Адам папиллома вирусының алдын алыңыздар!


Адам папиллома вирусы (АПВ) – бұл адам ағзасында әртүрлі тері мен шырышты қабаттарды зақымдайтын вирус. АПВ әлемде кең тараған көптеген түрлері бар, олардың кейбіреулері қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. АПВ сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. АПВ инфекциясы ұзақ уақыт бойы симптомсыз болып, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

АПВ-ның алдын алудың ең тиімді жолы- вакцинация. Қазіргі кезде АПВ-ға қарсы вакциналар бар. Гардасил вакцинасы вирусқа қарсы иммунитетті қалыптастырып, 16 және 18 түрлі вирустардан туындайтын қатерлі ісіктердің алдын алуға көмектеседі. Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс.

Көптеген адамдар аурудың клиникалық көрінісінсіз патогенді тасымалдаушы бола алады. АПВ-ны адам өмірінде қайталап жұқтыруы да мүмкін. Өйткені АПВ инфекциясынан айыққандардың барлығында вирусқа төзімділік қалыптаса бермейді. Көбінесе, аурудың клиникалық белгілері ерте кезеңдерінде пайда болмайды. Әдетте алғашқы белгілері қоздыратын факторлардың әрекетінен кейін пайда болады.

Кез келген адам вирустық инфекцияны жұқтыруы мүмкін!

Қазақстан Республикасында Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес әрбір адам Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен белгіленген мерзімде немесе жеке кесте бойынша жоспарлы профилактикалық екпелерді алуға құқылы. Қорытындылай келе, вакцинация жұқпалы аурулармен күресудің өте тиімді әдісі және қауіпсіз екендігі туралы айту қажет. ДДҰ вакциналар аутизм спектрінің бұзылуына әкелмейтінін мәлімдейді. Әр адамның вакцина алуға құқығы бар. Бұл өмір сүру құқығы сияқты қажетті шарт. Сіздер екпеден бас тарта отырып, балаңыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіресіздер!

Ж. Сейдуалиева,

Төлеби аудандық СЭББ

жетекші маманы