Қызылшаға қарсы екпе алу маңызды!
Қызылша - ауа-тамшы жолымен жұғатын жіті вирустық инфекция. Қызылшаны Morbillivirus тобына жататын вирус қоздырады. Ол сыртқы ортаға төзімсіз, дезинфекциялаушы заттармен тез жойылады, бірақ ауа арқылы өте жылдам тарайды.
Қызылша ауруы адам түшкіргенде, жөтелгенде, сөйлегенде немесе ластанған беттермен жанасқанда тарайды.
Қызылшаның белгілері кезең-кезеңімен дамиды.
1. Жасырын кезең (7-21 күн). Сырттай ешқандай белгі байқалмайды, бірақ вирус ағзада тарала бастайды.
2. Бастапқы кезең (катаральды кезең) (3–5 күн). Тұмауға ұқсас симптомдар байқалады:
•Дене қызуы 38–40°C-қа дейін көтеріледі;
•Қатты жөтел;
•Мұрыннан су ағу;
•Көздің қызаруы, жас ағу (конъюнктивит);
•Жарыққа сезімталдық;
•Ауыз қуысының шырышты қабатында Коплик дақтары (ақшыл нүктелер) пайда болуы - қызылшаға тән ерекше белгі.
3. Бөртпе шығу кезеңі (3-4 күн). Бөртпе бірізді түрде шығады:
* 1-күн: бет, құлақ арты, мойын;
* 2-күн: дене, арқасы;
* 3-күн: қол-аяқтары.
Бөртпенің түсі ашық қызыл, кейін қоюланады. Бөртпе шыққанда қызу тағы көтерілуі мүмкін.
4. Жазылу кезеңі. Бөртпе біртіндеп жоғалады, теріде қабыршақ пен пигментация қалады. Науқастың жағдайы біртіндеп жақсарады.
Қызылша асқынулары өте ауыр болуы мүмкін:
•Пневмония (өкпенің қабынуы)
•Ортаңғы құлақ қабынуы
•Ларингит (көмей ісінуі, тыныс алуды қиындатады)
•Диарея, сусыздану
Ең қауіптісі:
•Энцефалит (ми қабынуы)
•Субакутты склерозды панэнцефалит (ССПЭ) – бірнеше жылдан кейін дамитын, өлімге әкелетін сирек асқыну.
Асқынулар көбіне егу алмаған балалар мен иммунитеті әлсіз адамдарда кездеседі.
Қызылша – әлем бойынша эпидемиялық өршуге жиі себеп болатын инфекция.
Ерекше маңыздылығы:
•Өте жұқпалы, бір науқас 12–18 адамға дейін жұқтыруы мүмкін.
•Топ болып шоғырланған жерлерде (балабақша, мектеп, базар, оқу орындары) тез таралады.
•Екпе деңгейі төмен аймақтарда тез өршиді.
•Иммундық жүйені уақытша әлсіретіп, басқа инфекцияларға бейім етеді.
•Балалар арасындағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі.
Сондықтан қызылша – ДДСҰ бақылауындағы аса қауіпті вирустық аурулар тізімінде.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы – вакцинация.
Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастырады.
Қызылшамен ауырған адамның иммунитеті өмірінің соңына дейін болады және егілмейді.
ҚР ұлттық егу күнтізбесіне сай ең алғашқы вакцинация дені сау кезінде балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер эпидемиологиялық көрсетіліммен:
- науқаспен байланыста болған қызылшаға қарсы егілмеген немесе егуі туралы мәліметі жоқ, осы аурумен ауырмаған 30 жасқа дейінгі адамдарға;
- 55 жасқа дейінгі медициналық жұмыскерлерге және өз қалауымен 30 жастан асқан адамдарға салынады.
Жеке сақтық шаралары: ауру белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу, жеке бас гигиенасы сақтау, бөлмені жиі желдету, иммунитетті күшейту.
Т.СЕРМАҢИЗОВ,
Шымкент қаласының СЭБД басшысы
