Жетістігі де, шеберлігі де жоғары

Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебі шәкірттерінің биылғы жетістіктері қуантарлық. Әлем және Азия чемпионаттары, әлем кубогы, ел біріншілігі, сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінде мектеп спортшылары оң нәтижелерге қол жеткізді.

image.png

Жуырда түрлі деңгейдегі жарыстарда алдына жан салмаған солардың бірқатарын спортсүйер қауым қарсы алып, құрмет көрсеткен болатын.

Мысалы, «Қазақстан барысы – 2025» республикалық турнирінің чемпионы атанып, туған жерге алтын тайтұяқпен оралған Марат Байқамұровты жерлестері Шымкент халықаралық әуежайынан қошеметпен күтіп алды. Қазақ күресінен бірнеше дүркін Қазақстан және Азия чемпионы Марат Байқұмаров биыл ел спортының ең әйгілі додаларының бірі – «Қазақстан барысы – 2025» турнирінде жеңімпаз атанып, 40-тан астам мықты балуанның арасынан оза шапты. Финалда былтырғы чемпионды тізе бүктіріп, өз шеберлігін тағы бір дәлелдеді. Әуежайдағы салтанатты іс-шарада Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дәрменов Байқамұровтың жеңісін қала спортының зор жетістігі екенін жеткізді. Өз кезегінде М.Байқамұров бұл жеңісін туған қаласына және өзіне сенім артқан барша жанкүйерлерге арнайтынын айтты. Ал Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков еліміздің мақтанышы Марат Байқамұров пен оның бапкерін қабылдап, құрмет көрсетті. Қажырлы еңбегі, төзімі мен ел спортына адалдығы үшін алғыс білдіріп, олардың жетістігі жастарға үлгі екенін айтты. Кездесу барысында демеушілердің атынан ұлттық спорттың дамуына қосқан зор үлесі мен жоғары жетістіктері үшін Марат Байқамұровқа пәтер сертификаты табыс етілді. 

Таэквондодан (WT) әлем чемпионатының қола жүлдегері Нодира Ахмедованы да спортсүйер қауым Шымкент қаласының халықаралық әуежайында күтіп алды. 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ахмедова жарысты жартылай финалда аяқтап, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Осылайша, екі спортшы жанкүйерлерін тарихи жеңістермен қуантты. Ал Біріккен Араб Әмірлігі, Эр-Рияд қаласында өткен Ислам Ынтымақтастығы ойындарында ауыр атлетикадан Нұрғиса Әділетұлы үш алтын медаль жеңіп алды. 94 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жұлқа көтеруден 175 келі, серпе көтеруден 210 келі, қос сайыс нәтижесінде 385 келіні бағындырып, топ жарды. Нұрғиса барлық бағдарлама бойынша жеңімпаз атанды.

Ал күні кеше Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Дүниежүзілік ойындар, Азия ойындары мен сары құрлық чемпионатының жеңімпазы Софья Берульцева Каирдегі (Мысыр) каратэден әлем біріншілігінің финалында өнер көрсетті. Қазақстандық каратэші 68 келіден жоғары салмақта финалда германиялық Йоханна Кнермен алтын жүлдені сарапқа салды. Бәсеке барысында германиялық спортшы айқын басымдықпен жеңіске жетіп, С.Берульцева спорттық жолында алғаш рет әлем чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізді.

Мектеп басшылығының алға қойған мақсат-жоспарлары да аз емес. Келесі жылы өтетін жарыстардан жүлделі оралу үшін спортшылар дайындықты қызу жүргізуде. 2026 жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында ХХ Жазғы Азия ойындары өтеді. Кешенді жарысқа мектептен 26 үміткер спортшы бар. Грек-рим күресінен әлем чемпионатының жүлдегері Мейіржан Шермаханбет, Азия чемпионы Әлімхан Сыздықов, күміс жүлдегер Омар Сатаев, еркін күрестен Дархан Есенғали, Начын Куллар, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы, Александр Уваров, таэквондодан Самирхон Абабакиров, Нодира Ахмедова, Абдурахмон Марипов, дзюдодан Марат Байқамұров, каратэден Қайсар Алпысбай, Софья Берульцева, Данияр Юлдашев сынды тәжірибелі спортшылар Азия ойындарына қатысып, жүлде алудан үмітті. Сондай-ақ 2028 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына да жоспарлы түрде дайындық жұмыстары қолға алынған. Олимпиада ойындарының бағдарламасына кірген грек-рим күресі, еркін күрес, әйелдер күресі, ауыр атлетика, спорттық гимнастика, таэквондо WT спорт түрлерінен 13 үміткер спортшы бар.

