Құтыру аса қауіпті дерт!


Құтырма ауруы – аса қауіпті, адамдар мен малдардың арасында тарайтын,  орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, нәтижесінде 100% өлімге әкелетін аса қауыпты жұқпалы індетке жатады. 

Жұқпаның көзі құтырмамен ауыратын жануар болып табылады. Адамға ауру науқас жануардың тістеуі немесе сілекейленуі кезінде жұғады. Вирус ауру жануардың сілекейімен көз, мұрын, ауыздың шырышты қабығы мен зақымдалған тері арқылы ішке еніп ауру тудырады. Құтырма ауруымен ит, мысықтардан бөлек малдар (сиыр, қой, жылқы) да ауыруы мүмкін, олар жыртқыш аңдармен қатынас кезінде жұқтырылады. Одан бөлек ауру малдың етін бөлу кезінде қолдағы жаралар арқылы да жұқтыруға болады.

Егер ауру жануармен қатынаста болған адам уақытында емдеу мекемесіне қаралмай және қажетті алдын алу екпелерін алмаса, онда біраз уақыттан кейін ( екі аптадан бір жылға дейін) ауру пайда болуы мүмкін, ал оның емі болмағандықтан, нәтижесі өлімге әкеледі.

Адам тістелген кезде жануардың жағдайы белгісіз болғандықтан, барлық емдеу мекемесіне қаралғандарға антирабиялық ем тағайындалады. Ол жараны біріншілік өңдеу мен алдын алу екпелерін егуден тұрады. Екпенің түрі тістелу орнына байланысты тағайындалады. Белгілі жануармен тіскелген жағдайда, ол жануар 10 күн ветеринар маманының бақылауында болады, егер 10 күннен кейін жануардың сау екендігін дәлелдейтін ветеринар маманынан анықтама болса, егу курсы аяқталады.

Шымкент қаласында антирабиялық көмек келесі емдеу мекемесінің травматологиялық пунктінде жасалады: №2 қалалық ауруханасы, С.Жандосов көшесі №92

Құрметті қала тұрғындары! Егер үй немесе белгісіз жануарлармен тістелу, сілекейлену, тырналу жағдайлары орын алса, міндетті түрде емдеу мекемесіне қаралыңыздар. Жануарлардан жарақат алып, көмекке жүгінген барлық адамдарға құтыруға қарсы екпе тегін жасалады.  Сіздерге ол жерде арнайы көмек көрсетіліп, екпе тағайындалады. Тек уақытында және толық қабылданған екпе ғана өміріңізді құтқара алады!

А.Асилова,

Қаратау ауданының СЭББ бас маманы 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Құтыру аса қауіпті дерт!