Жедел тест АИТВ-ны ерте анықтап береді

Шымкентте 1 желтоқсан - Дүниежізілік ЖИТС-пен күрес күніне орай екі күндік семинар өтті. Ол «АИТВ-ға тестілеудің жаңа алгоритміне өту. АИТВ-диагностикасы сапасын бақылауды қамтамасыз ету» атты тақырыпта ұйымдастырылды. Іс-шараның өтуіне Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы қолдау білдірді. 

image.png

Тренинг барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған АИТВ-ға тестілеудің жаңа алгоритмі таныстырылды. Сонымен бірге, АИТВ-диагностикасындағы жедел-тесттерді қолдану, олардың сапасына қатысты мәселелер талқыланды. Семинарда сондай-ақ еліміздегі 20 өңірдің АИТВ (ЖИТС) орталықтарының зертхана мамандары тәжірибесімен бөлісті. 

Шаһардағы ЖИТС-орталығының бас дәрігері Б.Сырбек өз сөзінде АИТВ-ны ерте анықтау аурудың асқынып кетпеуінің кепілі екенін атап өтті.

 «Шымкент қалалық ЖИТС-орталығының АИТВ-инфекциясын диагностикалаудағы тәжірибесі мол. Орталық зертханасы 2020 жылы ИСО 15189 халықаралық сапа мен қауіпсіздік стандарттына сәйкес аккредиттелді. Мекеме заманауи диагностикалық анализаторлармен жабдықталған. Зертхана мамандары тек ТМД мемлекеттерінде ғана емес, АҚШ, Еуропа, Корея елдерінде де біліктілігін арттырған. АИТВ-ға тестілеудің жаңа алгоритміне өту нәтижесінде АИТВ-инфекциясын ерте анықтауға, антиретровирусты терапияны ерте бастауға сол арқылы науқастардың өмір сапасын жақсартуға қол жеткізілді» деді ол.

Сонымен жедел-тест нәтижесінде енді АИТВ-жұқтыру қаупі жоғары адамдар сынама тапсырып, 20 минут ішінде нәтижесін біле алады. Мұны істеу үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Бұл диагностикалық әдіс Шымкент қаласының тұрғындары үшін де қолжетімді. АИТВ–инфекциясын ерте анықтау науқастың өзі үшін де маңызды. Өйткені ол антиретровирустық (АРВ) препараттары қабылдауды уақытылы бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар вирустың басқа адамдарға берілуін тоқтатуға көмектеседі. АИТВ-ға жылдам тестілер – скринингтік диагностикадағы нағыз жетістік.

«АИТВ-ға экспресс-тесттер – бұл қанда, қан сарысуы мен плазмада, сілекейде вирусқа антиденелердің болуын анықтайтын арнайы тест жүйелер. Егер стандартты зертханалық зерттеулер нәтижелерін 2-3 күн күту қажет болса, - экспресс әдістер бар болғаны 15-20 минут ішінде адамның АИТВ статусын білуге мүмкіндік береді. Оларды медициналық ұйымдарда да, өзін-өзі диагностикалау үшін үйде де жасауға болады» дейді орталық мамандары. Жалпы елімізде АИТВ-мен күресу жол картасында 95-95-95 стратегиясы қабылданған. Яғни 2030 жылғы қарай, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 95% өз статусын білуі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін халықтың негізгі топ өкілдеріне АИТВ-ға тестілеуден өту қолжетімділігін одан әрі арттыру және өзін-өзі тестілеуді кеңейту қажеттігін атап өтті маман. Сондай-ақ бұл әдіс жастарға, әртүрлі себептермен, соның ішінде кемсітуден ұялып, медициналық ұйымдарға барудан бас тартып жүрген адамдарға, өмір салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ инфекциясын жұқтырудың жоғары қаупіне ұшыраған халық топтарына өте қолайлы. Қазіргі таңда ЖИТС орталығының мамандары өзін-өзі тестілеуді АИТВ–мен өмір сүретін адамдардың жұбайларына да ұсынып жатыр. 

