың белсенділігі. Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау, Тұран аудандарының тұрғындары бір уақытта өз ауласын, көшесін, қоғамдық аймақты ретке келтірді. Бұл әрекет тұрғындардың табиғатты қорғауға деген ынтасын арттырып, оларды қоғамдық іс-шараларға қатысуға шабыттандырады.
Қорытындылай келе айтпағымыз, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тек қоқыс жинау немесе көшені тазалау емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастар мен ардагерлер арасындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталған кешенді бастама болды. Шымкент тұрғындары мен мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігері қаланың көркеюіне, тұрғындардың өмір сапасының артуына, табиғатқа деген жауапкершіліктің қалыптасуына үлкен үлес қосуда.
Қаладағы келесі сенбіліктерде де тұрғындардың белсенділігі артып, «таза орта – сапалы өмір» қағидасы тұрақты түрде жүзеге асырылатынына сенім мол. Барлық аудандарда өткізілген ауқымды тазалық шаралары Шымкент қаласын экологиялық тұрғыдан таза, тұрғындары белсенді әрі жауапты мегаполиске айналдырудағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Шымкент қаласының әрбір тұрғыны өз аулаларын, көшелерін, қоғамдық орындарды таза ұстау арқылы қала көркеюіне өз үлесін қосып қана қоймай, жас ұрпаққа табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті үйретеді. Міне, «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты мен мәні де осы болса керек.
Аида ӨТЕП