Спорт саласында үздіксіз қызмет етіп келе жатқанына 27 жылдан асқан мектеп директоры Серік Бекмұратов еңбек жолын мемлекеттік қызметте жетекші, бас маман болып бастаған. Дегенмен кейін облыстық мамандандырылған балалар – жасөспірімдер спорт мектебінде әдіскер-нұсқаушы, аға-әдіскер, ұлттық спорт мектебі директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Жоғары спорт шеберлігі мектебінде 2020 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болса, өткен жылдың қаңтар айынан бері директор қызметін атқарып келеді. Жоғары спорт шеберлігі мектебі болғандықтан, қаланың ең білікті және жоғары дәрежелі жаттықтырушылар құрамы жинақталған. 18 жастан асқан үздік спортшылар жаттығады. Жиналыстар мен кездесулер кезінде «Білімнен бұрын тәртіп» деген қағиданы үнемі айтып отыратын Серік Темірханұлы тәртіп бар жерде жұмыс жүреді деп есептейді. Жетістіктерге жету үшін бірінші міндет – нақты жоспар қою, оның толыққанды орындалуы үшін белсенділік көрсету қажет деп санайды. 

– Әрине, жоспардың орындалуында көптеген кедергілер кездесетіні рас. Мәселен, спортшының дайындық барысы, денсаулығы, психологиялық ахуалы, әлеуметтік жағдайы, теріс жолдарға бет бұрмауы сияқты мәселелер назардан тыс қалмайды. Яғни спортшыға бұл мәселелер кедергі болмауы тиіс. Бір сөзбен айтқанда алаңсыз жаттығып, өз шеберлігін, бабын толық көрсете алуына жағдай жасауға тырысамыз. Жоспар толық, ойдағыдай орындалған жағдайда ғана жетістіктерге қол жеткізесіз. Нақтырақ айтқанда, спортшылардың уақытылы дәрігерлік байқаудан өтуін қадағалау, спорттық мүкәммалдармен, арнайы спорттық киімдермен, дәрумендермен қамтамасыз ету және жыл бойында үздіксіз күнтізбелік жарыс жоспарына сәйкес, республика аумағында және шет мемлекеттердің белсенді құрама командаларымен тиісінше тәжірибе алмасу мақсатында біріккен оқу-жаттығу жиындарын өткізуін қамтамасыз етіп отыруымыз керек. Осы орайда спортшылардың психологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін арнайы мамандармен жұмыс істеуін қадағалаймын. Қазіргі заман талабына сәйкес, спортшыларды ынталандыру, жоғары спортты насихаттау, қаламыздың спорттағы беделін арттыру үшін мектептің ресми әлеуметтік желілерінде атқарылған жұмыстар мен жетістіктерді үзбей жариялап отыру да жұмыс жоспарымның бір бөлігі. Жоспарымыз белгілі, мақсатымыз айқын. Осы орайда жоспар мен мақсаттың орындалуына, дүбірлі додаларда жоғары жетістіктерге жетуге бар күш-жігерімізді саламыз, – дейді Серік Бекмұратов.

Жалпы спорт мектебінің биылғы басты жетістіктері аз емес. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебі» 2016 жылы ашылған болатын. Онда олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен 20 спорт түрі дамытылады. Нақтырақ айтсақ, мектепте 20 спорт түрінен 403 спортшы жаттығады. Негізгі құрамда 304, ауыспалы құрамда 99 спортшы тіркелген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері – 7, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – 48, спорт шебері – 138, спорт шеберіне үміткер – 201 спортшы. Жалпы, 128 спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапына енген: негізгі құрамада – 105, жастар құрамасында – 23 спортшы. 72 бапкердің 13-і Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген, 34-і жоғары санатты, 23-і бірінші санатты жаттықтырушылар.

