Жандар НЫШАНОВ: Індетпен күресте дәрігерлер қауымы ел сенімін ақтайтынына сенемін

Screenshot_5.jpg

«Бас ауырып, балтыр сыздаса» ең алдымен көмекке келетін дәрігер деген жанашыр қауым бар. Жаныңа шипа дарытып, тіпті ажал құрсауынан арашалап алатын да солар. Осындай ақ халатты абзал жанның бірегейі, күллі саналы ғұмырын дәрігерлікке арнаған Оңтүстік  өңірінде халықтың сеніміне ие болған белгілі азамат  - Жандар Нышанов. 

      Ленгер қалалық ауруханасын абыроймен атқарып келе жатқан   дәрігер Алланың берген күш-қуатымен  биыл асқаралы алпыс жасқа толып отыр. 

      Адамзат өмірінде соншалықты маңызға ие дәрігерлер, адам жанының арашасы қызметіне улкен дайындықпенен арнайы біліммен, антпен қадам басады.Одан әрі оның үлгілі, сапалы қызмет ету оның сана сезімі мен ар-ұятына, білігіне қатысты болады.

      1960 жылдың 28 қарашасында Төлеби ауданы, Қасқасу елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге  келген дәрігер  1983 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының балалар дәрігері факультетін бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Ленгер қалалық ауруханасының балалар бөлімшесінде дәрігер болып бастады. Өз ісіне тиянақты дәрігер кейіннен Төлеби аудандық орталық емханасында бас дәрігердің орынбасары, емхана меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. Қашанда білімге, жаңашылдыққа құмар жан дәрігер инфекционист ретінде де науқастардың еміне шипа беріп жүрді. Ленгер қалалық ауруханасының  дамуына талай жылдан бері еңбегін сіңірген Ж.Нышанов бұл мекемені 2007 жылдан бері басқарып келеді. 

Халықаралық «Үздік адамдар» энциклопедиясының қатысушысы атанған дәрігер әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Ізденімпаздығының арқасында 1989 жылы Павлодар қаласында педиатрия мамандығы бойынша біліктілігін жоғарылату курсында, 1992 жылы Алматы қаласында отбасылық дәрігер, 1994-2000 жылы жұқпалы аурулар, 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жұқпалы аурулар, 2007 жылы Алматы қаласында дәрігерлік көмек, басқару және ұйымдастыру мамандығы бойынша біліктілігін жетілдірген. «Әлеуметті тазалық және денсаулық сақтауды ұйымдастыру» бойынша I санатты дәрігер. 2017 жылы ол  Оңтүстік Корея елінде «Медициналық ақпараттық жүйелер. Инсульт кезіндегі медициналық көмек менеджменті» циклы бойынша біліктілігін арттырып қайтады. 

      Еңбегін халықпен бірге Үкіметте бағалап 2016 жылы  «Ерен еңбегі үшін медалімен» марапатталады. Сонымен қатар  бірнеше рет аудандық денсаулық сақтау және аурухана әкімшілігінің Құрмет грамоталарымен, аудан әкімінің «Алғыс хатымен», Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың Грамотасымен, Төлеби аудандық «Нұр Отан» ХДП филиалы төрағасының 2 рет «Алғыс хатымен» марапатталған.

Оқыған, тоқығанын жұмыс тәжірибесінде шыңдай білетін маман Ленгер қалалық ауруханасын жаңа белестерге көтерді десек артық айтқандық емес. 

Screenshot_6.jpg

Емдеу мекемесі  2015 жылы жаңа ғимаратқа көшкен болатын.  Аурухана 205 төсекке арналған. Осы жылы емханаға оттегі автоматтарының орнатылуы  облыс үшін ғана емес еліміздің медицина саласы  үшін де  үлкен жаңалық болды. Республикада кездесе бермейтін бұл құрылғы бүкіл ауруханаға оттегіні қажетінше жіберіп отырады. Кислородтың автоматты түрде берілуі науқастардың емделу процесіне оңтайлы әсер етеді. Ал ауыр халде келіп түскен науқастарға мұрыны арқылы беріледі. Барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады. Тек мониторды қадағалап отыруды қажет етеді. Бұл тек науқастарға ғана емес, сондай-ақ операция кезінде жұмыс жасауға өте ыңғайлы.

