Инвесторларға қолайлы қала

Соңғы бірнеше жылда Шымкент қаласы елімізде инвестицияны тартудан көш бастаған санаулы аймақтардың қатарынан көрініп жүр.  Еліміздің үшінші мегаполисінің экономикасы   үлкен қарқынмен дамып келе жатқанына сарапшылар ерекше мән беріп отыр.  

image.png

Ел Президенті Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында «Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы қажет», – деп мәлімдеген болатын.  Басқа басқа,  инвестиция тарту ісі Шымкентте жақсы жолға қойылғандығын атап өткен жөн. 

Шымкент қаласы әкімдігі инвестициялық жобаларға мониторинг жасап, қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында жүйелі қадамдарды іске асыра білді. Соның арқасында орасан зор жетістіктерге қол жеткізіліп отыр. Мәселен, былтыр қалаға 768,2 млрд  теңгеге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 12,4%-ға артты. Инвестициялардың негізгі көлемі жылжымайтын мүлікпен операцияларға, өнеркәсіпке және көлік және қоймалауға бағытталды. 2024 жылы іске асырылған ірі жобалардың қатарына «СП Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС-ның  алкогольсіз сусындар шығаратын зауытын, «Wan Sheng Ceramic» компаниясының  керамикалық тақталар өндірісі атап өтуге болады. Бұдан бөлек 2024 жылы қолданыстағы 5 өндірістік аймаққа қосымша аумағы 438 гектарды құрайтын жаңадан толық инфрақұрылыммен қамтылған «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриялық аймақтары іске қосылды. 

Биылғы меже одан да биік. Ел Үкіметі бекіткен декомпозицияға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Шымкентке 1 трлн 54 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған.  Сонымен қатар, 2025–2029 жылдары өңдеу өнеркәсібінде 112 кәсіпорын ашу көзделуде. Бұл жобаларға 406 млрд теңге инвестиция тартылып, 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.  Қарқынды өсім, жаңа өндірістер, инвесторлар ағыны, технологиялық жобалар - осының бәрі оңтүстік мегаполистің қазіргі тынысын айқындайды. 

Орта Азия кеңістігіндегі ең ірі бес қаланың қатарына кіретін Шымкент соңғы жылдары тек қолайлы климаты немесе демографиялық өсімімен ғана емес, өндірістік және кәсіпкерлік орталық ретінде де айрықша назарға ілігіп отыр. Елдегі үш мегаполистің бірі болу - мәртебе ғана емес, әлбетте, үлкен жауапкершілік. Өйткені мегаполистің дамуы бүкіл өңірдің экономикалық бағытын анықтайды.  Шымкенттің экономикалық тартымдылығы артқан сайын инвесторлардың саны да көбейіп келеді. Қалада индустриялық-инновациялық бағыттағы жобалар шоғырланып, жаңа кәсіпорындар ел экономикасына тың серпін беруде. Бірақ қаржының келуі өздігінен жүре беретін процесс емес. Инвестицияны тарту үшін ашық әрі қолайлы орта, түсінікті рәсімдер, кәсіби сүйемелдеу жұмысы қажет.

Осы міндетті жүзеге асыруда қала әкімдігі қолдауымен ашылған Shymkent Invest фронт офисінің рөлі ерекше. Инвесторды қаламен табыстырып, бизнес пен биліктің арасын жалғайтын осы құрылым қазіргі даму моделінің негізгі тетігіне айналды.  Бұл классикалық «кеңес беретін орталық» емес, инвестор үшін қауіпсіз аймақ, бағыт көрсетуші, бюрократиялық кедергілерді азайтатын әмбебап қызмет алаңы.

