Табиғатты қорғау – туризмді дамытудың басты шарты

Төлеби ауданы – Оңтүстіктің жауһары атанған, табиғатының көркемдігімен, тау мен орман, өзен мен бұлақтың үйлесімімен ерекшеленетін киелі мекен. Соңғы жылдары мұнда ауыл шаруашылығымен қатар туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Жыл сайын табиғат аясында тынығуды қалайтын туристердің қатары артып, жаңа демалыс орындары пайдалануға берілуде.
Дегенмен туризмнің дамуы тек туристер санының немесе демалыс орындарының көбеюімен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – табиғи ортаны сақтай отырып, сапалы әрі жауапты туризм мәдениетін қалыптастыру. Себебі өңірдің басты артықшылығы – оның қайталанбас табиғаты. Сол табиғатты қорғау – туризмнің тұрақты дамуының негізгі кепілі.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде аудан аумағында 300-ге жуық демалыс аймағы жұмыс істейді. Осыған байланысты туристік нысандардың экологиялық талаптарды сақтауына ерекше назар аударылып отыр. Арнайы бақылау барысында табиғатты ластауға жол берген, тұрмыстық қалдықтарды өзен арналарына тастаған, су қорғау белдеуінің талаптарын сақтамай құрылыс жүргізген және жер телімдерін нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған кәсіпкерлер анықталған.
Аталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шара қабылдау үшін ауданның сәулет бөліміне, жер инспекциясына және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мекемесіне ресми хаттар жолданған.
Сала мамандарының айтуынша, өңірдегі туризмнің болашағы табиғатты қорғаумен тікелей байланысты.
– Біздің мақсатымыз – жабайы туризмді емес, табиғатқа жанашыр, экологиялық талаптарды сақтайтын мәдениетті туризмді қалыптастыру.** Туристік нысандардың қызметі табиғи ортаға зиян келтірмей, керісінше өңірдің табиғи байлығын сақтауға үлес қосуы тиіс, – дейді мамандар.
Табиғатты қорғау мен туризмді қатар дамыту – Төлеби ауданының негізгі басымдықтарының бірі. Өйткені өңірдің ең қымбат байлығы – оның тұмса табиғаты. Ал сол табиғатты келешек ұрпаққа аман жеткізу – туризм саласының тұрақты дамуының басты кепілі.
