Қуығынан 80 тас алды

Түркістан қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері 60 жастағы адамның қуығына операция жасап, 80 тас алды деп хабарлайды Diagnews.kz тілшісі.
1965 жылы туған науқас бірнеше уақыт бойы кіші дәретке бару кезінде ашыту, ауырсыну, жайсыздық сезімдеріне шағымданып келген. Амбулаториялық деңгейде бірнеше медициналық мекемеде ем қабылдағанымен, айқын оң нәтиже болмаған.
Түркістан қалалық орталық ауруханасында жүргізілген кешенді диагностикалық зерттеулер нәтижесінде қуық қуысында көп мөлшердегі тастар анықталды.

Дәрігерлердң шешімімен науқасқа тері арқылы “цистолитотрипсия” операциясы сәтті жасалды. Бұл шағын инвазивті, яғни тері тілігі аз (1 см), оңалту кезеңі мен стационарлық емнің қысқалығымен ерекшеленетін хирургиялық араласу. Қуықтан 80 тас алу операциясынан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Науқасқа 3 тәулікте урологиялық катетер алынып, 5 тәуліктен кейін жағдайының жақсаруына байланысты оң нәтижемен үйіне шығарылды.
Бұл жағдай заманауи диагностиканың, тәжірибелі мамандардың және дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің тиімділігін дәлелдейді.
