Ешбір вакцина ауру тудырмайды!
Қазақстан Республикасында Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесі аясында қолданылатын барлық вакциналар көпсатылы халықаралық және ұлттық сараптамадан өтеді, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) талаптарына және ұлттық заңнамаға сәйкес тіркеуден өтіп, қолдануға рұқсат алады. Вакциналарды сатып алу «арзандық» қағидаты бойынша емес, сапа, қауіпсіздік және тиімділік көрсеткіштеріне ғана негізделе отырып жүзеге асырылады.
Сатып алу барысында мынадай талаптар – ДДҰ-ның квалификация алды өтуі немесе қатаң реттеуші бақылауы бар елдерде тіркелуі, клиникалық зерттеулердің нәтижелері, өндірістік тиісті практика (GMP) халықаралық стандарттарына сәйкестігі, тіркеуден кейінгі қауіпсіздік мониторингінің деректері ескеріледі.
Вакциналар «балаларда ауру туындатады» деген мәлімдемелердің ешқандай ғылыми дәлелі жоқ және көпжылдық халықаралық бақылау деректеріне қайшы келеді. Керісінше, вакцинация қауіпті жұқпалы аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді едәуір төмендетуге, мыңдаған ауыр асқынулар мен өлім жағдайларының алдын алуға мүмкіндік берді.
Соңғы 34 жылда Ұлттық иммундау саясатының арқасында эпидемиялық паротитпен сырқаттану деңгейі 100 еседен астамға төмендеді (1990 жылғы 12194 жағдайдан 2024 жылы 118 жағдайға дейін), вирусты А гепатиті 32 еседен аса (1990 жылғы 73 мың 962 жағдайдан 2024 жылы 2289 жағдайға дейін), ал вирусты В гепатиті 92 есеге (1990 жылғы 5287 жағдайдан 2024 жылы 57 жағдайға дейін) азайды. Вакцинацияның арқасында балалар арасында қызылшамен сырқаттану 90 пайыздан астамға, қызамық пен паротит 95 пайызға төмендеді. Полиомиелит 1996 жылдан, дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген. Бұл деректер ұлттық иммундау бағдарламасының тиімділігін айқын дәлелдейді. Министрлік медициналық білімі мен тиісті кәсіби құзыреті жоқ тұлғалардың мұндай мәлімдемелерді таратуы ата-аналардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсірететінін және балалардың денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін екенін атап көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне, дәрігерлердің ұсынымдарына және дәлелді медицина деректеріне сенуге, сондай-ақ балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.
Н.СӘРСЕНБАЕВ,
Абай аудандық СЭББ басшысының орынбасары
