Шикізатты өңдеу өндірісті өрге сүйрейді

Шымкентте ауыл шаруашылығының өңдеу саласында тер төгіп жүрген кәсіпкерлер өте көп. Мемлекеттік қолдаудың арқасында олар өз кәсіптерін бастап, ауыл шаруашылығының дамуына өз үлестерін қосып келеді.

image.png

Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бірінші орында тұратыны аян. Бұл бағыттағы міндетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпкерлер абыроймен атқару үстінде. Шымкент мегаполис болғандықтан ауыл шаруашылығында өңдеу саласына көп көңіл бөлініп отыр. Себебі шаһарда егістік жер көп емес. Сондықтан жылыжай шаруашылығына, басқа да дайын өнім шығаратын агрожобаларға басымдық беріледі. Шымкент қаласы әкімдігі осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін өңдеу саласына инвестиция тартуды алдағы уақытта көбейтеміз деп отыр. Соның нәтижесінде айран-сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар саны арта түседі деген болжам бар. 

«Измир Трейд» ЖШС басшысы Измир Лапаев Президенттің биылғы Жолдауын тыңдап, алдына үлкен мақсаттар қойғанын жеткізді. Аталған фирманың кәсібі ірімшік өндіру болып табылады. Бизнес иесі өз жұмысын 2023 жылы сәуірде бастаған екен. Қазіргі таңда «Апетит» деген атаумен пиццаға арналған моцарелло ірімшігін өндірумен айналысады. Кәсіпкерлік  бастамасын іске асыру үшін Түркиядан арнайы технолог алдырған. Және ірімшік өндірісі де түрік технологиясына негізделген. Қаланың шеткі аумағында орналасқан өндірістік цехта он бес шақты адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 200-250 мың теңгені құрайды. Кәсіпкер И.Лапаевтың мәлімдеуінше ірімшік өндірісіне қажетті шикізатты ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері арқылы жинақтайды. Өзінің айтуынша Шымқалада мұндай бірнеше кооператив бар көрінеді. Сонымен бірге шаруа қожалықтарынан сүт сатып алатынын мәлімдеді. Кәсіпкер сүтті өзі барып алып келмейді, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері сүт тасығыш көлікпен өздері жеткізіп береді. Осы қызметі үшін серіктестік кооперативтермен келісімшарт жасасып, алдын ала ақшасын төлеп қояды. «Күннің көзі жылы жылы мезгілде күн сайын цехта 40-45 тонна сүт өңделеді» деді кәсіпкер. Ал қыстың күндері бұл көрсеткіш 20-25 тоннаға төмендейді. Өз кезегінде күнделікті шикізаттың үздіксіз қамтамасыз етілуі бірінші кезекте шағын шаруа қожалықтарының еңбегінің арқасы екенін ұмытпаған жөн. 

Шымкенттің өзінде мал ұстап, сүтін сауып отырған қарапайым отбасылар бар. Сонымен бірге көршілес Сайрам ауданындағы ауылдарда да сүт сауып жан бағып отырған отбасылар өте көп. Жалпы Сайрамда мал шаруашылығы ерекше дамыған. Түркістан облысының сүт өндірісінде ауданның статистикалық көрсеткіші бірінші орында тұрады. Сайрамдық шаруалар өндірген сүт Шымкенттің өңдеу кәсіпорындарын да қосымша шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. Нарық заңдылығына сәйкес сұраныс бар жерде әрдайым ұсыныс табылады. Өңдеу өнеркәсібінің экономикаға берер әсері мол. Біріншіден егін, мал шаруашылығының өнімдері қажетке жарайды. Екіншіден жаңа жұмыс орындары пайда болады. Шикізат күйінде сатқаннан дайын өнім бағасы әрдайым қымбат болады. Одан түскен пайда кәсіпорын табысын арттырса, бюджет түсімдерін де еселейді. Мемлекет қазынасы көбейсе әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы да молая түседі. Сонымен бірге қосымша инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік туады. Мемлекеттің бұл салаға көңіл бөлуінің бір себебі еркін сауда нарығында еліміздің дүкен сөресінде шетел өнімдері көп. Олармен бәсекелес болып, ұлттық экономиканы көтеру үшін әрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет екенін айтады экономика саласының мамандары. 