Инвестиция тек ақша тарту емес, жаңа жұмыс орындары, салық түсімі, әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы, жаңа технологиялардың келуі деген сөз. Қай өңір де осындай нәтижеге ұмтылады, бірақ инвестицияның тұрақты келуі үшін сенімділік ауадай қажет. Егер инвестор өзін қорғаулы сезінбесе, ол қалаға қаржы салмайды, жоспарлаған өндірісін іске қоспайды. Соңғы жылдары Шымкент әкімдігі инвестор сенімін қалыптастыру үшін айтарлықтай жүйелі қадамдарға барды. Әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, ашықтықты арттыру, бизнеске қажет ақпаратты қолжетімді ету — осының бәрі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған.   Инвестор үшін ең қиын кезең алғашқы қадамдар. Қай құжат керек? Рұқсатты қайдан аламын? Жер телімі қалай рәсімделеді? Инфрақұрылым жеткізіле ме? Міне, осы сауалдарға нақты әрі жедел жауап беру фронт офистің күнделікті міндеті. Мұндай қолдау халықаралық тәжірибеде «бір терезе» жүйесі ретінде белгілі. Уақыт пен ресурс үнемдеу қазіргі бәсекеге толы экономикалық ортада аса құнды артықшылық. Шымкент дәл осы тәсілді жүйелі енгізіп, инвесторлар үшін тартымды ортаны қалыптастырып отыр.

Дегенмен кез келген динамикалы қалада туындайтын мәселелер бар. Инвесторлар көбіне рұқсат құжаттары мен техникалық шарттар алу кезіндегі уақыт шығынын атап өтеді. Кей жағдайларда инфрақұрылымның дер кезінде дайын болмауы, инженерлік желілердің қуатының жеткіліксіздігі өндірістің басталуын баяулатуы мүмкін. Бұл дамуы жылдам өңірлерге тән уақытша қиындықтар. Бірақ инвестор үшін уақыт өте қымбат. Сондықтан мұндай мәселені жүйелі шешу ең негізгі міндет. Фронт офистің басшысы Дінмұхаммед Зиятбековтің айтуынша, мекеме тек инвесторды сүйемелдеумен шектелмейді, сонымен бірге қала экономикасына қажет бағыттарды анықтап отыратын аналитикалық жұмыс жүргізеді. Арнайы департамент белгілі бір сала сұранысқа ие болса, сол бағыт бойынша презентациялар дайындап, сыртқы істер министрлігі арқылы шетелдік компанияларға жібереді. Немесе елге келген инвесторларға сол саланың мүмкіндіктерін таныстырады. Бұл Шымкенттің экономикасын мақсатты түрде әртараптандыруға бағытталған маңызды жұмыс.

Shymkent Invest үшін инвестор жергілікті ме, шетелдік пе айырмашылық жоқ. Құжаттың өз ерекшеліктері бар болғанымен, берілетін мемлекеттік қолдау, жасалатын жеңілдіктер бірдей. Жергілікті кәсіпкерлермен де, халықаралық компаниялармен де бірдей талаппен жұмыс жүргізіледі. Екі тарапқа да ортақ басты критерий - әр жобаның қала дамуына қосатын үлесі.

Инвесторлар жиі айтатын тағы бір мәселе — кадр тапшылығы. Әсіресе жоғары технологиялық өндірістерде механика, электроника, автоматтандыру, IT саласындағы мамандарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Бұл тек Шымкентке емес, бүкіл елге ортақ тенденция. Қалада бұл мәселені шешу үшін дуальды оқыту жүйесін күшейту, индустриялық колледждердің материалдық базасын жаңарту, кәсіби даярлау орталықтарын жетілдіру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Фронт офис бұл тақырыпты инвесторлармен ашық талқылап, ортақ шешім жолдарын қарастырады.

Жер телімін рәсімдеу де өзекті бағыт. Бұл процесс кейде жер қорының шектеулілігіне, меншік иелерімен келісу қажеттілігіне немесе мақсатты пайдалану режимін өзгерту тәртібіне байланысты созылуы мүмкін. Shymkent Invest дәл осы тұста инвестордың мүддесін қорғап, жер қатынастары бөлімімен тығыз жұмыс істей отырып, процесті жылдамдатуға ықпал етеді. Атқарылған жұмыстың негізгі өлшемі инвестордың уақытын үнемдеу.

