Заң бетіңді тұмшалауға қарсы

Қоғамдық қауіпсіздік, азаматтардың тыныштығы мен құқықтарының қорғалуы кез-келген мемлекет үшін ең басты міндет. Бұл заң үстемдігі қалыптасқан, тәртіп пен құқықтық мәдениеті орныққан елдің негізгі белгілерінің бірі.

image.png

«Заң мен тәртіп» қағидатын ұстану қоғам мүшелерінің өзара сенімін арттырумен қатар, олардың қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасайды. Біздің елде де бұл ұстаным мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып, тұрмыс пен қоғамдық қатынастардың барлық саласында көрініс тауып келеді. Соның бір дәлелі – Шымкент қаласында полиция қызметкерлерінің қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін анықтауға кедергі келтіретін киімдерге қатысты заң талаптарын түсіндіру мақсатында жүргізіп жатқан ақпараттық жұмыстары. Бұл шара бір қарағанда тек киімге қатысты түсіндіру жұмысы болып көрінгенімен, түптеп келгенде мемлекеттің қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың мүддесін қорғау жолындағы жүйелі қызметінің бір бөлігі.

Полиция қызметкерлерінің мұндай түсіндіру жұмыстарын жандандыруы құқық қорғау органдарының алдын алу тәсілдерін күшейтуге деген талпынысын көрсетсе керек. Қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу, құқықбұзушылықтың алдын алу тек қатаң шаралар қабылдаумен шектелмейтін, ең алдымен түсіндіруге, диалогқа және қоғаммен байланыс орнатуға бағытталған процесс. Заң талаптарын түсіндіру, әрбір азаматқа құқықтық норманың мәнін, мақсаты мен қолданылу аясын жеткізу өркениетті елдерде қалыптасқан тәжірибе. Полицияның тұрғындармен ашық байланыс орнатуы бір жағынан құқықтық мәдениетті арттырса, екінші жағынан қабылданған норманың дұрыс түсінілуін қамтамасыз етеді, қоғам арасында артық түсінбеушілік пен жалған ақпараттың таралуына жол бермейді.

Бет-жүзді толық жауып, адамның кім екенін анықтауға мүмкіндік бермейтін киімдерге шектеу қою нормасы да осындай мақсаттан туындаған. Мұндағы негізгі ниет ешкімнің діни сенім еркіндігін шектеу емес, керісінше, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тәртіпті сақтау. Заманауи әлемдегі қауіп-қатерлердің сипаты өзгерген сайын, мемлекет те бейімделуге мәжбүр. Қоғамдық орындарда адам тұлғасын тану мүмкіндігі тәртіп сақшылары үшін ғана емес, күнделікті өмірде қылмыстың алдын алуға және қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуге арналған маңызды талап. Беті тұтастай жабылған азаматты камералар да, кезекші полиция қызметкері де, тіпті айналасында жүрген қарапайым адамдар да оңай тани алмайды. Мұндай жағдайлар әртүрлі қауіптің пайда болуына мүмкіндік беретіні белгілі.

Сондықтан полиция қызметкерлерінің айтуынша, қойылған шектеу тек адамның бет-жүзін толық жауып, тұлғаны тануға мүмкіндік бермейтін киімдерге ғана қатысты. Бұл дегеніміз бетперде, маска немесе бетінің түгелін жабатын никаб секілді киімдер. Ал діни киімнің өзге түрлері – хиджаб, химар, шейла, аль-амира сияқты, яғни адамның беті ашық қалатын мұсылман әйелдерінің киімдері аталған тыйымға жатпайды. Бұл жерде мемлекет діни сенімге қысым жасамайтынын, ешкімнің наным-сенімін шектемеуге бағытталғанын айқын көрсетеді. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде дін бостандығына кепілдік береді, әркімнің жеке құқығы мен еркіндігіне құрметпен қарайды. Дегенмен, зайырлылық ұстанымы елдегі барлық заңдар бүкіл қоғамның игілігі, қауіпсіздігі және тыныштығы үшін қабылданатынын білдіреді. Егер жеке сенім қоғамдық мүддемен үйлессе, үйлесім сақталады; ал белгілі бір әрекет қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтірсе, онда мемлекет реттеуге міндетті.