Кәсіпкердің айтуынша күн сайын 3,5-4 тоннаға дейін өнім шығарылады. Оның көлемі қыс айларында шамалы азаюы мүмкін. Басқа уақытта сұранысқа қарай өнім өндіру тұрақты жүріп отырады. Серіктестік алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтып, кәсіпорын аясын кеңейтпек. И.Лапаев ірімшіктің жаңа түрлерін әзірлеп, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуді осы бастан ойластырып жатыр. Сондықтан тек пицерия емес, дүкен сөрелерінде Шымкентте өндірілген дәмді ірімшіктің пайда боп қалуы әбден мүмкін. Осы мақсатқа жету үшін іскер азаматтар мемлекет ұсынған бар жеңілдікті пайдаланып көрмекші. Сондықтан жергілікті әкімдіктің қолдауына зор сенім артып отыр. 

Қаланың ауыл шаруашылығы саласына жауапты басқармадан алынған мәліметке сәйкес бүгінгі таңда шаһарда мал шаруашылығының өнімдерін өңдейтін 15 шақты ірі кәсіпорын бар. Олардың қатарында «Дони ЛТД», «Биофуд», «Оңтүстік Агро», ЖК «Нұрсұлтан» секілді өңдеуші компанияларды атап өтуге болады. Бұл кәсіпорындардың өнімдері осы күнде қаланың әрбір дүкенінде сатылып жатыр. Және шымкенттіктердің дәмі мен сапасына қарай сатып алатын ең сүйікті азық-түлік тауарына айналды. 

