Қымбат оталар тегін, сапалы медицина қолжетімді
Жуырда Шымкент қалалық №2 ауруханасына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шара барысында журналистерге МӘМС жүйесі аясында атқарылған жұмыстар таныстырылды.

Қалалық №2 ауруханасында бүгінгі таңда жоғары технологиялы нейрохирургиялық операциялар саны артқан. Ол жоғарыда аталған МӘМС жүйесі арқылы мүмкін болып отыр.
Баспасөз туры кезінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова журналистерге өңірдегі жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігі туралы кең көлемде тоқталып өтті.
Медициналық сақтандыру қорының өкілі А.Ізбасарова өз сөзінде МӘМС енгізілгелі бері қала тұрғындарының күрделі операцияларға қол жеткізу мүмкіндігі айтарлықтай өскенін мәлімдеді. Сондай-ақ сақтандыру жүйесі арқылы бұрын тек ұлттық орталықтарда жасалатын жүрек және бүйрек трансплантациялары Шымкентте сәтті орындалып жатқанын тілге тиек етті.
-2025 жылы қалада 1 жүрек және 17 бүйректі алмастыру отасы жасалды. Трансплантациялық операциялар өте қымбат тұрады. Біреусінің құны 10 млн теңгеге дейін барып қалады. Оған қарапайым халықтың шамасы келе бермейді. Ал МӘМС жүйесімен барлық күрделі операциялар науқастар үшін тегін жасалады. Мұны тұрғындарға көрсетіліп жатқан зор әлеуметтік қолдау деп білген жөн. Сол айтпақшы, бүгінде Шымкентте жоғары технологиялы көмекті мыңдаған адам ала алады. Тек биылғы жылдың өзінде МӘМС шеңберінде мыңға жуық жоғары технологиялы қызметтер мен күрделі операциялар жасалынды. Мұндай жетістік сақтандыру жүйесінің жемісі мен нақты нәтижесінің көрінісі – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары А.Ізбасарова.
Сақтандыру қорының өкілі келтірген ресми деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда Шымкенттің жүрек орталығында 23 науқасқа жасанды жүрек салынды. Жасанды ағзаның да құны арзан тұрмайды. Мәселен бір жасанды жүректің құны 77 млн теңгеге шейін барады. Бұл ретте маман егер МӘМС жүйесі болмағанда, мұндай жоғары технологиялы көмек көпшілікке қолжетімді болмас еді уәж келтірді. Сонымен бірге А.Ізбасарованың айтуынша қаладағы медициналық инфрақұрылым да МӘМС енгізілгеннен кейін жақсара түскен. Одан өзге маманның мәлімдеуінше бүгінгі таңда Шымкентте 177 медициналық мекеме жұмыс істесе оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік ұйым болып табылады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрбір тұрғын өзіне қызмет көрсететін медициналық ұйымды еркін таңдауға құқығы бар. Бұл – медициналық қызмет сапасын арттырудағы маңызды қадам болып табылады. МӘМС бойынша жауапты тұлға сақтандыру жүйесінің басты мақсаты – қарапайым тұрғындарды медициналық шығындардан құтқару екенін тілге тиек етті. Оның пікірінше МӘМС – жинақтау жүйесі емес. Сондықтан әрбір сақтандырылған азаматтың жарна көлеміне қарамастан толық көлемде медициналық көмек алуға құқы бар. Сондай-ақ ол біз үшін маңыздысы – халықтың денсаулығы мен медициналық көмектің қолжетімді болуы. Шымкентте бұл бағытта оң өзгерістер байқалады дегенді атап өтті.
Жоғары санатты нейрохирург, PhD, аурухананың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Еркін Медетов баспасөз туры барысында журналистерді нейрохирургиялық бөлімнің жұмысымен таныстырды. Оның сөзінше жақында бір науқастың жұлынына күрделі ота жасалған. Ол науқастың мойын омыртқасы сынған. Операция өте жоғары дәлдікпен орындалды. Аталған күрделі ота Е.Медетовтың тікелей өзінің жетекшілігімен жасалынды.