Шымкенттегі түсіндіру жұмыстары дәл осы тепе-теңдікті сақтауды көздейді. Полиция қызметкерлері тұрғындарға заң нормасының қай жерде, қалай және қандай жағдайда қолданылатынын нақты түсіндіру арқылы қоғамды негізсіз күмән мен қате түсініктерден қорғап отыр. Кейде ақпараттың бұрмалануы немесе интернеттегі жалған мәліметтердің салдарынан қоғамда дау тудыратын мәселелер туындап жатады. Бұл ретте ресми органдардың түсіндіруі ең дұрыс және тиімді жол екені анық. Діни киімдерге қатысты сұрақ Қазақстанда да, әлемнің көптеген мемлекетінде де жиі талқыланатын тақырыпқа айналғаны белгілі. Сондықтан бұл мәселені дұрыс талқылау және сауатты ақпарат беру әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды элементтерінің бірі.

Заң нормасының басты ерекшелігі тек қауіпсіздікке нақты қауіп төндіретін жағдайларды ғана қамтиды. Яғни шектеу адамның бет-жүзін толық жауып, тұлғасын тануға жол бермейтін деңгейдегі киімдерге ғана қолданылады. Бұл тұрғыдан алғанда, діни кейіптегі киімнің қандай да бір бөлігі немесе элементі емес, адамның бетінің ашық болуы – негізгі талап. Мұндай тәсіл әлемдік тәжірибеде де бар. Көптеген мемлекеттер қоғамдық орындарда тұлғаны тануға кедергі келтіретін жабдықтарға шектеу қояды. Бұл бүгінде қалыпты нормаға айналған халықаралық практика.

Сонымен қатар аталған талап денсаулық жағдайына байланысты, ауа райының қолайсыздығына қатысты немесе белгілі бір кәсіби міндеттерді атқару барысында бетін жабуға мәжбүр азаматтарға қолданылмайды. Яғни, маска тағуы тиіс медициналық қызметкерлер, қауіпсіздік техникасы талап ететін өндіріс жұмысшылары, аязда бет-жүзін жабатын тұрғындар, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысушылар бұл талаптың шеңберіне енбейді. Бұл да заңның басты ерекшелігі оның жалпыға бірдей емес, нақты жағдайға байланысты қолданылатынын көрсетеді. Яғни заңда адамға қысым жасау мақсаты жоқ, керісінше, оның негізгі міндеті қоғам мүддесін қорғау.

Осы талаптың тағы бір маңызды қыры бар. Ол құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетеді. Қазіргі таңда бейнебақылау камералары қаланың көптеген қоғамдық орнына орнатылған, бұл қылмыстың алдын алуға және құқықбұзушылықты жылдам анықтауға септігін тигізеді. Алайда камералар адамның бет-жүзін анық көрген жағдайда ғана тиімді жұмыс істейді. Беті толық жабылған адамды тану мүмкін болмаса, камералардың да, полиция қызметкерлерінің де жұмыс нәтижелілігі төмендейді. Осы орайда заң талабы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды тетік.

Тұрғындармен жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға да ықпал етеді. Құқық қорғау органдарының қызметі көбіне жазалауға немесе қатаң бақылауға бағытталғандай көрінуі мүмкін. Алайда,  алдын алу, түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – бұл да полиция жұмысының үлкен бөлігін құрайды. Мұндай ашықтық қоғамда құқықтық сауаттылықты арттырып, әр азаматтың заңды түсініп, өз еркімен орындауына ықпал етеді. Түсіндіру жұмыстары бір жағынан профилактика болса, екінші жағынан азаматтардың полиция қызметіне деген көзқарасының жақсаруына мүмкіндік береді.

Қоғамдағы әрбір талап пен норманың артында белгілі бір қажеттілік тұратыны анық. Тұлғаның бет-жүзін тану қажеттілігі де жайдан-жай пайда болған жоқ. Әлемдегі түрлі оқиғалар, терроризм қаупі, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздіктер сияқты құбылыстар мемлекеттерді алдын алу шараларын күшейтуге итермелейді. Әрине, бұл шаралар әр қоғамда түрлі қабылдануы мүмкін. Бірақ Қазақстандағы заң нормасы адамдардың сеніміне қысым жасамайтын, тек нақты қауіптің алдын алуға бағытталған шектен шықпайтын талап болып отыр. Сондықтан полицияның бұл норманы егжей-тегжейлі түсіндіруі қоғам үшін қажет қадам.