    Заманауи талаптарға сай жабдықталған аурухана бүгінде келушілерге триаж жүйесі бойынша қызмет көрсетіп келеді.  Мұнда қазір 309 медицина мамандары қызмет атқарады. Оның ішінде 42 білікті дәрігер, 134 орта буынды медицина  қызметкерлері, 88 шаруашылық және 47 әкімшілік маман бар.  Аурухана құрамына қабылдау бөлімі, хирургия, терапия, гинекология, жансақтау, перзентхана, балалар,  жұқпалы аурулар және күндізгі стационар бөлімдері кіреді.  Сонымен қатар лаборатория, ренгтен, физиотерапия, залалсыздандыру, клиникалық трансфузиологиялық бөлімдері қызмет атқарады.  

   Жандар Садықбекұлы басқаратын аурухана ұжымы пандемия кезінде сақтары сынбай, науқастарға күні-түні қызмет көрсетті. Ауру белең алған кезеңде жұқпалы аурулар бөлімінен ашылған 40 төсектік  инфекциялық стационарда  250 індетке шалдыққандар көмек алған. Сондай-ақ алғашқы толқында мұнда 20 төсек орынға арналған провизорлық госпиталь жұмыс істеп, онда тіпті дәрігерлер 4 жүкті әйелді босандырып алғаны үлкен ерлікпен пара-пар деуге болады. 

     Іңгалаған сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейін ауыр сырқатпен алдына келгенде дертіне шипа тапқан дәрігер Жандар Садықбекұлы кез-келген тығырықтан жол таба  білетін іскер басшы.   Қазір аурухананың бүкіл адамзатты үрейге бой алдырған коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындығы жоғары деңгейде. Тамыз айының 29-ы күні госпитальдан соңғы науқасын үйіне шығарып салған ұжым  дерт қайта қозған жағдайда онымен күресуге дайынбыз дейді. 

Қазіргі уақытта Ленгер қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде 30 төсек орын дайындалып, медициналық оттегімен қамтамасыз ететін консольдермен 100% қамтылған.  Қайырымдылық қорларынан 18 және Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан 9 оттегі концентраторы, 25 дана пульсоксиметр, 3 дана оттегі терапиясы аппараты және интенсивті терапияға арналған өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілген. Қазіргі уақытта 40 оттегі концентраторы, 17 өкпені жасанды желдету аппараты, 51 пульсоксиметр бар.  Медицина қызметкерлері жеке қорғаныш заттарымен толық қамтамасыз етілген. Аурухананың қабылдау және жансақтау бөлімдері таза және лас аймақтарға бөлініп, медицина қызметкерлеріне лас аймақтан шыққан соң демалуға жағдай жасалған. Емдеу мекемесінің қоймасында дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар.

Screenshot_4.jpg

«Әр адамның денсаулығы өз қолында. Сондықтан сақтық талаптарын қатаң орындап, өз денсаулықтарыңызға мұқият болуға, барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын»,- деген бас дәрігер ақ халатты абзал жандардың бұл індетті де еңсеретініне сенім білдірді. «Біздің медицина қызметкерлеріміз үнемі реттілік пен тазалық жұмыстарына  жіті назар аударып, алдын алу шараларына ерекше мән беруде. Ауруханада емделушілерге ем жасаумен қатар оларға қатаң бақылау орнатып, тәртіп пен реттілікті, тазалықты сақтауға жіті мән беруін үнемі еске салып отырамыз. Мұндай төтенше жағдайда ауруханадағы дәірігерлер мен орта буынды мамандарға тіпті тазалықшыларға жүктелер міндет, жауапкершілік еселене түсетіні белгілі. Бүгінге дейін ауруханадағы қызметкерлер сенім үдесінен шығып келеді. Алдағы уақытта да солай болатыны сөзсіз. 

     Жауапкершіліктің жүгі қашанда жеңіл болып көрмеген. Халқымыздың денсаулығын сақтау, қауіпті жұқпалы індетті болдырмау, ел арасында қалыпты жағдай орнатып, баршамыздың алаңсыз өмір сүруіміз жолындағы күресте барша дәрігерлер қауымы ел сенімі мен үмітін ақтай беретініне кәміл сенемін»,- дейді ол. 

        Ендеше, біз де биыл мерейлі  60 жасқа толып отырған білікті дәрігер  Жандар Садықбекұлын шын жүректен құттықтап, отбасына бақыт, ал ұжымға табысты еңбек пен денсаулық тілейміз!   

А.НҰР