Туберкулез: әр адам білуі тиіс маңызды ақпарат


Туберкулез — Mycobacterium tuberculosis бактериясынан туындайтын жұқпалы ауру. Көбінесе өкпені зақымдайды, бірақ басқа мүшелерге, соның ішінде лимфа түйіндері, сүйектер мен буындарға да таралуы мүмкін. Ауру жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде ауа-тамшы жолымен беріледі.

Қазіргі таңда туберкулез әлем бойынша өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Аурудың басты ерекшелігі — оның бастапқы кезеңінде айқын белгілерсіз өтуі. Осы себепті көптеген адамдар дер кезінде дәрігерге жүгінбей, ауру асқынған кезде ғана анықталады.

Аурудың негізгі белгілері: Туберкулездің алғашқы белгілері басқа ауруларға ұқсас болуы мүмкін. Сондықтан келесі белгілерге ерекше назар аудару қажет:

- 2–3 аптадан астам уақытқа созылатын жөтел;

- дене қызуының ұзақ уақыт көтерілуі;

- түнгі тершеңдік;

- әлсіздік, тез шаршау;

- тәбеттің төмендеуі;

- салмақ жоғалту;

- кей жағдайларда қан аралас қақырық.

Егер осы жоғарыда көрсетілген белгілерді өзіңізден байқасаңыз, міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет. Ерте анықталған ауру толық емделеді. Қазақстанда туберкулезді ерте анықтау үшін халықты жаппай профилактикалық флюорографиялық тексерулер өткізіледі. Зерттелу тегін;

Аурудың алдын алу — әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауынан басталады. Негізгі профилактикалық шаралар:

Вакцинация-БЦЖ екпесі жаңа туған нәрестелерге салынады. Бұл вакцина балаларды туберкулездің ауыр түрлерінен қорғайды.

Тұрақты медициналық тексерулер өту. Ересектер жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтуі тиіс. Бұл ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Балаларға арнайы диагностикалық сынамалар жүргізіледі. Егер бала Манту сынамасын бағалау нәтижесі бойынша жұқтырса, аурудың анықтау үшін оны туберкулезге қарсы диспансерде қосымша тексереді және алдын алу мақсатында, ауру дамымау үшін ем тағайындайды. Жұқтырған балаларға профилактикалық ем міндетті түрде жасалады, ол туберкулез талшықтарының көбеймеуін тоқтатады және аурудың дамуын ескертеді.

Жеке гигиена сақтау.  Қолды жиі жуу, бөлмелерді тұрақты желдету және ылғалды тазалау жүргізу инфекцияның таралу қаупін азайтады.

Дұрыс тамақтануды ұстану. Ағзаның қорғаныш қабілетін арттыру үшін дәрумендерге бай тағамдарды тұтыну маңызды. Ақуызға, көкөніс пен жемістерге бай тағам иммунитетті күшейтеді.

Салауатты өмір салты.  Темекі шегуден бас тарту, алкогольді шектеу, жеткілікті ұйқы және дене белсенділігі туберкулездің алдын алуда маңызды рөл атқарады.

 Үйіңізде туберкулезбен ауыратын адам болса, не істеу керек?

Туберкулез талшықтарын бөлетін науқас мамандандырылған ауруханада емделеді. Ем ұзақ болады, бірақ ол туберкулезді жеңудің қажетті шарты болып табылады.

Науқасқа үйде болуға, яғни амбулаториялық жағдайда емделуге рұқсат берсе, онда ол дәрілік заттарды жиі қабылдауды жалғастыруы тиіс. Бұл кезеңде жақын адамдардың қолдауы аса маңызды. Оның үйде болуына жағымсыз көзқарасыңызды көрсетпеңіз. Оның өзіне сырқаттану күйзеліс жағдай болып табылады, әсіресе жақын адамдардың оған деген ашықтан- ашық сақтық қатынастары қосымша психологиялық зақым болады. Науқасқа осы ауыр кезеңде отбасының барлық мүшелерінің қолдайтынын білдіріңіз, бірақ отбасы мүшелеріне жұқтырмау үшін дәрігердің нұсқаулықтарын қадағалау және қауіпсіздік шараларын қолдану қажет.

Ол үшін:

• оған бөлек бөлме бөліңіз;

• жеке ыдыс-аяқ беріңіз (оны бөлек жуу және қайнату керек);

• науқастың киім-кешектерін бөлек жуыңыз және қайнатыңыз (қайнату және үтіктеу оны зарарсыздандырады);

• науқастың бөлмесін зарарсыздандыру заттарын қолданумен ылғалды жуып-шаю жұмыстарын жиі жүргізу керек (хлор);

• Жөтелген кезде науқас ауызын қол орамалмен немесе бетпердемен жабуы керек;

• Науқастың қақырықты көше немесе жалпы қолдану орындарында емес, бөлінген ыдысқа түкіруі қажет;

• Науқастың балалармен қарым-қатынасын шектету керек (балалар туберкулезбен ауыру қауібіне жақын);

Емдеудің маңызы: Туберкулез толық емделетін аурулардың қатарына жатады. Бірақ ем ұзақ уақытты талап етеді және дәрігердің барлық нұсқауларын қатаң сақтау қажет. Емді өз бетінше тоқтату немесе үзу қауіпті, себебі бұл дәріге төзімді түрлердің пайда болуына әкелуі мүмкін.

Туберкулез — алдын алуға және емдеуге болатын ауру. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы тексеруден өтіп отырса, аурудың таралуын азайтуға болады.

Денсаулық — ең үлкен байлық. Оны сақтау әрқайсымыздың қолымызда.

Г.Онласынова, 

Абай ауданының СЭББ бас маманы