Демалыс орындарына (жағажай) қойылатын санитариялық- эпидемиологиялық талаптар


Халықтың жаппай демалу орындары – халықтың ұйымдасқан демалысына арналған аумақтар (қалалық жағажайлар, саябақтар, демалыс базалары, спорттық базалар және олардың ашық ауадағы құрылыстары). Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2020 жылғы 30 қарашасы № ҚР ДСМ-220/2020 бұйрығына сәйкес демалыс орындары (жағажайлар) эпидемиялық мәні жоғары объектілер қатарына жатады және суға шомылу маусымы басталар алдында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс. Жаппай демалу орындарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шiлдедегi № ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының талаптарымен регламенттеледі. Көпшілік демалатын орындарды орналастыру порттардан, шлюздерден, су электр станцияларынан, сарқынды суларды ағызатын жерлерден, мал қоралары мен суаратын жерлерден және басқа да ластану көздерінен алшақтатуды ескере отырып кемінде 500 м қашықтықта, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитариялық-қорғаныш аймақтарынан тыс жерде және қоршаған ортаны ластау көздері мен шу көздеріне қатысты жел жағынан орналастырылуы қажет. Жағажайлар шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау көздерінің санитариялық қорғау аймағының бірінші белдеуі шекарасында орналастырылмайды. Саябақтарда урналар 800 шаршы метр алаңға кемінде бір урна есебінен орнатылады. Жағажайларда урналар арасындағы қашықтық 40 метр болуы керек. Қоқыс жәшіктері толған сайын тазаланып, жуу, бояу сияқты күтім жұмыстары жүргізілуі тиіс. Демалуға және шомылуға (пляж) арналған аумағы қоқыстан тазаланады. Жағажай аумағында күн сәулесі түсетін бастырмалар немесе шатырлар, жатақтар мен орындықтар, шезлонгтар орналастырылуы керек. Киініп-шешіну үшін 50 адамға арналған бір кабина есебімен жалпы немесе жеке кабиналар орнатылуы қажет. Күнделікті жағажай жабылғаннан кейін жағалауды тазалау, киініп-шешінетін орындарды, жасыл аймақтарды және дәретханаларды тазалау, дезинфекциялау жүргізіледі. Күні бойы ағымдық тазалау жүргізіледі. Жиналған қалдықтар дер кезінде шығарылуы тиіс.. Құмды жағажайларда аптасына бір рет жиналған қалдықтарды жойып және құмның беткі қабатын механикаландырылған қопсыту жүргізіледі. Қопсытқаннан кейін құм тегістеледі. Құм немесе қиыршық тас себу жыл сайын өткізілуі қажет. Жағажайларда кір жуу және жануарларды шомылдыруға тыйым салынуы қажет. Қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін қойылған контейнерлер жағажайлардан және демалушылардың көп жиналатын орындарынан (билеу алаңдары, эстрада, субұрқақтар, басты аллеялар, ойын-сауық павильондарынан) 50м ден жақын емес қашықтықта орналасуы тиіс. Сонымен қатар су айдынына шомылуға тыйым салатын арнайы ақпараттық белгілерге назар аударыңыз! Сондай-ақ су қоймаларындағы жағажайлардың тиісті санитариялық жай-күйі ең алдымен өзімізге байланысты екенін атап өту керек.

Н.Д.Ешенқұл,

Абай ауданының СЭББ бас маманы