Жоғарыда айтылғандай Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен АИТВ инфекциясын жедел-тест, ИФТ, ИХЛТ әдістері бойынша  міндетті зерттеп-тексеру қағидалары бекітілген. Бұлар клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіш боп табылады. Соның ішінде сапалы және сезімталдығы жоғары талдауға ИХЛТ диагностикасы жатады. Бұл әдістің ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. АИТВ-ға тексерілушілер қатарының артуына байланысты Шымкент қаласы ЖИТС орталығының диагностикалық зертханасында  биыл сәуір айынан бастап бұрынғы аппарат  MAGLUMI 2000 Plus ИХЛА-ның  орнына жаңа жетілдірілген түрі MAGLUMI X3 автоматты ИХЛА қондырғысы іске қосылды. MAGLUMI X3 – медициналық зертханаларда хемилюминесценциялық иммундық талдау (CLIA) арқылы диагностика жүргізетін анализатор. Ол әртүрлі ауруларды табуға көмектеседі.  Гормон, витамин, ақуыз сол секілді қандағы әртүрлі биомаркерлердің деңгейін анықтайды. Яғни кең ауқымды сынақтар жүргізеді. Сонымен қатар MAGLUMI X3 – жиі жұқпалы ауруларды, қалқанша безінің ауруларын, кардиологиялық және онкологиялық дерттерді диагностикалап береді. Оның басты ерекшелігі жоғары сезімталдығы мен дәлдігінде. Зертхана мамандары үшін аппарат таптырмас құрал. Аталмыш анализатор ИФА-мен салыстырғанда  талдаманы дәл орындайды және терең тексереді. Өйткені өлшеу жүйесі «тікелей» иммунохилюминесценцияға негізделген. Анализатор антигеннің оптикалық тығыздығын, сосын антидененің тығыздығын бөлек-бөлек санап нәтижесін шығарады. Науқастың АИТВ-ны жақын арада жұқтырғанын оң нәтиже көрсеткен антигенінің оптикалық тығыздығын салыстырмалы талдау арқылы білуге болады. Анализатордың тағы бір артықшылығы  бірінші анализ қорытындысын 55 минуттан  кейін дайын етеді. Келесі қан сынама нәтижелері 20 секунд сайын шығып отырады. Бұл аппарат толық автоматты режимде жұмыс істеп,  биологиялық материалдың (қанның) бір-бірімен араласып кетуіне жол бермейді, зертханашының шатасып кету мүмкіндігін болдырмайды. Өндіріс қуаты сағатына 200 талдау жасауға қауқарлы. Қысқасы MAGLUMI X3 зертхананың өндірістік қуатын арттыруға, серонегативті терезе кезеңін 2-3 аптаға дейін қысқартуға, сондай-ақ күмәнді нәтижелер санын азайтуға мүмкіндік береді.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу орталығының врач-эпидемиологы - Абиева Розаның айтуынша 1982 жылы медициналық есептер мен БАҚ-та ЖИТС-туралы алғашқы ақпарат жарияланған екен. Көп ұзамай 1987 жылы қатерлі дерт Қазақстанда да тіркелген. Жаңа аурудын алдын алу мен күрес жұмыстарын жүргізу мақсатында 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімінің Шымқалада ЖИТС орталығы ашылып, зертханалық диагностикасы енгізіледі. Алғашқы кезде орталықта 3 құрылымдық бөлім болыпты. Олар: профилактикалық және әдістемелік жұмысты ұйымдастыру, халықты эпидемиологиялық тексеру, зертхана бөлімдері.  

Ал арнайы клиникалық және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша жүргізілген тексерулер барысында 1993 жылы Шымкент қаласында алғашқы АИТВ жұқтырған науқас анықталады. Зертхананың кеңеюі, қызметкерлердің көбеюіне байланысты орталық 1998 жылы Кремль көшесіндегі жаңа ғимаратқа ауысады. Орталықтың қысқаша жетістіктеріне тоқталсақ, екі мыңыншы жылдың басынан бастап инемен есірткі тұтынушылар тәнін аудалаушылар арасында профилактика шараларды қолға алды. Оның ішінде инфекцияның анадан балаға берілуіне қарсы жұмыстар жүргізді. Ағымды цитометрия әдісімен иммунитет деңгейін анықтайтын аппарат алды. 2006 жылы ретровирусқа қарсы препараттармен ем жүргізіле бастады. Сол жылы жедел-тест әдісімен АИТВ-диагностикасы енгізілді. Қатынастан кейінгі алдын алу емі жүрзілді. Ретровирусқа қарсы терапия тиімділігін бақылау үшін ПЦР-диагностикаға көшті. 2021 жылдан бастап сау адамдарға АИТВ-ны жұқтырып алмау үшін қатынасқа дейінгі алдын алу емі бойынша шаралар қабылданды.

Бүгінгі таңда ЖИТС орталығында 123 медицина маманы жұмыс істейді. Олардың көпшілігі шетелде оқып, тәжірибе алмасып келгендер. Зертхананың өндірістік қуаты – тәулігіне екі мыңнан астам тексеру жүргізуге қауқарлы. Сондай-ақ АИТВ диагностикасында 4 ұрпақты сезімтал тесттер қолданылады. 

