Жұмысшының еңбегі табыспен ғана өлшенбейді
Экономиканың негізгі қозғаушы күші – жұмысшылар. Қол күшін қажет ететін жобалардың барлығын жұмысшылар атқарады. Бүгінде Шымкент қаласы қарқынды түрде дамып келе жатқандықтан, еңбек адамдарына деген сұраныс көп. Әрбір жұмысшының қаланың экономика механизміне қосар үлесі зор.

Үшінші мегаполисте Бузейнап Салманова есімді тұрғын тазалық пен тәртіпті сақтауға күш салуда. Оның еңбегі көзге онша түспейді. Көп адам байқай да бермейді. Бірақ оның еңбегін айтпай кетпеуге тағы болмайды. Байқайсыз ба, таңертең ерте тұрып, жұмысқа шыққан кезде есік алды, көше бойы тап-таза болып тұрады. Түнде әлдекімдер жол жиегіне тастап кеткен қоқысты көрмейсіз. Орны жылан жалағандай мұнтаздай тап-таза болып тұрады. Бұл ешқандай сиқыр емес. Бұл Бузейнап ханым секілді азаматшалардың күнделікті жұмысы.
– Мүгедектігіме қарамастан еңбек етіп келемін. Себебі еңбек адамды сауықтырады, жанын жадыратады. Жұмысым өзіме ұнайды. Күнделікті жұмысымыз таңғы сағат сегізде басталады. Көшелерді, арықтарды тазалаймыз, сыпырмыз. Жұмыстың жаманы жоқ. Үйінде бос отырған адамдар болса осы жұмысқа кірсе болады. Жалақы тұрақты, ұжым жақсы. Өзім тазалықты қатты ұнатамын. Осы жұмысқа тұрған себебім де осы. Қырық жыл бойы осы тазалық саласында еңбек етіп келемін, – дейді аула сыпырушы.
Денсаулық жағдайына байланысты басқа жұмысқа орналаспағандықтан, Бузейнап ханым тазалық саласын таңдаған. Және бұған еш өкінбейді. Біле білген адамға тазалық – иманның жартысы. Тазалық болған жерде бақ та, береке де болады. Тазалық адамды дамуға жетелейтін күш. Бузейнеп ханым осы игі істің басы-қасында жүргенін мақтаныш тұтады. Ол күн сайын бозалаң таңда ерте тұрып, күннің ыстық-суығына қарамай жұмысына кетеді. Жұмыстан қалып қойған емес. Егер қалып қойса, көшелер тазаланбай, қоқыс жиналмай қаланың көркі де, тұрғындардың жайлылығы да бұзылады. Бірақ дәл осы қарапайым, бір қарағанда елеусіз көрінетін жұмысқа үлкен жауапкершілік, төзім және ыждағаттылық қажет. Көше сыпырушылар тек тазалық сақтаушылар ғана емес. Олар қоғамға тәртіп пен мәдениеттің үлгісін көрсетеді. Қалада таза орта қалыптасуы тұрғындардың денсаулығына, көңіл-күйіне және қала жайлылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан да олардың еңбегін бағалау – әр азаматтың парызы.
Бізге қатты әсер еткені – Бузейнап ханымның мүгедектігіне байланысты ешкімге шағымданбай жұмыс істеп жатқаны. Оның бұл әрекеті өзгелерге сабақ болады деген ойдамыз. Себебі қазір аяқ-қолы сау, денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ кейбір азаматтар масылдық психологияға әбден бейімделіп алған. Олар жұмыс істегісі келмейді, бірақ мемлекеттен көмек дәметеді. Әрине мемлекет халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуі қажет, бұл – оның құқықтық міндеті. Бірақ бұл қолдау тек уақытша қиындықты жеңуге бағытталуы тиіс. Ал жәрдемге үнемі сүйену, еңбек етуге ынтасыздық таныту қоғамдағы белсенді азаматтық позицияны әлсіретеді. Масылдық психологиясы кең тараған ортада еңбек құндылығы төмендеп, адамдардың өз күшіне деген сенімі азаяды. Және қоғамда әділетсіздік орнап, адамдардың бір-біріне деген құрметі төмендейді. Яғни біреу күн-түн демей еңбек етіп табыс тапса, енді кей пысықайлар үйде жатып таба береді. Ал бұл мүлде дұрыс емес.
– Өзгеге алақан жайып өмір сүргенді ұнатпаймын. Әр адам өзі еңбек етіп, табыс табу керек. Оған әрқайсымыздың мүмкіндігіміз бар. Әсіресе дені сау адамның қағаз жинап мемлекеттен әлеуметтік көмек алуға ұмтылатындарды түсінбеймін. Іздесеңіз айналада жұмыс көп. Кез келген адамға екі қолға бір күрек табылады. Жұмыс таңдамай істей беру керек. Себебі адал еңбек, маңдай термен келген жалақыда береке бар. Тапқан табысым отбасыма жетеді. Ешкімге шағынданған емеспіз. Жұмыс істеп жүрген әрбір адамға деген құрметім шексіз. Жұмыс адамды пісіреді, жігерін жанып, болашаққа деген сенімін, өмірге деген құштарлығын арттырады. Мен жұмыста жүргенде өзімді төрт құбылам түгел адамдай сезінемін. Сондықтан да жұмыстан қашпай, барынша еңбек еткеніміз абзал, – дейді Бузейнап ханым.
Мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев «адамды жазалаудың ең ауыр түрі – жұмыссыз қалдыру» деген. Еңбектің адамға берері көп. Ол тәртіпке үйретеді, төзімділік пен шыдамдылықты қалыптастырады, мақсатқа жету жолында талапшыл болуға итермелейді. Адам еңбек арқылы рухани да, материалдық тұрғыдан да дамиды. Еңбек ету қабілеті адамның ішкі күшін ашады, оның өмірге деген сенімін нығайтады. Жатпай-тұрмай талаптанған адам ғана биіктерді бағындыра алады. Еңбек – қоғамды алға сүйрейтін негізгі қозғалтқыш. Қай елдің болсын гүлденуі, дамуы сол елдің еңбекқор халқына тікелей байланысты. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарағанда ғана қоғамда тәртіп те, өсім де, өрлеу де болады. Еңбек еткен адамдардың арқасында қала көркейеді, ғылым дамиды, жаңа өнертабыстар шығады, халықтың тұрмысы жақсарады. Сондықтан еңбек – тек жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың өркендеуінің тірегі. Қысқаша айтқанда еңбек ету – адам өмірінің негізгі мазмұны, рухани байлыққа бастар жол. Еңбек арқылы адамның абыройы артады, өміріне мән енеді, қоғамға пайда келеді. «Еңбектің наны тәтті» деген халық даналығы да бекер айтылмаған. Еңбек еткен адам ғана шынайы нәтижеге жетіп, өмірден орнын таба алады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат», деген болатын Қазақстан халқыеа арнаған Жолдауында.
Бузейнап ханымның жастайынан жұмысқа піскен еңбеқорлығына тәнті боласың. Оның айтуынша, коммуналдық қызмет – халықтың күнделікті тұрмыс сапасын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі.
– Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты – тұрғындарға тазалық, жайлылық, әсемдік сыйлау. Қандай ауа райы болса да, біз қызметімізді тоқтатпаймыз. Себебі тазалық тұрақтылықты жақсы көреді. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс, бірақ сонымен қатар, халыққа пайда әкелетін мамандық. Қазіргі таңда коммуналдық қызмет саласына білікті мамандар қажет, сондықтан жастарды осы салаға шақырамын, – дейді Бузейнап Салманова.
Өкінішке қарай, кейде мұндай жандардың еңбегін елемей, оларды назарымыздан тыс қалдыратынымыз жасырын енмес. Бірақ бір сәтке тоқтап, олардың еңбегінің қажеттілігіне ой жүгіртсек, біз күн сайын көріп жүрген таза көшелердің артында үлкен маңдай тер, адал еңбек жатқанын түсінеміз. Көше сыпырушы – қоғамға пайдалы, қадірлі мамандық. Олардың әрбір күні – қала тыныштығы мен тазалығы үшін жасалған үлес. Сондықтан біз олардың еңбегін бағалай біліп, өз тарапымыздан да көшелерді таза ұстауға үлес қосуымыз қажет. Көше сыпырушылар – біздің қаламыздың көрінбейтін қаһармандары. Олардың адал еңбегі арқылы өміріміз жайлы, қаламыз таза, ал күніміз шуақты өтеді.
Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарына көңіл бөлінуі білікті кадрлардың даярлығын арттыруға, еңбекақыны көтеруге және еңбек жағдайын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында коммуналдық қызмет саласында жаңа технологиялар енгізіліп, жас мамандарды оқытуға ерекше назар аударылмақ.
Бузейнап ханымның айтуынша, соңғы жылдары коммуналды қызмет көрсету саласы жұмысшыларының еңбекақысын есептеу бойынша жалақы беру тәсілі көңіл көншітерлік. Қазір жалақыны істеген уақытына қарай тариф бойынша береді. Сондықтан да жалақыға ешқандай өкпе жоқ. Тазалықшы еңбегінің әділ бағалануы – қоғамның мәдени деңгейінің көрсеткіші. Жалақыны арттыру арқылы біз олардың еңбегін мойындаймыз, еңбектің қадірін көтереміз, әрі өз қаламыздың тазалығы мен салауаттылығына салынған инвестиция жасаймыз. Тұрғындар да мұндай мамандыққа деген көзқарасын өзгертіп, тазалық сақтауда жеке жауапкершілігін арттырады.
Бүгінде «Шымкент – таза қала» деген сөз тек ұран емес, күнделікті өмірде көрініс тапқан шындыққа айналып отыр. Қаланың тазалығы ең алдымен тұрғындардың мәдениетіне байланысты. Шымкентте соңғы жылдары қоғамдық орындарда тазалық сақтау мәдениеті күшейіп келеді. Көшедегі қоқыс жәшіктерінің көбеюі, саябақтар мен гүлзарлардың дұрыс сақталуы – шымкенттіктердің өз қаласына деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігінің белгісі. Қала тұрғындары ғана емес, ерте таңнан еңбекке кірісетін тазалықшылардың да үлесі зор. Шымкенттің таза қалаға айналуы – әкімдік жұмысының ғана емес, әр шымкенттіктің өз үйіндей көріп, айналаны таза ұстауға деген талпынысының жемісі. Қала тазалығын сақтау – тек міндет емес, ол – ортақ мәдениет. Егер әрбір азамат тазалықты сақтаса, табиғатты аяласа, қаланы құрметтесе, Шымкент болашақта тек Қазақстанның емес, бүкіл Орталық Азияның ең таза қалаларының біріне айналары анық.
Е.АБЫЛАЙ
