Жемсау ауруының алдын алу – денсаулық кепілі
Жемсау ауруы (зоб) – қалқанша безінің ұлғаюымен сипатталатын эндокриндік ауру. Бұл дерт көбінесе ағзада йод жетіспеген кезде пайда болады. Қалқанша безі адам ағзасындағы зат алмасу процесін реттейтін маңызды мүшелердің бірі болғандықтан, оның қызметінің бұзылуы жалпы денсаулыққа әсер етеді.
Жемсау ауруының негізгі белгілеріне мойын аймағындағы ісіну, әлсіздік, тез шаршағыштық, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, жүрек қағысының өзгеруі және дене салмағының ауытқуы жатады. Ауру асқынған жағдайда тыныс алу мен жұтыну қиындауы мүмкін.
Йод тапшылығы жемсаудың ең басты себебі болып табылады. Сондықтан бұл аурудың алдын алуда йодталған тұзды пайдалану маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар теңіз өнімдерін, балықты, сүт тағамдарын және йодқа бай басқа да өнімдерді тағам рационына енгізу қажет.
Дәрігерлер тұрғындарға профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп тұруды ұсынады. Әсіресе балалар, жасөспірімдер, жүкті әйелдер және йод тапшылығы жиі кездесетін аймақтардың тұрғындары өз денсаулығына ерекше көңіл бөлуі керек.
Жемсау ауруының алдын алу – әр адамның өз қолында. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану және медициналық тексерулерден уақытылы өту арқылы бұл дерттің алдын алуға болады.
У.Усипбаева,
Шымкент қ. СЭБД бөлімі басшысы