Сонымен бірге қоғамдық тәртіп сақталуы үшін құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам бірлесіп әрекет етуі тиіс. Заңды сақтаудың тиімді болуы көбіне әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Егер тұрғындар заң нормаларын толық түсініп, оны дұрыс орындайтын болса, қоғамдық тәртіптің бұзылу жағдайлары да азаяды. Демек, полицияның түсіндіру жұмысы полиция мен халық арасындағы серіктестікке жол ашатынлығы анық. Қоғамда құқықтық тәрбие қалыптасқан сайын, қылмыс та азайып, адамдардың бір-біріне деген сенімі артады.

Шымкенттегі бұл бастама қоғамның құқықтық мәдениетін арттырумен қатар, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Ең маңыздысы бұл процесс диалог пен өзара түсіністікке құрылған. Полиция заң нормасын түсіндіре отырып, тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап береді, ескертулерін тыңдайды, алаңдаушылықтарды сейілтеді. Осы арқылы заң талаптары қоғам тарапынан дұрыстап қабылдануын қамтамасыз етеді. Қандай да бір норманың дұрыс қабылдануы оның дұрыс түсіндірілуіне байланысты. Ал ашық және айқын коммуникация бұл тұрғыда ең тиімді құрал.

«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы әрбір әрекеттің ортақ ережелерге бағынатынын көрсетеді. Бұл ережелерді сақтау азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізі. Бет-жүзді тануға мүмкіндік бермейтін киімдерге шектеу де осы ережелердің бірі ретінде қарастырылуы керек. Қауіпсіз қоғамда әр адам өзін еркін әрі сенімді сезінуі тиіс. Қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін кез келген фактор мемлекет тарапынан реттелуі заңды. Бірақ бұл реттеу адамның жеке бостандығына қол сұқпауы керек. Қазақстандағы аталған норма осы тепе-теңдікті сақтайды. Діни сенім бостандығы шектелмейді, тек қоғамдық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіретін элементке ғана шектеу қойылады.

Соңғы жылдары әлем елдерінде тұлғаны тануға кедергі келтіретін киімге қатысты түрлі пікірталастар жүріп жатқанымен, біздің еліміз бұл мәселеде барынша жұмсақ әрі түсіндіру арқылы жүзеге асатын тәсілге жүгініп отыр. Бұл бір жағынан азаматтардың құқықтарын құрметтеу болса, екінші жағынан құқық қорғау органдары мен халық арасындағы сенімді арттыруға бағытталған қадам. Заң талаптарын түсіну оның орындалуының басты алғышарты. Ал қоғамға түсінікті әрі қолжетімді тілде жеткізілген ақпарат құқықтық мәдениеттің дамуына зор үлес қосады.

Түйіндей келгенде, Шымкентте полиция қызметкерлерінің жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстары қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында қабылданған заңды норманың дұрыс әрі байыпты түрде іске асуына бағытталған өзекті шара. Бұл бастама «Заң мен тәртіп» қағидатының нақты көрінісі. Елдің тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі ортақ құндылық. Сол құндылықты сақтау жолында мемлекет те, қоғам да бірлесіп әрекет етуі тиіс. Ортақ жауапкершілік, өзара түсіністік және құқықтық мәдениет – тұрақты, қауіпсіз және үйлесімді қоғамның негізі. Полицияның бұл бағыттағы қызметі тек талап қою емес, ең алдымен түсіндіру, саналы қоғам қалыптастыру, азаматпен ашық диалог орнату жолындағы маңызды қадам. Міне, сондықтан да аталған түсіндіру жұмыстары тек құқықтық норманы түсіндіру ғана емес, қоғамда заңға деген құрметті арттыруға бағытталған мәні зор іс-шара ретінде бағалануы керек.

Аида ӨТЕП

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Заң бетіңді тұмшалауға қарсы