Криминалистика – шындыққа жетелейтін жүйе

Заң мен тәртіп – қоғам тыныштығының темірқазығы. Осы ұғымның салмағын біз көбіне күнделікті өмірде сезіне бермейміз, алайда оның түпкі мәнін жіті ұғынып, әр үзігін нақты жұмыспен күн сайын дәлелдеп жүрген мамандықтың бірі – криминалистика. 

image.png

Қылмыстың тарам-тарам ізіне үңіліп, сотқа жететін шынайы шындықты дәлелмен сөйлететін осы саланың өкілдері үшін тәртіп – қағида, жауапкершілік – міндет, ал дәлдік – кәсіби абырой. Міне, осы ұстанымның астарына үңілу үшін жақында Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының Жедел-криминалистикалық бөлімі студенттерге «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында танымдық тәжірибелік сабақ өткізді.

Бұл жай ғана таныстырылым емес, болашақ заңгерлер мен қылмыстану саласына қызығушыларға криминалистика әлемінің есігін айқара ашқан тағылымды іс-шара болды. Өйткені «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамға қауіп төнген әр сәтте бірінші кезекте құрал-сайман емес, білімді, жанкешті әрі зерек маманды талап ететінін көрсетеді. Сондықтан криминалистердің жұмысын өз көзімен көріп, олардың пайдаланып жүрген құралдарын ұстап, дәлелдеме жинаудың жолдарын үйрену студенттер үшін кәсіби болмысты танудың маңызды қадамы.

Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ криминалист мамандар студенттерді жай теориямен емес, нақты тәжірибемен қарсы алды. Жедел-криминалистикалық бөлім қызметкерлері өздерінің күнделікті қызметінде қолданатын заманауи техникалар мен құралдарды жай тізбектеп қоймай, олардың мүмкіндік ауқымын практикада көрсетті. Бір қарағанда көзге көрінбейтін саусақ ізі, елеусіз жатқан заттағы микробөлшектер, аяқ киімнің терең қалдырмаған бедері – криминалист үшін бәрі де ақпарат, бәрі де дәлел. Міне, осы ұғымды студенттер бұл жолы сөз жүзінде емес, көзбен көріп түсінді.

Шеберлік сабақ барысында мамандар дактилоскопиялық ұнтақтардың бірнеше түрін таныстырып, олардың әрқайсысы қандай беттерде жақсы нәтиже беретінін көрсетті. Металл, пластик, әйнек немесе өңделмеген ағаш сияқты әртүрлі беттерге қалатын іздердің өзіндік ерекшеліктері бар екенін студенттер тәжірибе барысында байқады. Криминалистер тек ұнтақ себу әдісімен ғана шектелмей, жарықтандыру құрылғылары арқылы көзге көрінбейтін іздерді айқындаудың жолдарын да көрсетті. Әр түрлі спектрлі жарық көзі іздердің сипатын өзгеше етіп көрсететінін студенттер таңданыспен бақылап отырды.

Таныстырылым одан әрі трасология, баллистика және фото-видео фиксация салалары бойынша жалғасын тапты. Трасологиялық құралдар арқылы аяқ киім, көлік дөңгелегі немесе құрал-сайман қалдырған іздерді қалай анықтауға болатыны түсіндірілсе, баллистикадағы дәлдіктің маңыздылығы – қару түрін, оқтың бағытын, қашықтығын анықтауда шешуші рөл атқаратыны көрсетілді. Фото-видео фиксация бойынша криминалистер қылмыс орнындағы әр объектіні түсірудің өзіндік стандарты бар екенін, сурет әрқашан дәлдік пен жүйелілікті талап ететінін атап өтті. Себебі қате бұрыш, жетіспейтін ракурс немесе бұлыңғыр кадр тергеу барысындағы дәлелдің әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

Студенттер криминалистер көрсеткен алгоритм бойынша қылмыстық оқиға орнын қарау процесіне тікелей қатысып көрді. Қай жерде қандай із болуы мүмкін, оны қалай анықтайсыз, қалай бекітесіз? Міне, осы сұрақтардың жауабы айқындалды. Мамандар дәлелдемелерді жинаудың кезең-кезеңімен жүргізілетінін, ешбір ұсақ-түйектің назардан тыс қалмауға тиіс екенін түсіндірді. Пакетке салу, тасымалдау және зертханаға жіберу тәртібінің өзі нақты ережеге бағынатыны, ал оны бұзу дәлелдің жарамсыз болуына әкелетіні туралы тың ақпараттар берілді.

Криминалистер шынайы қызметте кездесетін мысалдарды да бөлісе отырып, студенттердің назарын дәлел сапасына әсер ететін факторларға аударды. Мәселен, қылмыс орнындағы адамдардың ретсіз жүруі, қолмен ұстау, ауа-райы жағдайы, жарықтың жеткіліксіздігі немесе уақыттың өтуі нәтижеге кері әсер ететінін айтты. Осының бәрін ескеріп, оқиға орнын дереу оқшаулау, кәсіби жылдамдықпен жұмыс істеу және дәлелді бүлдірмей жинау криминалист маманның басты міндеті екені анықталды.

Бұл кездесудің ең үлкен құндылығы студенттердің криминалистикаға деген қызығушылығының күрт артуы. Тек кітап бетіндегі құрғақ теория емес, шынайы өмірде қолданылатын ғылыми-техникалық тәсілдерді көру олардың кәсіби танымын кеңейтті. Әр құралдың артында тарих, нақты іс және жауапкершілік тұрғанын сезіну болашақ заңгерлерге ерекше әсер сыйласа керек.

