Жұмсақ балмұздақ сататын орындарға қойылатын талаптар


Көктем-жаз мезгілдері басталды дегенше, үлкен-кіші сүйіп жейтін жұмсақ балмұздақ сататын орындар қызметін бастайды. Ыстық күнде мауқыңды басатын бұл асқа көпшілігіміз құмартып тұрамыз. Дегенмен, жұмсақ балмұздақ сатып аларда абай болған жөн. Өйткені, бірқатар санитариялық талаптар сақталмаған жағдайда, жұмсақ балмұздақтан уланып қалуыңыз әбден мүмкін.

Бүгінгі таңда жұмсақ балмұздақ  сауда нысандары эпидемиялық мәні болмашы нысандар тізіміне енгендіктен, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» № 360-VI ҚРЗ 07.07.2020ж. Кодексінің  24 бабы  негізінде қызметін бастағандығы жөнінде хабарлама берілуі  тиіс. 

Жұмсақ балмұздақты дайындау және өткізу үшін қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін, тазаланатын, жуылатын және дезинфекцияланатын автоматтар пайдаланады.

Автоматтарда жұмсақ балмұздақты дайындау кезінде дайындаушының техникалық құжаттамасына сәйкес дайындалу қажет,олар:

- құрғақ қоспалардан немесе концентраттардан дайындалған, қалпына келтірілген қоспаларды пайдаланады, қалпына келтірілген қоспаны дайындау үшін жаңа қайнатылған ауыз су пайдаланылады;

- ⁠шикі, пастерленбеген сүтті, шикі жұмыртқаны пайдалануға жол берілмейді;

- ⁠тек оларды дайындаған орындарда ғана өткізуге жол беріледі;

- ⁠қоспалардың сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы қажет;

- ⁠автоматтар үшін пайдалануға дайын тағамдық компоненттерді сақтау осындай тамақ өнімдерін дайындаушы белгілеген сақтау жағдайларына сәйкес жүзеге асырылады;

- ⁠Сонымен қатар қызметкерлердің санитариялық киіммен қамтамасыз етілуі және медициналық байқаудан өткендігі туралы кітапшаларының жұмыс орнында болуы;

- ⁠нысанда жұмысшылардың жеке бас гигиенасын сақтауға арналған жағдайдың болуы,

- ⁠жуу, тазалау және залалсыздандыру құралдарының болуына,  пайдалануына қойылатын талаптардың сақталынуы сияқты талаптарды қатан сақтау қажет.

Сондықтан, тұрғындардан жұмсақ балмұздақты тұтынар алдында аса сақ болуды сұраймыз, өйткені мұндай өнімдер тез бұзылады. Жұмсақ балмұздақ сатып аларда, нысанның санитариялық жағдайы сізге ұнамаса немесе күдік туғызса, өнімді сатып алудан бас тартқаныңыз жөн. Бұл сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізді сақтап қалады

Жұмсақ балмұздақты тұтынғаннан кейін Сіздің денсаулығыңыз нашарлап, улану белгілері (асқазанның ауырсынуы, құсу, жүрек айну, дене қызуының көтерілуі т.б.) пайда болған жағдайда, тез арада дәрігердің көмегіне жүгініңіз!

Г.Пайзиева,

Абай ауданының СЭББ бас маманы