¬– Мектеп балалар-жасөспірімдер спорт мектебін сәтті аяқтап, 18 жасқа толған әлеуетті спортшылардың шеберлігін арттыру және ұлттық құрама сапына жоғары дәрежелі спортшылар даярлау, олардың жаттығу барысы мен жарыс кезеңдерін толық сапалы қамтамасыз етеді. Спорт түрлері бойынша еліміздің ұлттық командасының негізгі құрамына спортшыларды іріктеу және дайындау, спортшылардың дайындық процесін материалдық-техникалық, әдістемелік, медициналық қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірттері жыл сайын жылына екі рет тереңдетілген медициналық тексеруден өтеді. Одан бөлек, тәрбиелік, патриоттық бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әр тоқсан сайын бекітілген жоспар бойынша педагогикалық кеңес өткізңп, спорт түрлері бойынша жаттықтырушы кеңестерінің жұмысы, жоғары дәрежелі спортшыларды дайындау әдістемесі, оқу-жаттығу, тәрбиелік, ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары, атқарылған жұмыс есебін талқылаймыз, – дейді мекеме басшысы Серік Бекмұратов.

Жалпы биыл жыл басынан бері мектеп спортшылары жарыстардан 349 медаль жеңіп алған. Тарата айтсақ: Әлем чемпионаттарында 14 медаль (5 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль), Әлем кубогында 20 медаль (10 алтын, 7 күміс, 3 қола), Еуропа чемпионатында 1 алтын, Азия чемпионаттарында 24 медаль (7 алтын, 10 күміс, 7 қола), Азия Кубогінде 15 медаль (7 алтын, 2 күміс, 6 қола), Дүниежүзілік Универсиадада 1 алтын, 1 қола және Ислам Ынтымақтастығы ойындарында 1 алтын жүлде жеңіп алды.

Ал ел чемпионаттарында 127 медаль (52 алтын, 35 күміс, 40 қола), Қазақстан Республикасының Кубоктарында 17 медаль (7 алтын, 5 күміс, 5 қола), халықаралық рейтингтік турнирлерде 77 медаль (19 алтын, 21 күміс, 37 қола), республикалық турнирлерде жалпы 38 медаль (14 алтын, 13 күміс, 11 қола) иеленді.

Мысалы, қазақ күресінен әлем чемпионатында Альбина Бахиева +77 келі салмақ дәжересінде жеңімпаз атанды. Грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында Омар Сатаев 82 келі салмақта қола жүлдегер атанған. Сондай-ақ спорттық гимнастикадан Әлем кубогінде Дияс Тойшыбек бас жүлде иегері атанды. Таеквондодан WT Әлем кубогінде Абдурахмон Марипов командалық есепте қола жүлдеге қол жеткізді. Дзюдодан Еуропа кубогінде Мейіржан Әбдімәліков +100 келі салмақта топ жарған болатын. Биылдың басты кешенді жарыстарының бірі Дүниежүзілік Универсиадада таеквондодан Самирхан Абабакиров алтын, Нодира Ахмедова қола медальді ел қоржынына салды. 

Серік Бекмұратовтың мәліметінше, Азия чемпионаттарында да оң нәтиже көп. Мысалы, таэквондодан Абдурахмон Марипов Пәкістанда өткен құрлық біріншілігінде 80 келі салмақта жеңімпаз атанды. Грек-рим күресінен Иорданияда өткен Азия чемпионатында Әлімхан Сыздықов аса ауыр салмақта күміс жүлде, Омар Сатаев 82 келі салмақта күміс жүлдеге ие болды. Грек-рим күресінен U 23 Азия чемпионатында Жохар Узаров 130 келі салмақта күміс жүлдегер атанды. 

Дияс НҰРКЕНҰЛЫ

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Жетістігі де, шеберлігі де жоғары