Сібір жарасы
Сібір жарасының қоздырғышы – микроб, «сібір жарасының таяқшасынан» шыққан. Ол ауру малдың қанында, зақымдалған барлық мүшелер мен тіндерде және ауру малдың дәреті мен нәжісінде кездеседі. Әсіресе, қоздырғыш малдың өлім алдында бөлінетін серозды сұйықтығында көп болады. Сібір жарасының таяқшасы жайлау топырағына, ашық су қоймалырының суына түседі. Тасқын, ағынды және жер асты сулары мал зиратттарынан оны жер бетіне алып шығуы мүмкін. Ескі мал зираттарында споралардың өмір сүру бейімділігі малдарды көмгеннен кейін 30-40 жылдан кейін және одан да көп жылдардан кейін байқалады. Спора сиырдың, қойдың, жылқының, шошқаның,түйенің есектің ағзасына түсіп сібір жарасының таяқшасын түзеді. Содан кейін көбейіп,қан арқылы тарап 1-3 күннен кейін ауру тудырады. Бұл ауру жануарларда әдетте ауыр түрде өтеді және көбіне ішектің бұзылыстарымен басталады. Ішектің кебуі, қызудың көтерілуі байқалады. Зәр мен сүтте қан көрінеді. Екінші- үшінші күні мал өледі.
Түйнеменің таралуына үй жануарлары арасында қан сорғыш буын-аяқтылар да себепші болады, бұлар-шыбын, масалар. Жануарлардың терісінде қоздырғыштың ену қақпасында қолмен ұстап қарағанда ыстық, тығыз, ауырсыну байқалатын карбункул және ісік пайда болады. Карбункул айналасында ұсақ көпіршіктері қара түсті ноқат (струп) қалыптасады. Ноқаттан және көпіршіктерден құрамында түйнеменің қоздырғышы бар қан аралас сұйықтық бөлінеді. Сепсистік формасына қарағанда терілік формасы жеңіл өтеді және сауығумен аяқталуы мүмкін. Бірақ сырт көзге сау жануар кенеттен құлаған жағдайларда болған.
Адамның ауруға шалдығуы көбіне аурумен немесе өлген малмен жанасқанда, күтім жасағанда, сойғанда, терісін алғанда, көмгенде болады. Сонымен қатар ауру малдан алынған азық-түліктен жұқтыруы мүмкін. Аурудың жасырын кезеңі адамдарда бірнеше сағаттан 8 күнге дейін созылады, көбіне қоздырғыштың теріге ену қақпасында кішкентай дақ пайда болғаннан кейін 2-3 күн. Аз ғана уақыттан кейін дақ безеуге, содан кейін бұлдыр және аралас сұйықтығы бар көпіршікке айналады. Көпіршік жарылып,сұйықтық ағып кетеді,орнында қара қабықшамен – ноқатпен қапталған жара пайда болады. Осы сібір жарасының карбункулы болып табылады. Ауру жоғары температурамен, жалпы әлсіздікпен жүреді.
Қауіпті іріңдеуге қарағанда түйнемелік іріңдеу ауырсынусыз айналасындағы тері қабынбаған,ноқат қара түсті болғандықтан,халық түйнемелік карбункулды «көмірлік» деп аталған. Егер ем уақытында басталса,ауыру тез сауығады.Түйнеменің терілік түрінің басты қаупі,жалпы қанның зақымдалуы-сепсипен асқынуы мүмкін. Бұл әдетте карбункулды қасығанда, ноқатты сыдырғанда болады. Асқынуды болдырмас үшін науқас өзі емделмей, тез дәрігерге қаралуы керек.
Аурушаңдықтың клиникалық белгілері: Қоздырғыш енген тері жамылғысында 2-3күн өткен соң қызғылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады. Сол жер қышып теріні сәл күйдіргендей болып басталып,үдей түседі. Бөртпе 12-24 сағат өткеннен кейін диаметрі 2-3мм, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады.Уақыт өте келе оның ішіндегі сұйықтық қою түске боялып,қан араласады. Бөртпе қышып шыдатпаған соң ауруға шалдыққан адам оны қасып бетін жаралап тастайды. Іріңді бөртпенің орнына беті ашылған өлі етті қабыршақ пайда болады. Дәл осы қабыршақ сібір жарасының негізгі белгісі, дерттің аталуы да осы қара даққа (« anthrax»-«углевик») байланысты шыққан.
Қала тұрғындарының назарына !
Жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті аурулардың бірі- Сібір жарасы ауруы. Сібір жарасы ауруының алдын алудың басты бағыты –ауыл шаруашылық жануарларын иммунизациялау.Үйде жеке мал болса,әр малды сібір жарасы ауруына қарсы егу керек. Егер сіз жануарлардан аурудың белгілерін байқасаңыз дереу үйге ветеринар шақырыңыз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларыңызды тек арнайы мал сою бекеттерінде ветеринар маманы қарап,жануардың денсаулығы туралы ветеринарлық анықтама берген кейін сойылуы қажет екенін назарларыңызға саламыз. Мал еті ветеринардан алдын ала тексеріліп,анықтама бергеннен кейін тек ішкі сауда объектілерінде ғана сатылуы керек.
М.Шамшудинов,
Абай ауданы СЭББ жетекші маманы