– Криминалистика дегеніміз бір ғана құрал немесе зертхана емес, шындыққа жетелейтін жүйе, дәлдікке сүйенетін сала, жауапкершілік талап ететін мамандық. Біз күн сайын түрлі оқиғалардың ортасында жүреміз. Бір жерде адам тағдыры сынға түссе, енді бір жерде қоғамның тыныштығы үшін маңызды шешім қабылданады. Осындай сәттерде әрбір із, әрбір ұсақ белгі біз үшін аса құнды. Студенттерге тәжірибелік сабақ өткізудің басты себебі осы –саланың сырт көзге көрінбейтін, бірақ күрделі тұстарын көрсету. Көпшілік криминалистерді тек қылмыс орнын фотоға түсіретін маман деп ойлайды. Бірақ біздің жұмысымыз оның әлдеқайда тереңінде жатыр. Біз дәлелді табамыз, оны дұрыс тіркейміз, қорғаймыз, зертханаға жеткіземіз, содан кейін ғана тергеу шындығына үлес қосамыз. Барлық процесте қателікке жол жоқ. Жастарға айтқым келетіні, криминалистика – жүрекпен істейтін жұмыс. Мұнда асығыстыққа орын жоқ, ал жеткіліксіз білім қай кезде де өз әлсіздігін көрсетеді. Қылмыс орнында біз шешім қабылдағанда, тек тәжірибемізге емес, тәртіпке, заңға, кәсіби қағидаға сүйенеміз. Өйткені бір құжаттың, бір іздің немесе бір ғана бөлшектің артында тұтас адамның тағдыры тұрады. Бүгінгі кездесуде студенттердің көзіндегі қызығушылықты көріп қуандым. Бұл ертеңгі күні осы саланы таңдауы мүмкін мамандар. Ал олар неғұрлым дайын, неғұрлым сауатты болса, қоғамға соғұрлым пайда әкеледі. Криминалист болу – беймәлімді жарыққа шығару, әділдікті дәлелдеудің жолын табу. Бұл кез келген маманның мойнына жүктелер ауыр, бірақ абыройлы міндет. Сондықтан, кім осы саланың биігіне бет алғысы келсе, ең бірінші тиянақтылық пен табандылықты бойына сіңіргені жөн. Біз қолданатын әр құрал, әр тәсіл, әр әдіс тек техника емес, ол адамға деген құрметтің, әділдікке деген адал ұмтылыстың көрінісі. Егер осы ұстанымнан танбасаңыз криминалистика сізге есік ашады. Ал біз әрқашан тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Тағы да айтып өтетін бір кеңесім, бастысы жұмысқа, мамандыққа деген махаббат болу керек. Сонда ғана нәтижелі жұмыс істей аласыздар, – деді Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жедел криминалистика бөлімі бастығы, полиция капитаны Жасұлан Сырманов. 

Қылмыстың алдын алу, қылмыскерді анықтау, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бәрі «Заң мен тәртіп» қағидатына сүйенетін үлкен механизм. Ал сол механизмнің маңызды тетіктерінің бірі осы криминалистика саласы. Студенттер іс-шара барысында теориялық білімнің тәжірибемен ұштасқанда ғана шынайы күшке айналатынын ұқты. Криминалистердің әр қимылы, әр шешімі мен қолданған әр құралы күрделі еңбектің нәтижесі екенін көрді.

Іс-шара соңында жастар мамандарға сан түрлі сұрақ қойып, өз болашағына қатысты ой бөлісті. Бірі криминалистикаға қызығып жүргенін жасырмай, болашақта осы саланы таңдауға ниетті екенін айтты. Енді бірі құқық қорғау органдарында қызмет етудің жауапкершілігі мен мәртебесі туралы ой бөлісті. Ал криминалистер болса, жастардың алған әсеріне қуанып, қоғамға адал қызмет ету үшін ең алдымен білім мен жанкештілік қажет екенін айтты.

Бұл тәжірибелік таныстырылымның әсері бір күнмен шектелмейтіні анық. Өйткені заң саласына қызыққан әр студент үшін криминалистика тек қылмыс ізін табудың тәсілі емес, шындыққа жетудің жолы, әділеттіліктің ғылыми негізі. Ал әділетсіздікке жол бермейтін, тәртіпті қорғайтын, заңның үстемдігін бекемдейтін кез келген ұмтылыс қоғам үшін қашанда маңызды.

Осылайша, Шымкент қаласы Полиция департаменті ұйымдастырған бұл іс-шара студенттерге кәсіби бағдар беріп қана қоймай, олардың бойында «Заң мен тәртіп» қағидатына деген жаңа көзқарас қалыптастырды. Криминалистика бір қарағанда көрінбейтін, бірақ қоғам қауіпсіздігінің алдыңғы шебінде тұрған сала екенін жастар да түсініп қайтты. 

Бүгінгі тәжірибе ертеңгі таңдауға бағыт. Ал бүгінгі таңдау қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығына қосылған үлес. Студенттер осы күнгі сабақтан криминалистердің адалдығы мен ұқыптылығын ғана емес, ең бастысы заңға деген құрметті, тәртіпке деген жауапкершілікті бойына сіңірді. Өйткені «Заң мен тәртіп» қағидаты қағаздағы мәтін емес, әрбір маманның жүрегі мен ісінде тұратын өмірлік ұстаным.

Аида ӨТЕП