– Жүргізіп отырған осы кәсібім өзіме ерекше ұнайды. Бұл бизнес идеяны жүзеге асыруды біраздан бері ойластырып жүр едім. Жалпы мен өзім ахысқа түрік ұлтының өкілімін. Біздің ата-бабамыз сонау соғыс жылдарында Сталиндік саясаттың кесірінен туған жерімізден жер ауып осында келдік. Аталарым айтып отырушы еді, «алғаш көшіп келгенде жағдай қиын болды, қазақ бауырлар көп жәрдем берді» деп. Қазақ халқы бізге жәрдемін аямады, енді елдің дамуына үлес қосатын біздің кезегіміз келді. Қысқаша өмірбаяныма тоқталсам, Шымкентте туып-өстім. Қаладағы мектепте оқып, он бір жылдықты бітірдім. Сосын бұрынғы Оңтсүтік Қазақстан ашық университетіне оқуға түсіп, ағылшын тілінің аудармашысы деген мамандық алып шықтым. Мен оқу бітірген жылдары Астана қаласында құрылыс қайнап жатты. Небір зәулім ғимараттар, жаңа көпқабатты тұрғын үй аудандары пайда бола бастады. Өзіммен қатарлас жастардың бәрі ақша табу үшін елордаға құрылысқа  ағылды. Солармен бірге мен де түйіншегімді арқалап Астанаға тарттым. Ағылшын тілін білгенімнің көп көмегі тиді. Осында бір түрік құрылыс компаниясына жұмысқа тұрып, аудармашы болып қызмет істедім. Жастықтың лебі басылған соң туған қалама қайтып келдім. Анам ол кезде шаһардың «Қырғы базарында» сауда істейтін. Үйде өзіміз түріктің ұлттық ірімшігін дайындап, соны апарып сататынбыз. Базарда өзінің сауда нүктесі болды. Осы кәсіппен анам отыз жыл бойы айналысты. Түрік халқында бұрыннан қалыптасқан ірімшік жасаудың өзіндік дәстүрі бар. Ол қаншама ғасыр бойы атадан балаға беріліп келе жатқан біздің мирасымыз. Сондықтан ұлттық ірімшіктің технологиясы, құпия-сыры тек бізге ғана мәлім. Айтқандай түрік тілінде біз өндіретін моцареллоны «кашар» дейді. Бірақ ол жалпақ жұртқа түсініксіз болғандықтан көпшілік естіп үйренген моцарелло атауын қойдық. Моцареллоның бір айырмашылығы ол жұмсақ келеді және қатты қыздырғанда ериді. Бұл ірімшік пицца дайындауға арналған. Басқа ірімшіктер оған жарамайды. Себебі моцареллодан басқалары қатты болып келеді. Ыстық температураға да ерімейді. Астанадан оралған соң анама көмектесейін деп ұлттық дәстүрімізді өзім қолға алдым. Дәмі тұзды болып келетін түріктің ірімшігін дайындап, базарда, әлеуметтік желі арқылы сата бастадым. Сөйтіп бір күні өндірістің ауқымын кеңейтіп, цех ашуды жоспарладым. Ойлана келе, пиццаға қажетті моцарелло ірімшігін әзірлеуге тоқталдым. Идеямды жүзеге асыру үшін жиналған азын-аулақ қаражатқа жалға цех сатып алдым. Сосын Түркиямен іскерлік байланыс орнатып бауырлас елден өзіме серіктес болатын технолог маманды тарттым. Ол моцарелло дайындаудың қыр-сырын үйретті. Ірімшік жаңаша дәммен шығарылып клиенттердің тез жүрегін жаулап алды. Бүгінгі таңда нарық саласында бәсекелестік өте жоғары. Дүкенге кіре қалсаңыз алдыңыздан ірімшіктің неше түрі шығады. Дәмі мен сырт келбетінің әдемілігі бірінен бірі өтеді. Мұндай бәсекелестікке біз секілді шағын кәсіпкерлер үшін төтеп беру өте қиын. Сондықтан біз нарықтың игерілмеген жаңа бағыттарын іздедік. Нәтижесінде ресторандар мен пицца жасайтын желілік дәмханаларға тікелей өнімімізді жеткізетін болып келістік. Сол себепті біздің ірімшігіміз сауда орындарына, дүкендерге жіберілмейді. Тек ірі пицериялар ғана алады. Мұндай пицца дайындайтын орындар Шымкенттен басқа барлық өңірде жетерлік. Біз солардың бәріне ірімшік таратамыз. Астана, Алматы мен өзге өңірлердің ресторан дәмханалары біздің ірімшікке тапсырыс береді. Осылайша бәсекелестікті айналып өтудің жолын таптық. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарға Үкімет тарапынан көп көмек берілгенін айтты. Расында да солай. Мемлекеттен көп жәрдем алып отырмыз. Соның бірі – субсидия. Өңделген сүттің әрбір литріне субсидия төленеді. Бұл кеткен шығындардың бір бөлігін жабуға жақсы көмек болып отыр. Президент Жолдауда өңдеу саласына қолдау бола беретінін жеткізді. Мемлекет басшысының бұл сөздері біздерді жігерлендеріп, ертеңгі күнге деген сенімді күшейтті. Үкімет, жергілікті әкімдік өзі қолдау білдіріп отырған соң батыл түрде іске кіріседі екенсің. Ең бастысы Жолдауда айтылған тапсырмалар іске асса ауыл шаруашылығының өңдеу саласы міндетті түрде алға қарай дамиды. Оған ешқандай шүбә жоқ, –дейді И.Лапаев.

Сөз соңында айта кеткен жөн инвестицияның арқасында Шымкентте кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдар ішінде шаһарда бұрын-соңды өңірде шығарылмаған небір тауарлар өндіретін кәсіпорындар пайда болды. Олар жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, машина құрастыру тағы басқа салаларды қамтиды. Сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерлікке де жақсы жағдай жасалып жатыр. Ең бастысы түрлі әкімшілік кедергілер жойылды. Соның нәтижесінде Лапаев секілді кәсіпкерлер өз кәсіптерін дөңгелетіп жап-жақсы табыс тауып отыр. Мегаполистің даму жоспарына сәйкес алдағы уақытта кәсіпкерлік саласын одан сайын өркендетуге қатысты үлкен жобалар қолға алынатын болады.

А.АБДРАХМАН