Алынған ауыр жарақаттарды емдеу – жылдам шешім қабылдауды, біліктілік пен қымбат технологияны талап етеді деді дәрігер. Сондықтан аурухананың нейрохирургтар командасы науқастың өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерін салады. Жоғарыда айтып өткеніміздей мұндай операцияның құны өте жоғары тұрады. Дей тұрғанмен, МӘМС барда оның құнын төлеу науқастарға оңайға түсіп жатыр. Белгілі болғандай мойнынан ауыр жарақат алған науқас оңалу кезеңінде екен. Осылайша сақтандыру жүйесі әрбір қарапайым емделушіге қолдау мен үлкен көмектер беріп отыр.
Сонымен бірге МӘМС жүйесі арқылы бүгінгі таңда тұрғындар жоғары технологиялы операциялардан бастап, диагностикалық тексерулерге, профилактикалық бақылауға, оңалту шараларына және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге дейінгі қызметтерге қол жеткізіп отыр. Өз кезегінде МӘМС бойынша түскен қаржылар сатып алу тетігі арқылы жүзеге асып, амбулаториялық және стационарлық көмекке, соның ішінде КТ, МРТ, УДЗ сияқты қымбат диагностикалық қызметтерге жұмсалып жатыр.
А.Ізбасарова қайталап айтып өткендей МӘМС – жинақтау жүйесі емес, әлеуметтік қолдау тетігі болып табылады. Сондықтан сақтандырылған азаматқа жарна мөлшеріне қарамастан толық медициналық көмек алуға бар жағдай қарастырылған.
Жоғарыда айтылып кеткендей Шымкентте ағза трансплантациялары сәтті жүзеге асып жатыр. Мәселен жуырда қалада 244-ші бүйрек трансплантациясы сәтті жасалынды. Бұл жолы донор — науқастың туған інісі болып, ағасының өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Реципиент 2020 жылдан бастап «созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі» диагнозымен дәрігерлердің тұрақты бақылауында болған. 2023 жылдан бері гемодиализ емін қабылдап келген. Аталған терапия бүйрек қызметін уақытша алмастырып, науқастың күнделікті өмір сапасына елеулі әсер етеді. Гемодиализ аппараты демалыс күндері жұмыс істемегендіктен, науқас сенбі және жексенбі күндері келесі ем-домды күтумен күрделі жағдайда өткізген. Айта кеткен жөн осындай жауапты сәтте інісінің донор болуға шешім қабылдауы — бауырмалдықтың, адамгершілік пен жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып табылады.Трансплантациялық ота №1 қалалық клиникалық ауруханасының жоғары білікті трансплантолог-дәрігерлер тобының қатысуымен орындалды. Бүйрек трансплантациясы реципиенттің өмір сапасын айтарлықтай жақсартып, толыққанды өмірге қайта оралуына үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Жалпы осы тұста айта кеткен жөн №1 қалалық клиникалық ауруханасында ағза трансплантациясы медициналық көмектің жоғары технологиялық түрі ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Мегаполис медицинасы бүгінгі күнде жоғары қарқынмен даму үстінде. Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігімен, Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп «Денсаулық сақтауды өңірлік дамытудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» деп аталатын аймақтық бағдарлама дайындады.
Бұл құжаттың басты ерекшелігі мұндай бағдарлама елімізде тұңғыш рет әзірленіп отыр. Сонымен бірге ол келешекте басқа да өңірлерде қолданылады дейді. Бағдарлама әрі аймақтарда денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру мен жетілдіруге бағытталған кешенді тәсіл болмақ.
Сонымен бағдарламада көрсетілген мақсаттарға сәйкес Шымкентте денсаулық сақтаудың соңғы стандарт үлгісіне сай келетін заманауи клиникалардың құрылысы салынады. Ол қалалық перинаталдық орталық, қалалық көпбейінді екі аурухана мен мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында бой көтеретін бес емхана.
Шымкент жоғары медициналық колледжі заманауи виртуалды симуляциялық жабдықтармен, тренажер кешендерімен, интерактивті жүйелермен жабдықталатын болады.