Қазақстан азаматтарына, қандастарға АИТВ-инфекциясын диагностикалау, емдеу, алдын алу шаралары тегін жүргізіледі. Диспансерлік есепте – 1821 науқас тіркеуде тұр. Олардың 1773-і вирусқа қарсы үздіксіз терапия қабылдауда. Емдеу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған, сапасы сертификатталған, клиникалық сынақтардан өткізілген препараттар қолданылады. АИТВ-жұқтырған жүкті әйелдерді профилактикалық емдеу нәтижесінде 668 сау нәресте дүниеге келді. Заманауи емдеу технологияларын қолдану нәтижесінде АИТВ-жұқтырған адамдардың өмір сүру ұзақтығы сау адамдармен теңесіп қалды. Мәселен  диспансерлік бақылаудағы пациенттердің ең жасы үлкені – 90 жасқа таяды. Қазір АИТВ-жұқтыру қаупі жоғары 189 адамға қатынасқа дейінгі алдын алу емі  жүргізіліп жатыр. АИТВ-мен ауыратын 17 жас жұптарымен некелесіп, отбасын құрып, өмірге сау ұрпақ әкелді. Жоғары кәсібилігі мен халық денсаулығын қорғаудағы жетістіктері үшін орталық қызметкерлері мемлекеттік, кәсіподақ атынан, салалық наградалармен марапатталған. Сонымен бірге мамандар жыл сайынғы медицина қызметкерлерінің спартакиадасында жүлделі орындардан көрініп жүр. 

Ендігі жерде орталық 2030 жылға қарай алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Ол АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамдардың 95% өз мәртебесін білуі тиіс. АИТВ-инфекциясымен ауыратын адамдардың 95% антиретровирустық терапияны тұрақты алып отыруы керек. Соңғысы антиретровирустық терапия алатын адамдардың 95%-да вирустық супрессия байқалуы қажет.

Осы тақырыпқа қатысты қызықты бір дерек бар. Германияда жасы 60-қа келген азамат ЖИТС ауруынан айығыпты. Оның жазылып кетуінің бірден-бір себебі 2015 жылы аққан ауруына ұшырап, сүйек миын ауыстарған. Сөйтіп 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін ЖИТС-ке қарсы препараттар қабылдамаған. Дәрігерлер оған «Берлиннің жаңа науқасы» деген лақап ат қойыпты. Германияда сүйек миын ауыстырған тағы 6 адам ЖИТС-тен құтылған. Алдағы күндері Мюних қаласында 25-ші халықаралық ЖИТСК-ке қарсы конференция өтеді. Соның қарсаңында осы қуанышты хабар медицина қауымдастығының алдында жарияланып отыр. Қан рагін емдеуде діңгекті жасушаларды егу әдісі қолданады. Ол күрделі әрі қауіпті медициналық шара. Бірақ Германияда тұратын науқас содан аққаннан да ЖИТС-тен де жазылып кеткен. Жалпы сүйек миын ауыстырып ЖИТС-тен жазылған бұл бірінші науқас емес. Оның алдында Браун деген адам 2008 жылы өзін ЖИТС-ті жеңгенін мәлімдеген. Ол да әлгіндей медициналық әдіс жасатқан. Бірақ 2020 жылы қатерлі ісіктен көз жұмады. Дегенмен жазылып кеткен науқасты емдеуші дәрігер әрі зерттеуші Кристиан Геплер ЖИТС әсері оның бойынан толық жойылды деп айту ертерек дейді. Медицина сарапшылары сондықтан әлі соңғы қорытындысын жасаған жоқ. Бірақ Геплер келешекте ЖИТС-ті емдеуге болатынына бұл жағдай үміт сыйлайтынын жеткізді. Өз кезегінде халықаралық ЖИТС қауымдастығының президенті Шарон Луин науқас бес жылдан бері дәрі ішпей келеді, демек ол қатерлі аурудан толық айықты деп жариялайтын күн жақын қалды дегенді мәлімдеді. Бір қызығы өмірде ЖИТС жұқпайтын адамдар болады екен. Оның себебі олардың бойында CCR5 дельта 32 деген арнайы ген бар. Бұл ген ЖИТС вирусының адам клеткасына өтіп кетуіне тосқауыл жасайды. Және мұндай ген екі нұсқада жүреді. Бірі адамның өзінде, екіншісі әкесінде болады. Бірақ бұл ген жүзден біреуде ғана, яғни өте сирек кездеседі екен. Германияда жазылған жеті адамның алтауы осындай гені бар донорлардың сүйек миын салдырған. Ал жетіншісі, біз әңгіме еткен науқас жалғыз нұсқадағы жай CCR5 гені бар донордың сүйек миына жүгінген. Соның өзінде айықпас инфекциядан жазылып кетіп отыр. Бұл деген сөз сүйек миын ауыстыру арқылы ертеңгі күні науқастарды ЖИТС-тен жаздыруға керемет мүмкіндіктер ашылмақ. 

Ә.ҚОНЫСБАЙ

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Жедел тест АИТВ-ны ерте анықтап береді