Қанның азаюы – денсаулыққа төнген қауіп


Қанның азаюы немесе анемия – әлемде де, елімізде де кең таралған аурулардың бірі. Бұл ауру қандағы гемоглобин мөлшерінің немесе эритроциттердің қалыпты деңгейден төмендеуімен сипатталады. Гемоглобин адам ағзасының барлық мүшелері мен тіндеріне оттегін тасымалдайтын маңызды зат болғандықтан, оның жетіспеушілігі ағзаның қалыпты қызметіне кері әсер етеді. Сондықтан анемияны дер кезінде анықтап, алдын алу денсаулықты сақтаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.

Анемияның пайда болуына әртүрлі себептер әсер етеді. Ең жиі кездесетін түрі – темір тапшылықты анемия. Ол ағзаға темірдің жеткіліксіз түсуінен немесе оның дұрыс сіңірілмеуінен дамиды. Сонымен қатар дұрыс тамақтанбау, дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі, созылмалы аурулар, асқазан-ішек жолдарының кейбір сырқаттары, қан жоғалту және тұқым қуалайтын аурулар да қанның азаюына себеп болуы мүмкін.

Бұл ауру кез келген жаста кездескенімен, жүкті әйелдер, балалар, жасөспірімдер және егде жастағы адамдар қауіп тобына жатады. Әсіресе жүкті әйелдердің ағзасында темірге деген қажеттілік артып, анемияның даму қаупі жоғарылайды. Ал балаларда қанның азаюы олардың өсуі мен дамуына, оқу үлгеріміне және иммунитетінің қалыптасуына теріс әсер етуі мүмкін.

Қанның азаюының негізгі белгілеріне әлсіздік, тез шаршағыштық, бас айналу, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, терінің бозаруы, ентігу және жүрек қағысының жиілеуі жатады. Кейбір науқастардың тәбеті төмендеп, ұйқысы бұзылып, шашы түсіп, тырнақтары сынғыш болады. Мұндай белгілер байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дәрігерге қаралып, қажетті тексерулерден өткен дұрыс.

Анемияны анықтаудың ең қарапайым және тиімді әдісі – жалпы қан талдауын тапсыру. Қажет болған жағдайда дәрігер қосымша зерттеулер тағайындап, аурудың нақты себебін анықтайды. Ерте анықталған анемияны емдеу жеңіл әрі тиімді болады.

Қанның азаюының алдын алуда дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Күнделікті ас мәзірінде темірге бай тағамдар жеткілікті болуы керек. Оларға қызыл ет, бауыр, балық, жұмыртқа, бұршақ тұқымдастар, қарақұмық жармасы, көк жапырақты көкөністер мен кептірілген жемістер жатады. Сонымен қатар темірдің жақсы сіңуі үшін С дәруменіне бай жемістер мен көкөністерді де тұтынған жөн.

Салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден бас тарту, жеткілікті демалу және профилактикалық медициналық тексерулерден уақытылы өту де анемияның алдын алуға көмектеседі. Әсіресе қауіп тобына жататын адамдар өз денсаулығын тұрақты бақылауда ұстауы қажет.

Денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат құндылық. Сондықтан қанның азаюының алғашқы белгілеріне немқұрайлы қарамай, оның алдын алу шараларын сақтап, уақытылы медициналық көмекке жүгіну әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін көрсетеді.

Т.Сермаңизов,

Шымкент қ. СЭБД басшысы