Алғашқы жедел қызмет кешені – Шымкентте

Жуырда Шымкент қаласында республикадағы теңдесі жоқ әмбебап жедел қызмет кешендері іске қосылды.  Алғашқы пайдалануға берілген нысан жаңа үлгідегі қызмет көрсету мекемесі болып табылады.

image.png

Аталған кешен Еңбекші ауданының Елтай тұрғын алабында орналасқан. Жақында өткен салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысып, мекеме жұмысына сәттілік тіледі.

Алғашқы құттықтау сөз алған министр Ш.Әрінов мұндай кешендерді құру – Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы және жедел қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Айта кету керек жаңа модель полиция, төтенше жағдайлар қызметі, өрт сөндіру және медициналық жедел жәрдем бөлімшелерінің бір нысанда шоғырланып, үйлесімді әрекет етуіне мүмкіндік береді. Көмек көрсету қызметтерін бір орталыққа жинау тәсілі оқиға орнына жету уақытын қысқартып, ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтеді дейді мамандар.

«Шымкент қаласында еліміз бойынша бірлесіп қызмет атқаратын депо алғаш рет халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Президент тапсырмасымен қолға алынған бұл бастама – бүкіл елге үлгі боларлық игі іс деуге болады. Ендігі жерде полиция, медицина, төтенше жағдайлар қызметі бір сапта тұрып, бір қауіпке бірге төтеп беруі – біздің басты қағидамызға айналады. Сондықтан төтенше жағдай саласындағы барлық мамандардың қызметіне сәттілік тілеймін», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Ш.Әрінов.

Жалпы Елтай мен Таскен шағын аудандарында ашылған модульдік кешендер осы заманауи талаптарға толық сай келетінін атап өткен жөн. Елтай елді мекеніндегі жаңа жедел қызметі туралы айтып өтсек, аталған бекет 3309 шаршы метр аумақта орналасқан, жалпы жер аумағы — 7 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен бірге модульдік кешен құрамында оқу мұнарасы, қызметкерлерге арналған кабинеттер, арнайы техникаға арналған бокстар мен маневр алаңы бар. Сондай-ақ орталықтандырылған қызмет кешенінде тәулік бойы елу шақты маман кез келген төтенше жағдайға дайын отырады.

Бұдан бөлек аталған нысан жергілікті бюджет есебінен бар-жоғы жарты жыл ішінде құрылысы салынып, ішкі жабдықталу жүйесі қазіргі заман талабына толық сәйкестендірілді. Бірыңғай қызмет көрсету кешені Елтай, Маятас, Тоғыс және Айнатас тұрғын алаптарында тұратын 25 мыңнан астам халыққа қызмет көрсететін болады. Модульдік кешендерді салтанатты тапсыру іс-шарасы аясында төтенше жағдайлар жүйесінің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтқанда Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов пен қалалық басқарма басшыларына ҚР Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хаты тапсырылды. Одан өзге, төтенше жағдайлар саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлер мен қызметкерлері ҚР ТЖМ-нің 30 жылдық мерекелік медалін кеуделеріне тақты.

Жалпы осы аталған қызметтің жүйелі жұмысына қалалық жедел жәрдем стансасы үлкен үлес қоспақ. Енді осы жедел жәрдем қызметінің жетістігі туралы да қоса кетсек, бүгінгі таңда мекеме заман ағымына сай жабдықталып, медициналық көмек көрсетудің барлық түрін қамтыған. Мәселен  Шымкент қалалық жедел жәрдем қызметінде симуляциялық орталық бұрыннан жұмыс істейді. Онда  ұстаздарға шұғыл жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетудің тәжірибелік әдістері үйретіліп тұрады. 

