Зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысшыларды алдын ала және мерзімдік медициналық тексерулерден өткізу


Еңбек адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Кейбір өндіріс орындарында жұмысшылар химиялық заттармен, шу мен дірілмен, шаң-тозаңмен, жоғары температурамен немесе ауыр физикалық жүктемемен жұмыс істейді. Осындай факторлар уақыт өте келе адамның денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан медициналық тексерулердің маңызы өте зор. Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулер жұмысқа орналасу немесе оқуға түсу кезінде кәсібі немесе оқуы бойынша міндеттерді орындауға жарамдылығын анықтау, сондай-ақ жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізіледі. Зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлармен (кәсіптер мен жұмыстардың тізбесі)    жұмыс  істейтін жұмысшылардың міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулерден өтуі  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Зиянды өндірістік факторлармен жұмыс істейтіндерге мерзімдік қарап-тексеру жүргізу кезінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері: -медициналық қарап-тексерудің толық қамтылуын, сапасын және уақтылы өткізілуін бақылауды жүзеге асырады; — жұмыскерлерді медициналық қарап-тексеру нәтижелерін қорытуға қатысады;

Медициналық тексерулердің мақсаты қандай? Міндетті медосмотрдың негізгі мақсаты — қызметкердің денсаулығын қорғау және жұмыс орнындағы қауіптілікті азайту. Тексеру барысында: • кәсіптік аурулардың ерте белгілері анықталады; • зиянды факторлардың ағзаға әсері бағаланады; • жұмыскердің өз міндетін атқаруға жарамдылығы нақтыланады; • қажет болған жағдайда уақытылы ем немесе сауықтыру шаралары ұсынылады. Көптеген кәсіптік ауру бастапқы кезеңде байқалмайды. Мысалы, шу әсерінен болатын есту қабілетінің төмендеуі, химиялық заттардың бауыр мен өкпеге жасырын әсері немесе вибрациядан сүйек-бұлшықет жүйесінің зақымдануы тек арнайы тексерулер арқылы анықталады.

Қандай тексерулер жүргізіледі? Зиянды жағдайда жұмыс істейтіндер үшін арнайы медициналық тексеру құрамында мыналар болуы мүмкін: • қан мен зәрдің жалпы талдауы; • өкпенің рентгенографиясы немесе флюорография; • электрокардиограмма; • ЛОР, офтальмолог, невропатолог, терапевт қабылдауы; • есту, көру, өкпе функциясын тексеру; • химиялық немесе биологиялық факторлармен жұмыс істейтіндерге қосымша зерттеулер. Тексерулердің жиілігі кәсіпорындағы қауіптілік деңгейіне байланысты жыл сайын немесе одан да жиі жүргізіледі. Қызметкердің де, жұмыс берушінің де жауапкершілігі бар Еңбек кодексіне сәйкес, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер міндетті түрде алдын ала (жұмысқа тұрған кезде) және мерзімді медициналық тексеруден өтуі тиіс. Бұл — жұмыс беруші үшін де заңды талап. Өйткені кәсіпорында жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек өндірістік процестің ғана емес, кадрлардың денсаулығы мен әл-ауқатының кепілі. Зиянды өндірісте еңбек ететін азаматтар — ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Олардың денсаулығын қорғау, кәсіптік аурулардың алдын алу және ұзақ мерзімді еңбек қабілеттілігін сақтау — қоғам алдындағы маңызды міндет. Сондықтан медициналық тексерулерді уақытылы өту — қауіпсіздік пен денсаулықтың басты кепілі.

Г.Сарсенова,

Абай ауданының СЭББ жетекші маманы