Туляремия

Туляремия - жалпы интоксикациямен, қызбамен сипатталатын және қоздырғыштың берілу механизміне қарай лимфа бездерінің, тыныс алу жолдарының, ас қорыту жолдарының, сыртқы жақ және басқа органдар мен жүйелердің зақымдалуымен сипатталатын бактериялы табиғи ошақты зоонозды жұқпалы ауру.

Инфекцияның көзі жабайы кеміргіштер, құстар, кейбір сүтқоректілер (қоян тәрізді, иттер, қойлар және т. б.), тасымалдаушылар – иксод кенелері, масалар, шыбындар және т. б. болып табылады.

Аурған адамнан ауру берілмейді. Адамға індет ауру жануарлармен және олардың бөлінген сұйықтықтарымен жанасқанда, залалданған тамақ пен суды пайдалану кезінде, дәнді дақылдарды, жем-шөпті өңдеу кезінде, зазалданған жерде шаң-тозаң жұту кезінде және маса, кене, шыбын және т.б. жәндіктер шаққанда жұғады.

Туляремияның инкубациялық кезеңі бір күннен бір айға дейін болуы мүмкін, бірақ көбінесе 3 күннен 7 күнге дейін болады. Туляремия ауруының барлық түрінде, әдетте, дене қызуының 38-40 градусқа дейін көтерілуінен, әлсіздікпен, бұлшықет ауруымен, бас ауруымен басталады.

Туляремияны жұқтырудың алдын алу  алу шаралары:

- Кәсіпорындарда, тұрғын үй-жайларда және шаруашылық құрылыстарда, бау-бақша учаскелерінде кеміргіштермен күресу (тұзақтарды, уланған қармақжемдерді пайдалану, тұрғын үй, қойма, өндірістік үй-жайлардың, саяжайлардың, жертөлелердің, гараждардың және басқа да құрылыстардың кеміргіштерге қол жетімсіздігі);

- ⁠кеміргіштер бар үй-жайларды тазалау кезінде тыныс алу органдарын қорғайтын маска немесе респиратор қолдану қажет;

-  өлі кеміргіштерді жинау кезінде қолғап пайдалану керек.

Балық аулау, табиғатта демалу кезінде масалардың, кенелердің шағуына қарсы репелленттерді қолдану қажет. 

Сондай-ақ:

- саяжай учаскелерінде ашық су қоймаларынан немесе абаттандырылмаған құдықтардан су ішуге;

- кеміргіштердің тұрақты мекендейтің жерлерінде (сабанда) демалуға;

- жабайы аңдарды аулауға және ұсақ сүтқоректілердің өлекселерін ұстауға;

- туляремияның табиғи ошағы болуы мүмкін белгісіз аумақта көлшік су айдындарында жүзуге тиым салынады.

Туляремияны профилактикалық егу арқылы алдын алуға болады. Вакцинация терінің үстіне жасалады, жеңіл өтеді және 5-6 жыл бойы осы індеттен қорғайды. Вакцинация туляремияның табиғи ошағында тұратын тұрғындар мен жұқтыру қаупі бар арнайы топ арасында жүргізіледі.

Б.Орашова,

Еңбекші ауданының СЭББ  бас маманы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Туляремия