Лептоспироз ауруы жайлы не білуіміз қажет?!


Лептоспироз – Leptospira туысына жататын спираль тәрізді бактериялар тудыратын жедел инфекциялық ауру. Ол адамның бауырын, бүйрегін, жүйке жүйесін, қан тамырларын зақымдап, ауыр уланумен өтеді. Ауру адамнан жануарларға, жануарлардан адамдарға жұғатын зоонозды инфекциялардың ең кең таралған түрлерінің бірі болып саналады.
Лептоспироздың қоздырғышы – лептоспира бактериясы. Ол ұзын, жұқа, иілген пішінді, ерекше қозғалғыштыққа ие микроорганизм. Табиғатта 250-ден астам серотобы бар, алайда адамға көбінесе Leptospira interrogans түрлері қауіпті.

Инфекция көздері:
Қоздырғыш бірнеше жануар түрінің организмінде тіршілік етеді:
          •         егеуқұйрықтар мен тышқандар – негізгі тасымалдаушылар;
          •         сиыр, қой, шошқа, жылқы;
          •         иттер.
Жануарлар аурудың клиникалық белгілерін көрсетпеуі мүмкін, бірақ олардың несебінде лептоспира көп мөлшерде бөлінеді.

Жұғу жолдары
Лептоспироз адамға:
          •         ластанған суға түскен кезде;
          •         батпақ, шалшық, өзен суы арқылы;
          •         ауру жануарлардың несебі тиген топырақпен жанасқанда;
          •         тұрмыстық және шаруашылық жұмыстар кезінде;
          •         малды сою, терісін өңдеу барысында жұғуы мүмкін.
Бактерияның теріге түсуі жеткілікті. Тіпті қолда кішкентай жара немесе сызат болса, инфекция бірден енеді. Лептоспира шырышты қабықтарға (көз, ауыз) арқылы да оңай өтеді.

Инкубациялық кезең
Инкубациялық кезең әдетте 5–14 күн, кейде 2 аптаға дейін созылады. Аурудың басталуы кенеттен және жедел.

Клиникалық белгілері
Лептоспироздың ағымы әртүрлі болуы мүмкін: жеңіл түрінен бастап өлімге әкелетін өте ауыр формасына дейін. Аурудың классикалық көрінісі екі фазадан тұрады:
1. Токсикалық (безгекті) фаза
          •         температураның күрт 38–40°C-қа дейін көтерілуі;
          •         қатты бас ауруы;
          •         бұлшықеттердің ауыруы (әсіресе балтыр мен бел аймағында);
          •         қалтырау, тоңу;
          •         тершеңдік;
          •         жүрек айну, құсу.

Бұл кезеңде науқастар жиі «белім, балтырым тартылып ауырды» деп шағымданады – бұл лептоспирозға тән белгі.
2. Органдық зақымдану фазасы
Бұл кезеңде бактериялар қаннан мүшелерге өтеді және ауыр асқынулар туғызады:
Бауыр зақымдануы
          •         сарғаю (тері мен көздің ағы сарғайады);
          •         бауырдың ұлғаюы;
          •         билирубиннің жоғарылауы.
Бүйрек жеткіліксіздігі
          •         зәр азаюы немесе мүлде тоқтауы;
          •         интоксикацияның күшеюі;
          •         ісіну.
Қан тамырларының зақымдануы
          •         денеде майда қан құйылулар, бөртпе;
          •         бет пен көздің қызаруы.
Жүрек және өкпе асқынулары
          •         ентігу;
          •         жүрек ырғағының бұзылуы;
          •         өкпеге қан кету (ауыр жағдайларда).

Вейл ауруы (ауыр түрі)
Бұл лептоспироздың ең ауыр формасы. Бауырдың, бүйректің күрделі жеткіліксіздігімен, жоғары интоксикациямен және қан кетуге бейімділікпен сипатталады. Өлім көрсеткіші жоғары.
Емді диагноз қойылғанға дейін-ақ күмән болған жағдайда бастау қажет.
Лептоспироз тек ауруханада емделеді. Ерте басталған ем ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Алдын алу шаралары
Лептоспироздың алдын алу көп жағдайда адамның жеке қауіпсіздігіне байланысты.
Жеке сақтық шаралары
          •         Ластанған суға шомылмау.
          •         Батпақты, шалшықты жерлерде резеңке етік, қолғап кию.
          •         Ауыл шаруашылығы жұмыстарында қорғаныс құралдарын пайдалану.
          •         Жарақаттанған теріні суға тигізбеу.
Қоғамдық алдын алу
          •         кеміргіштермен күрес (дератизация);
          •         малдарды уақытылы вакцинациялау;
          •         су қоймаларын санитарлық бақылау.

Химиялық профилактика
Эпидемиялық жағдайда, әсіресе су тасқыны кезінде, дәрігерлер тәуекел тобына жататын адамдарға доксициклинмен профилактика ұсына алады.
Жеке сақтық шараларын сақтау, санитарлық-гигиеналық талаптарды орындау және қауіпті аймақтарда қорғаныш құралдарын пайдалану – лептоспироздың алдын алудың ең тиімді жолы.

Г.Султанова

Қаратау ауданының СЭББ бас маманы