Инвестор үшін маңызды факторлардың бірі - тұрақтылық. Салық саясатының, мемлекеттік бағдарламалардың, заңнаманың ұзақ мерзімділігі  сенімді арттыратын негізгі көрсеткіш. Осы бағытта Шымкенттің бизнес ортасы соңғы жылдары айтарлықтай тұрақтылық көрсетіп келеді. Инвесторлардың қалаға деген қызығушылығының артуы да осының айқын белгісі болса керек.

Биылғы жылдың басында Шымкентке тартылған инвестиция көлемі 233 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 54 пайызға өскені жарияланған болатын. Бұл өңірдің инвестициялық кеңістігіне деген сенімнің нақты көрінісі. Үкімет бекіткен биылғы меже — 1 трлн 54 млрд теңге. Әрине, ірі көрсеткіш, қаламыз да осы қарқынға сай даму үстінде. Мұнда мәселе тек көрсеткіште емес, тартылатын жобалардың сапасында. Жаңашылдық әкелетін, экономиканы әртараптандыратын, еңбек өнімділігін арттыратын жобалар ғана қаланы ұзақ мерзімді дамуға жетелейді.

Осы жылдардағы ең ірі жобалардың бірі — «Alsera KZ» жылыжай кешені. Құны 650 млн долларды құрайтын бұл жоба Орта Азиядағы ең көлемді жылыжай саналады. Кешеннің жылдық қуаты — 155 мың тонна. Жобаның алғашқы өнімін осы жылы алу да үлкен жетістік. Қазіргі таңда 2 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр, ал толық іске қосылғанда 6500 адам жұмыспен қамтылады. Жоба аясында агроакадемиялық орталық пен зертхана салынуы өңірдегі агросаланы жаңа деңгейге көтеретін бастама. Бұл тек өндіріс емес, адами капиталды дамытуға бағытталған жоба.

Экология тақырыбында да қала ілгері қадам жасады. Министрлікпен бірлесіп іске асқан тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы энергия өндіру жобасы экологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді бастама. Құны 55 млрд теңгені құрайтын бұл кешен қаланың экологиялық жүктемесін азайтып, жаңа энергия көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өндеу өнеркәсібін күшейту — Шымкенттің алдағы бес жылдық басты мақсаты. 2025–2029 жылдары 112 жаңа кәсіпорын ашу жоспарланған. 406 млрд теңге инвестиция тартылып, 8,5 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Наурызда пайдалануға берілген алюминий қаптама өндіретін «QazAlPack» зауыты осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл жоба қалаға жаңа өндіріс мәдениетін, жаңа технология алып келді.

Әрбір іске қосылған зауыт экономикалық көрсеткіш қана емес, мыңдаған адамның жаңа мүмкіндігі, жаңа мамандықтардың пайда болуы, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы. Бұл ұзақмерзімді даму мәдениетінің қалыптасуы. Ең маңыздысы Шымкент инвестиция тартудың жаңа мәдениетін қалыптастырып жатыр. Бүгінгі әлемде инвесторды тартып қана қоймай, оны ұстап қалу қабілеті өте маңызды. Шымкент бұл бағытта серіктестік моделін таңдады. Инвестор мен әкімдік арасындағы байланыс, келісім мен ашық диалог — экономикалық тұрақтылықтың кілті.

Қала қазір инвестицияны қабылдайтын ғана емес, оған дайын орта қалыптастыра алатын деңгейге көтеріліп келеді. Индустриялық аймақтардың кеңеюі, инфрақұрылымның жетілдірілуі, кадр даярлау жүйесінің жаңаруы — стратегиялық бағыттың мықтылығын көрсетеді. Егер жоспарланған жобалар толықтай жүзеге асса, Шымкенттің Орталық Азиядағы өндірістік және логистикалық хабқа айналу мүмкіндігі зор. Ең бастысы бүгінгі серпінді жоғалтпау, ашықтықты сақтау және тиімділікті арттыру. Себебі сенім бар жерде ғана инвестиция келеді. Ал сенім бүгінде Шымкенттің басты капиталына айналып отыр.

Аида ӨТЕП

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Инвесторларға қолайлы қала