Эхинококкоз
Эхинококкоз – алдын алуға болатын қауіпті дерт. Эхинококкоз – адам мен жануарларда кездесетін, эхинококк деп аталатын таспа құрт тудыратын қауіпті паразитарлық ауру.
Негізгі тасымалдаушысы – ит, қасқыр, түлкі сияқты жыртқыш жануарлар. Аралық иелері – қой, ешкі, сиыр, түйе, сонымен қатар адам да осы дертке шалдығуы мүмкін.
Жұғу жолдары: эхинококк адам ағзасына мына жолдар арқылы түседі:
• Итпен ойнағаннан кейін қолды жумай, тамақтану;
• Ластанған көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдаланғанда;
• Мал сойғанда санитарлық ережелерді сақтамау кезінде;
• Итке малдың ішкі ағзаларын (бауыр, өкпе) шикілей бергенде.
Белгілері: ауру бастапқы кезеңінде белгілерсіз өтуі мүмкін. Киста үлкейген кезде бауыр мен өкпе аймағында ауырсыну, әлсіздік, тез шаршау, тыныс алудың қиындауы, аллергиялық реакциялар байқалады.
Алдын алу шаралары: эхинококкоздың алдын алу үшін әрбір азамат мына қарапайым ережелерді сақтауы тиіс:
1. Иттерге уақтылы құртқа қарсы дәрі беру (дегельминтизация).
2. Итке малдың ішкі ағзаларын шикі күйінде бермеу.
3. Қолды әрдайым мұқият жуу – әсіресе итпен ойнағаннан кейін және тамақ алдында.
4. Жеміс-жидек пен көкөністі таза сумен жуу.
5. Мал сою барысында ветеринарлық-санитарлық ережелерді сақтау.
6. Балаларға жеке гигиенаны үйрету.
Эхинококкоз – қауіпті болғанымен, оның алдын алу қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтау арқылы мүмкін. Әрбір отбасы өз денсаулығы мен қоғамның амандығы үшін жауапты екенін ұмытпағаны жөн.
К.Адырбаева,
Абай ауданы СЭЭБ басшысы