Мектепке көп кездесетін жағдайдың бірі ол баланың ұстамасы ұстап талып қалуы. Мұндай жағдайда тілін жұтып қоймасын деп аузына саусақты салып жіберетініміз немесе су беруге тырысатынымыз рас. Бұл дұрыс емес әдіс дейді, тіпті бала өміріне қатерлі болуы мүмкін екенін айтады алғашқы медициналық көмек көрсетуді тәжірибе жүзінде мұғалімдерге үйреткен медициналық жедел жәрдем бригадасының фельдшері Зафар Хасанов. Мұндай кезде ең дұрыс амал ол бала есін жоғалтқан кезде артық қозғалыстан зақым алып қалмау үшін бір жанына қарай жатқызып, өзіне келгенше қысып ұстап тұру екен. Егер тілдің астындағы бұлшық ет немесе қақырық тыныс алу жолын жауып қалса, тұншығып қалу қаупі туындайды. Сол үшін баланы бір жағына қарай жатқызу керек. Сонда тіл кері кетпейді, бала өз сілекейіне тұншықпайды. Талып, ұстамасы ұстап жатқанда баланың аузына су құю да өте қауіпті екенін айтады маман. Мұндайда бірден тұншығуы ықтимал. Сондықтан бір ғана амал бар ол есін жоғатқан баланы бір жағына қарай жантайтып, есін жиғанша ұстап отыру. Кейінгі жәрдемді ем шараларын  медицина мамандары асықпай жасай береді. 

 Мектепте ойын баласы дене жарақатын көп алады. Байқаусызда қол-аяғын шығарып алады немесе сындырып алуы мүмкін. Осы кезде әсіресе мұғалімнің алғашқы көмегі қатты қажет болады. Қол немесе аяқтың сынғанын төрт түрлі белгіден білуге болатынын айтады нұсқаушы-фельдшер. Мәселен сынған жер міндетті түрде ауырып, ісінеді. Түзу сүйек қисайып, ұстаған кезде сықырлағаны білініп тұрады. Міне осы белгілер анықталса, картон қағазды қолының астына қойып, матамен сынған жерін таңып тастау керек. Нұсқаушы фельдшердің айтуынша қолды таңбаса сынған сүйек қозғалақтап айналасындағы тамыр, жүйке талшықтарын зақымдауы мүмкін. Ал оның соңы ауыр зардаптарға соқтыруы ықтимал. Егер омыртқадан зақым келсе, жедел жәрдем бригадасы келгенше баланы шалқасынан жатқызып мүлдем қозғауға болмайды. Омыртқаның бүлінгенін аяқ-қолдың дұрыс істемеуінен немесе оқушының қозғала алмауынан білуге болады дейді маман.

Сондай-ақ дене жарақатын алу кезінде тамырдың кесіліп кетуі ғажап емес. Мұндайда бірінші кезекте тамырдағы қанды тоқтатуға әрекет ету қажет. Жалпы тамыр көк тамыр күре тамыр боп екіге бөлінеді. Тамырдың соғуын күре тамырдан анықтайды. Өйткені бұл тамырда қан нөпірі өте күшті болады. Ол үзіліп кетсе қан кәдімгідей шапшып атқылайды. Көк тамырда ондай емес. Дегенмен одан қан кетсе, ол тоқтағанша тамырдың үстінен қатты басып дереу медпункте жеткізу керек. Сол үшін де қос тамырда қан тоқтату әдістері әртүрлі болады дейді маман. Мәселен көк тамыр зақымдалса, үстіне қатты зат қойып арнайы жіппен тартып байлап тастайды. Жоғарыда айтқанымыздай күре тамырда бірнеше минут ішінде адам көп мөлшерде қан жоғалтып алуы кәдік. Негізінен білек, мойын, тізенің артқы бөлігі, шынтақтың жоғары жағындағы тамыр соғысынан күре тамырдың өткенін біле аламыз. 

