650 мыңның затын ұрлап, 15 мыңға сатып ұсталды
Сайрам аудандық Полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, Ақсукент ауылында орналасқан жылыжайынан белгісіз тұлға 32 жарым мың теңге тұратын темір трубаларын, құны 10 мың теңге тұратын бұрамалы су жапқышын, 100 мың теңге тұратын электр қуат бергішін, 50 мың теңге тұратын ауа реттегішін және 450 мың теңге тұратын темір бөшкелерін жымқырып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабымен тіркелді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 650 мыңға жуық теңгені құрады.
Аудандық полицейлер орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, шұғыл әрекет етті. Куәгерлерден жауап алып, темір сатып алатын орындарды мұқият тексеріп шықты. Нәтижесінде күдіктінің ізіне түсіп, оның жеке-басын анықтады. Осылайша полицейлер қырағылық танытып, қылмыстың ізін суытпай, күдіктіні ұстады. Ол жергілікті тұрғын, жас жігіт болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті темір-терсектерді ұрлаған соң, оны 15 мың теңгеге темір қабылдайтын жерге сатып кеткен. Бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тргеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өздеріңіздің бағалы мүліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Мүмкіндігінше үйлеріңізге, аулаларыңызға, өздеріңізге тиесілі ғимараттарыңызға бейнебақылау камераларын орнатып, аулаларыңызды жарықтандырыңыздар.