«Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» — ортақ жауапкершілік

«Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы («Саламатты мектеп») - өмір сүру, оқу және жұмыс істеу үшін салауатты орта ретінде өзінің әлеуетін ұдайы нығайтып отыратын мектеп. Бүкіл мектеп қауымдастығының денсаулықты сақтау және нығайту мәселелерін ұстануы денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектеп құрудың негізі болып табылады.

«Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасының негізгі мақсаты - мектеп ортасында оқушылардың, мұғалімдердің және ата-аналардың денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған қолайлы, қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастыру.

Жобаның басты бағыттары: Денсаулық сақтау білімін жетілдіру - денсаулық туралы жүйелі білім беру және өмірлік дағдыларды қалыптастыру. Қауіпсіз мектеп ортасын құру - санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау, психологиялық қауіпсіздік пен жайлы ахуалды қамтамасыз ету. Зиянды әдеттердің алдын алу - темекі, алкоголь, есірткі қолданудың профилактикасы. Психикалық денсаулықты нығайту - күйзелістің алдын алу, эмоционалдық қолдау көрсету. Буллингтің алдын алу. Ата-аналар мен қоғамдастықты тарту - мектеп, отбасы және қоғам арасындағы серіктестікті дамыту. Мектеп қызметкерлерінің денсаулығын қолдау - мұғалімдердің кәсіби күйзелісінің алдын алу.

«Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасының ерекшелігі - денсаулықты тек медициналық тұрғыда емес, бүкіл мектеп ортасы арқылы нығайтуға бағытталуы. Денсаулық тек дене тәрбиесі сабағымен шектелмей, оқу процесінде, мектеп саясаты мен тәртібінде, психологиялық ахуалда, ата-анамен байланыста жүзеге асырылады. Жобаға оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар, мектеп әкімшілігі қатысады. Яғни, жауапкершілік ортақ. Ауруды емдеуден гөрі оның алдын алуға мән беріледі: зиянды әдеттердің профилактикасы, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, психикалық денсаулықты сақтау. Мектеп физикалық жағынан қауіпсіз, санитарлық талаптарға сай, психологиялық тұрғыдан жайлы болуы тиіс.

Бұл бір реттік акция емес, ұзақ мерзімді жүйелі жұмыс. Бұл бастама білім беру үдерісі мен денсаулықты сақтауды біріктіреді. Нәтижесінде оқушылардың оқу үлгерімі жақсарып, өмір сапасы артады.

Оқушылар дұрыс шешім қабылдау, стресті басқару, қарым-қатынас жасау сияқты өмірлік маңызды дағдыларды меңгереді.

Т.Сермаңизов,

Шымкент қаласы СЭБД басшысы