Осы жылдың мамыр айында қалалық денсаулық сақтау басқармасы еліміздегі 13 жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық жөнінде меморандум түзді. Ол жергілікті емдеу мекемелеріне жоғары технологияларды енгізуге, күрделі хирургиялық операцияларды жүргізуге және медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге бағдарлама аясында түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оған балалардың семіздігін қадағалау (COSI), мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқын бақылау, патронаждық қызметті бағалау мен басқа да зерттеулер кіреді.
Сондай-ақ келешекте жаңа ереже бойынша қаладағы барлық мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылады. Әйелдерді ана болуға даярлау жұмысы күшейтіледі. Ол жүктілік кезіндегі асқынуларды азайтуға, ауыр жағдайларды төмендетуге көмегін тигізеді. Одан бөлек 12 салаға бөлінетін 31 құзыреттілік орталығы, 2 скринингтік ғимарат, 2 амбулаториялық онкологиялық көмек мекемесі бо көтереді. Бүгінгі таңда қалалық денсаулық сақтау басқармасы жанынан «ахуалдық талдау орталығы» іске қосылды. Соның нәтижесінде барлық емханаларда «шұғыл медициналық көмек бөлмесі» өз жұмысын бастады.
Бағдарламаны іске асыру арқылы мегаполистің денсаулық сақтау жүйесін, ем-шара қызметін Астана мен Алматы қалаларының жетекші медициналық орталықтарының деңгейіне көтеру көзделіп отыр. Жаңа талаптарға сәйкес 2029 жылға қарай халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 79,1 жасқа дейін арттыруға, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үлесін 60% жеткізуге, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын 80% ұлғайтуға міндеттер қойылған.
«Сондай-ақ даму және ерте араласу орталықтары құрылып, әмбебап прогрессивті патронаждық әдіс жақсартылады. Одан басқа мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа жобалар іске асырылып, денсаулық сақтау саласына молынан инвестиция тартылады деген жоспар бар. Мегаполистің денсаулық сақтау саласына жауапты мекемесі медициналық цифрландыруды, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды, робототехниканы дамытуға көңіл бөле бастады. Мұнымен қоса медициналық ұйымдардың ұлттық аккредитациядан өтуін 95% жеткізу мақсаты қойылып отыр. Сонымен бірге алдағы төрт жылда Шымкентте медициналық туризмді өркендетуге нақты қадамдар жасалады» деді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Сәуле Дүйсебаева.
Қазірдің өзінде мегаполис медицинасы қарқындап тұр. Емдік қызмет сапасының артуына байланысты халықтың көпшілігі ақ халатты абзал жандардың жұмысына риза. Емдеу мекемелерінің соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталуы, дәрігерлердің кәсіби шыңдалуы өңірде медициналық туризмді дамытуға үлкен септігін тигізіп отыр. Мәселен өткен жылы шетелдерден Шымкентке ем іздеп келген науқастар саны жүзден асқан. Шымкенттік дәрігерлер бүгінде республикалық клиникалар жасайтын күрделі операцияларды меңгерген. Соның нәтижесінде мегаполисте жүрек алмастыру, гинекологиялық және нейрохирургиялық ауыр оталар сәтті жасалып жатыр. Ол үшін талай дәрігер шетелге оқуға барып, тәжірибе алмасып қайтты. Шетелден де қаншама білікті мамандар келіп, шеберлік сыныптарын өткізіп жүр. Осының барлығы қаланың денсаулық сақтау саласының сапа тұрғысынан жоғары сатыға көтерілуіне үлкен көмегін тигізіп жатыр. Сондай-ақ Шымкент адам ағзасының трансплантациясы бойынша республикада орталық аймақтардың біріне кіреді. Бауыр, бүйрек алмастыру оталары шаһарда қазір жаңалық болудан қалды. Енді өңірлік жаңа бағдарлама іске асқан жағдайда қала медицинасын бұдан да үлкен жетістіктер күтіп тұр деп зор сеніммен айтуға болады.
Ә.АБДРАХМАН
