Әлемдік классика Шымкентте сахналанды

Шымкентте шаһардың мәдени өміріндегі тарихи оқиғалардың бірі – әлемдік классикаға айналған француз композиторы Шарль Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсының тұсаукесері өтті. 

image.png

Бұл қойылым алғаш рет қазақ опера сахнасында жаңа, заманауи өңдеумен ұсынылып, қала тұрғындары мен қонақтарының үлкен ықыласына бөленді. 25-26 қараша күндері Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасында өткен премьера тек музыкалық іс-шара ғана емес, сонымен қатар рухани тәрбиелік мәні зор мәдени шара ретінде танылды.

«Ромео мен Джульетта» – әлем әдебиеті мен өнеріндегі мәңгілік тақырыптардың бірі: махаббат, тағдыр, адам жанының нәзіктігі мен қайсарлығы. Шекспирдің әйгілі пьесасын негізге алған Шарль Гуно операсы махаббат пен өлім, достық пен жауыздық, үміт пен қайғы арасындағы қарама-қайшылықты музыка арқылы шебер жеткізеді. Қоюшы режиссер Янис Коккос спектакльде кейіпкерлердің ішкі сезімдері мен шиеленістерін ерекше шеберлікпен бейнеледі. Оның режиссерлік шешімдері Шекспир шығармасының драматургиясын заманауи көрерменге түсінікті әрі әсерлі жеткізуге мүмкіндік берді.

Міне, осы әлемдік классиканың, бірегей қойылымның Шымкентте қойылуы – қала мәдениетінің өсуі мен өркендеуінің айқын дәлелі. Опера театрының шеберлері мен өнерпаздары әлемдік деңгейдегі шығармашылық талаптарға сай жоғары деңгейдегі қойылымды жүзеге асыра алды. Мұндай ауқымды әрі күрделі операны ұлттық сахнаға шығару – жергілікті өнер ордасының кәсіби мүмкіндіктерінің нығаюы мен дамуының жарқын көрінісі.

Сонымен бірге, «Ромео мен Джульетта» операсының премьерасы Шымкент қаласының рухани әлемін байыта түсті. Мұндай әлемдік классиканы жаңаша, шынайы әрі кәсіби деңгейде көрсету арқылы жастардың эстетикалық талғамы мен рухани мәдениеті артады. Мәдени іс-шаралар жастарды өнерге баулу мен патриоттық тәрбиеге негізделген рухани құндылықтарды сіңіруде маңызды рөл атқарады. Көркем өнер арқылы адамгершілік, махаббат, құрмет сияқты жоғары адамгершілік қасиеттердің маңыздылығы ұғындырылады.

Шымкент қаласының мәдени өміріндегі бұл премьера ұлттық мәдениеттің жаһандық кеңістіктегі орнын күшейтуге де ықпал етеді. Әлемдік классикалық мұраны шебер жаңғырту арқылы қазақ мәдениетінің өзіндік даралығын, ұлттық болмысын айқындауға мүмкіндік туады. Мұндай шығармалар қазақ өнерінің әлемдік сахнадағы беделін көтеріп, шетелдік мәдениет өкілдерімен шығармашылық байланыстарды нығайтуға жағдай жасайды.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әлеуметтік желілердегі парақшасында премьераға байланысты арнайы пост жариялап, «Бұл – біздің қаламыздың мәдени кеңістігінің өсіп, жаңа белестерге көтеріліп келе жатқанын дәлелдейтін аса маңызды қадам. Халықаралық деңгейдегі шығармалардың дәл Шымкентте алғаш қойылуы – өнерге деген жоғары құрметтің, шығармашылық ұжымдардың әлеуетінің және қаланың мәдени орталық ретіндегі мәртебесінің артып келе жатқанын көрсетеді» деген пікірін жеткізді.

Аталған қойылым өнердегі жоғары кәсібиліктің, шығармашылықтың, ұлттық рух пен мәдениетті жаңғыртудың көрінісі. Шымкент қаласындағы осындай мәдени оқиғалар қала тұрғындары үшін рухани азық болып қана қоймай, қаланың мәдени-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді. Өйткені мәдениет пен өнердің дамуы туризмді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ қала беделін арттыруға септігін тигізеді.

Айта кетейік, қаланың мәдени өмірі оның рухани дамуы мен қоғамдық санасының қалыптасуында ерекше орын алады. Осы мәдени дамудың маңызды буыны ретінде театр өнері ерекше мәнге ие. Себебі, театр – халықтың рухани әлемін байытып, ұлттық мәдениеттің сақталуына, дамуына және жаңа ұрпаққа берілуіне зор ықпал ететін ұлттың рухани қазынасы. Сондықтан Шымкент қаласында да театрлар мәдени кеңістіктің маңызды орталығы, тіпті, қара шаңырағына айналып отыр. 

Біріншіден, театр – бұл халықтың тарихы мен салт-дәстүрін сахна тілі арқылы жеткізетін көркем өнер түрі. Театр сахнасында қойылатын тарихи драмалар мен классикалық шығармалар халықтың өткенін, батырлық пен рухани құндылықтарын жастарға түсінікті әрі әсерлі етіп жеткізеді. Бұл, әсіресе, бүгінгі заман талабына сай жастардың патриоттық сезімін оятып, ұлттық рухты көтеруде аса маңызды.

Екіншіден, театр – қаланың мәдени өмірін жандандыруда, көркемдік талғам мен эстетикалық тәрбиені қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. 

Үшіншіден, театр – шығармашылық әлеуеттің, таланттың және кәсіби деңгейдің көрінісі. Шымкенттегі театр өнері тек ұлттық мәдениетті сақтап қана қоймай, сонымен бірге халықаралық деңгейдегі шығармашылық байланыстарды нығайтып, әлемдік өнер кеңістігіне енуге мүмкіндік береді.

Төртіншіден, театр қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуына серпін береді. Театрларда балалар мен жастарға арналған бағдарламалар, патриоттық және рухани тәрбиеге бағытталған жобалар жүзеге асырылады. Бұл жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Театр ұжымдары әлеуметтік жауапкершілікпен жұмыс істей отырып, қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерді көтереді, адамгершілік құндылықтарды насихаттайды.

Міне, сондықтан театр өнерінің дамуы Шымкенттің мәдени болашағының жарқын кепілі, оның рухани әрі әлеуметтік өркендеуінің басты негізі деп айтуға болады.