Мегаполис мәдени орталыққа айналуда
Шымкент – сан ғасырлық дәстүр мен заманауи мәдениетті тоғыстырған, өнері мен шығармашылығы қашанда қызу қайнап жататын шаһар. Бүгінде бұл қала тек экономикада емес, руханият пен өнер саласында да аймақтық әрі республикалық деңгейде көш бастап келеді.

Соның бір айқын дәлелі – Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде өткен «Сөз маржаны – термеде» атты республикалық термешілер байқауы. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл өнер бәйгесі ұлттық рухани қазынаның бір саласы – терме өнерін жаңғыртуға бағытталды.
Қазақтың терме өнері – ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім-тәрбие мектебі, халық жанының айнасы. Термешілер елдің көңілін көкке көтеріп, рухын биіктеткен, өсиет пен ғибратты сөзді өнердің құдіретімен жеткізген. Сондықтан мұндай байқаулар ұлттық мәдениеттің үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына ықпал етеді. Осы байқаудың негізгі мақсаты да – жыр-толғау дәстүрін жаңғыртып, терме өнерін жаңа буынға жақындату, халықтық өнердің қадірін арттыру.
Байқауға Түркістан, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе облыстарынан, Астана мен Шымкент қалаларынан келген өнерпаздар қатысып, өздерінің түлеп ұшқан аймақтарының атын абыроймен қорғады. Әрбір қатысушы терме өнерін жүрек сүзгісінен өткізіп, сахнада қазақ сөзінің қуаты мен мақам сазын айрықша өрнектеп жеткізе білді.
Олардың өнеріне дәстүрлі әннің майталмандары – ҚР Мәдениет үздігі Жақып Сынабайұлы Спатаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Заманбекұлы Шалдыбеков және танымал айтыскер-ақын, сазгер Әбдіхалық Әбдірайымұлы төрелік етті. Танылған тұлғалардың өнерпаздарға баға беруі байқаудың мәртебесін арттыра түсті.
Байқау қорытындысы да ерекше әсер қалдырды. Бас жүлдені Ақмола облысынан келген Есімхан Жасұлан жеңіп алды. Бұл жеңіс оның терме өнерінде ғана емес, салт-дәстүрді сезіну мен жеткізу қабілетінің де жоғары деңгейде екенін көрсетті. І орын Шымкент қаласының өкілі Ұлан Садвақасқа бұйырды. Жетісу облысынан келген Есхат Нурали ІІ орынға ие болса, Ақтөбе облысының өрені Ердәулет Келдебек ІІІ орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша марапаттар берілді: «Сарқылмас дарын» номинациясы Бекарыс Көштаевқа, «Өнерлі өрен» номинациясы Нурмухаммед Байсугуровқа, «Дәстүр дәріптеуші» номинациясы Марат Сүгірбайға, «Өнегелі ғибратшы» номинациясы Ернар Орынбасарға табыс етілді. Арнайы жүлделер Айнұр Қонысбаева, Алия Пайзова, Дидар Басықараев және Алимбеков Ералыға берілді. Бұл марапаттар тек өнер үшін емес, ұлттық мәдениеттің сақталуы мен ұрпаққа жеткізілуіне қосқан үлестері үшін берілгені маңызды.Арнайы жүлделер Айнұр Қонысбаева, Алия Пайзова, Дидар Басықараев және Ералы Әлімбековке де табысталды.
Шымкент қаласы жыл сайын түрлі музыкалық фестивальдер, айтыстар, шығармашылық кездесулер мен республикалық байқаулар өткізіп, мәдени тынысын кеңейтіп келеді. Бұл үдеріс қаланы Оңтүстіктің рухани орталығына айналдырып, Қазақстанның мәдени картасында ерекше орынға шығарып отыр.
Айта кетейік, қаламыз жыл сайын мәдени өмірін жаңартып, жаңа өнер ордаларын ашып, шығармашылық бастамаларды қолдап келеді. Сол мәдени дамудың маңызды бағыттарының бірі – ұлттық өнерді, соның ішінде терме дәстүрін кеңінен насихаттау. Шымкентте ұйымдастырылатын республикалық және қалалық терме байқаулары тек бір күндік сахналық шара емес, рухани құндылықтарды қалыптастыратын, қаланың мәдени келбетін айшықтайтын үлкен оқиға. Себебі, терме – қазақ халқының ғасырлар бойғы тәжірибесін, өмірлік ұстанымын, тәлім-тәрбиесін бойына сіңірген өнер. Термеші айтқан сөз арқылы халықтың мұң-шері, ой-толғанысы, арман-мақсаты көрініс тапқан. Әрбір термеде ел бірлігін, адамгершілікті, имандылықты, ізгілікті дәріптейтін өнегелі ой жатыр. Мегаполистерде ұлттық мәдениеттің жоғалып кету қаупі жиі айтылады. Ал Шымкент міне осындай қауіпке қарсы нақты қадам жасап отыр десек болады.
Жалпы, Шымкенттің мәдениеті – шығыстық сыпайылық пен ұлттық болмыстың айқын көрінісі. Қалада ежелгі дәстүрлер жаңғырып, жаңа заманның мәдени бастамаларымен үйлесіп жатыр. Театрлар, өнер галереялары, мәдени орталықтар мен шығармашылық алаңдар жылдан жылға көбейіп, халыққа қолжетімді бола түсті.
Соңғы жылдары Шымкентте бірқатар жаңа мәдени нысандар ашылып, бұрыннан бар мекемелер жаңғыртылды. Мегаполис көлемінде музыкалық фестивальдер, дәстүрлі өнер байқаулары, театр фестивальдері, поэзия кештері, көрмелер және шығармашылық форумдар жиі өткізілуде. Бүгінгі Шымкент – мәдениеті күннен күнге өркендеп келе жатқан, руханиятқа жаны жақын қала. Қаладағы мәдени өзгерістер тек көркем шаралармен шектелмей, тұрғындардың ой-танымына, қоғамдық ортаға және қала бейнесіне ықпал етуде. Осы бағытымен жалғаса берсе, Шымкент жақын жылдары еліміздің ғана емес, бүкіл аймақтың мәдени орталықтарының біріне айналары сөзсіз.
С.МҰРАТҚЫЗЫ