«Егер күре тамыр үзілсе, дереу қолға мата орап, қан тақтағанша матаны қатты затпен бұрай беру керек. Шынтақтың жоғары бөлігінен қан сауласа, қолтық астына қатты зат қойып, қолды денемен бірге таңып байлайды. Мойындағы күре тамыр кесілсе, сау тұстағы қолды басқа тіреп мойынмен қосып қатты байлау қажет. «Бәле бөрік астында» демекші, кейде адамда күре тамырды зақымдап алу жағдайлары боп тұрады. Сондықтан мұғалімдердің күтпеген оқиғалардың бәріне дайын жүргені абзал» деді З.Хасанов.

Маманның айтуынша көбінесе күре тамырдан болатын жарақаттарды суицидтік әрекетке баратындар жасайтын көрінеді. Өлімнен аман қалса да тамыр кесілгеннің кері әсері жаман болатын көрінеді. Мәселен миға оттегі жетпей, талма ауруына ұшырауы немесе анемия басқа да түрлі кеселдерге шалдығуы мүмкін. Яғни күре тамырдың зақымдалуынан кейінгі адам денсаулығында қалатын зардаптар өте үлкен.  

Сонымен бірге маман бөгде зат жұтып қойып, дем ала алмай қалу оқиғалары әсіресе оқушылар мен балалар арасында жиі болып тұратыны жасырмады. Сондай сәттерде алғашқы медициналық көмек көрсету шапшаңдықты қажет етеді. Себебі санаулы секундтардың өзі адам тағдырын шешуі мүмкін. Ең бастысы мұндай қылыстаяң шақта салқынқандылықты сақтау маңызды. Бірінші кезекте егер кішкентай бала болса денесін еңкейтіп арқасынан жоғары қарай ұру қажет екен. Ересек жастағы адам болса арқасынан қапсыра құшақтап жұдырықпен асқазанның жоғарғы бөлігінен төбеге қарай бірден күшпен тартып қалу қажет. Сонда ауа қысымымен тыныс алу жолындағы кептеліп қалған зат сыртқа атып шығады. 

 «Биыл жаз ерекше ыстық болды. Оқушылар жазғы демалыста табиғат аясына шығып, өзен-көлде шомылды.  Бірақ қауіпсіздік ережесін сақтамау өкінішті жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Ұстаздар жылдың қай мезгілі болсын кез келген төтенше жағдайға дайын болулары керек. Сондықтан алғашқы медициналық көмекті көрсете білулері шарт. Мәселен суға батып тұншығып қалған балаға аузынан бес рет үрлеп дем беріледі. Егер ешқандай тіршіліктің белгісі байқалмаса, көкірек тұсынан 30 рет басып, 2 рет дем беру қажет. Яғни жасанды тыныс алу әрекетін жасайды. Жасанды демнен кейін кеудеге жиналған су сыртқа шығуы тиіс. Дей тұрғанмен маман баланың басын бір жағына қарай қисайтуды ұмытпау керектігін ескертеді.  Ең бастысы ұстаздар байбалам салмай, ішкі қорқынышын жеңіп, тәжірибеде оқып үйренгендерін шынайы өмірде көрсете білулері керек» дегенді айтты нұсқаушы фельдшер.  

«Өзім қаладағы №15 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Жедел жәрдем қызметіндегі симуляциялық орталықта семинарда болып, өзіме көп нәрсе түйдім. Балалар көп жағдайда дене шынықтыру пәнінде жарақат алып қалып жатады. Сондай кезде жедел ж»рдем жетем дегенше алғашқы көмек көрсетуге тура келеді. Сондықтан бүгінгі «ашық есік күнінде» медицина мамандарынан білмеген нәрсеміздің бәрін тәжірибе жүзінде көріп үйрендік. Алдағы уақытта егер көмек керек боп жатса, осында үйренген бар білімімді шынайы жағдайда іске асырам деген ойдамын. Ұстаздарға өте пайдалы мұндай дәріс кейін де жалғасын тапса екен деген үміттемін» дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Н.Рахметов. 

Ә.БАЛТАБАЙ