«Таза Қазақстанға» бір қадам
Шымкент қаласында кезекті экологиялық акция – «Таза Қазақстан» жалпы қалалық сенбілігі ұйымдастырылды. Қала аумағын ретке келтіруді көздеген бұл шараға түрлі мекемелер мен қала тұрғындары қатысып, барлық ауданнан еріктілер мен қызметкерлер жұмылдырылды.

Шымкент қаласының Жайлы ортаны дамыту басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, биылғы сенбілікке қатысушылар саны да, тартылған ресурстар көлемі де өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болған. Қала көшелері, қоғамдық аумақтар, демалыс орындары, арық-атыздар және санитарлық жағдайы сын көтермейтін орындар тазартылып, қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
Жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Шатырбек Абдилахатовтың айтуынша, сенбілікке мемлекеттік мекемелерден бастап, жеке ұйымдар мен түрлі еңбек ұжымдары кең көлемде қосылды. Қоғамдық жұмысқа қатысуға ниет танытқан қала тұрғындарының саны да айтарлықтай көп болды. Әсіресе жастар белсенділік танытып, мектептер мен жоғары оқу орындарының студенттері өз ортасын таза ұстау мәдениетінің маңызын іс жүзінде көрсетіп шықты. Басқарма өкілдері мұндай сенбіліктің басты мақсаты – қаланы тазарту ғана емес, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.
Сенбілік барысында қала аудандары өздеріне бекітілген аумақтарда жұмыс жүргізді. Халық көп жүретін көшелер мен саябақтардан бастап, бұрын назардан тыс қалып жүретін алыс учаскелер де ретке келтірілді. Қызметкерлерге қажетті құрал-жабдықтар таратылып, санитарлық қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Жұмыс барысында жиналған қоқыс арнайы белгіленген орындарға тасымалданды, ал кейбір аумақтарда көлемді құрылыс қалдықтары да шығарылды. Бұл шара қаланың жалпы санитарлық жағдайын жақсартып, тазалық мәселесіне қатысты қоғамның назарын күшейтті.
Шараға жүздеген арнайы техника жұмылдырылып, түрлі жүк көліктері, тракторлар, жол тазалайтын машиналар және коммуналдық қызметтердің басқа да техникалық құралдары пайдаланылды. Қызметкерлер мен еріктілердің үйлесімді еңбегінің арқасында қаладағы көптеген аумақтар қысқа уақыттың ішінде тазарып, ретке келтірілді. Бұл жұмысқа қатысқан мамандардың айтуынша, қалада жиналып қалатын тұрмыстық қалдық көлемі жыл сайын артып келеді, сондықтан осындай сенбіліктер экологиялық тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады.
Жиналған қалдықтың жалпы көлемі де аз емес. Бір күннің ішінде шығарылған тұрмыстық және құрылыс қалдықтары қаланың санитарлық ахуалын біршама жақсартты. Мұның бәрі қала тұрғындарының денсаулығына оң әсер ететіні белгілі. Ауа сапасы, экологиялық қауіпсіздік, қоғамдық аумақтардың санитарлық жағдайы барлығы да қаланың өмір сапасына тікелей ықпал етеді. Сондықтан Жайлы ортаны дамыту басқармасы мұндай шараларды жүйелі негізде жалғастыру қажет екенін айтады.
Басқарма басшысы да сенбілікке қатысты пікір білдіре келе, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары тек сенбілікпен шектелмейтінін, тұрғындарды табиғатты аялауға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобалар тұрақты түрде жүргізілетінін жеткізді. Оның айтуынша, мегаполисте халық санының өсуіне байланысты тұрмыстық қалдық көлемі де артып келеді. Осыған орай, қоқысты дұрыс тастау мәдениетін қалыптастыру, қалдықтарды сұрыптау жүйесін дамыту және заңсыз қоқыс орындарын жою алдағы басым бағыттардың бірі болмақ.
Сенбілікке қатысқан тұрғындар да бұл акцияның маңызын атап өтті. Көпшілік мұндай шаралар қоғамның бірігуіне, адамдардың ортақ мақсатқа ұмтылуына ықпал ететінін және экологиялық жауапкершілікті арттыратынын айтты. Кейбір тұрғындар сенбілікке отбасымен шыққанын, мұны балаларға үлгі болудың бір жолы деп санайтынын жеткізді. Олар үшін қаланың тазалығына үлес қосу азаматтық борыш қана емес, күнделікті әдетке айналуға тиіс мәдени мінез-құлық.
Жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандары тұрғындарға белсенділігі үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да осындай бастамалардың тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді. Басқарма өкілдері қалада экология мәселесі күн тәртібінен түспейтінін, тазалықты сақтау жұмыстары жыл бойы жүргізілетінін, сонымен қатар абаттандыру және жасыл желекті көбейту бағытында жаңа жобалар жүзеге асатынын айтты. Қала аумағында ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды кеңейту, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары да жалғаса береді.
Жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Шатырбек Абдилахатов: «Біздің басты мақсат қаламыздың жасыл желегін көбейту, абаттандыру, қоғамдық орындарды көгалдандыру арқылы қала тұрғындарына жайлы, таза, экологиялық жағынан қауіпсіз орта жасау. Қала дамуы қарқынды жүріп жатқандықтан, тұрғындарының да күн сайын саны өсіп келеді. Бұл инфрақұрылым мен тұрғын үй салу ғана емес, сондай-ақ қоршаған ортаға, табиғи ортаның сақталуына деген жауапкершілікті арттырады. Осыған орай, «Жасыл белдеу» мекемесі ретінде біз өз міндетімізді жақсы түсінеміз. Көшелер, үй маңайлары, саябақтар, жаяу жүретін жолдар, барлығы адам өмірінің бір бөлігі, ал олар таза әрі жасыл желекті болғаны маңызды. Біздің мекеме «қарапайым» саябақ қызметі емес. Біз қаланың шеткі аудандары мен жаңадан бой көтерген шағынаудандарда да ағаш отырғызуды, жасыл белдеуді ұлғайтуды, аумақтарды абаттандыруды жоспарлап, жүзеге асырамыз. Мәселен, жақында шеткі аумақтардың біріндегі ондаған гектар жерге жүз мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызу басталды. Бұл болашақта тұрғындарға таза ауа, көлеңке, тыныш демалыс орны болмақ. Бірақ басты жұмыс ағаш отырғызу ғана емес. Суару, күтім, көгалдарды қорғау, оларды зиянданудан сақтау барлығы да маңызды. Біз экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қаланың жасыл желегін сақтау үшін жүйелі жұмыс жүргіземіз. Тұрғындармен арадағы байланыс та біз үшін маңызды. Себебі қала әр адамның ортақ үйі, ал оның тазалығы тек бір ғана мекеменің міндеті емес, әр тұрғынның борышы. Сонымен қатар, «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тек жасыл алқаптарды кеңейту емес, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаланың абаттанған, жинақы, жайлы болуын көздейтін мекеме. Біз қала аумағын ретке келтіру кезінде санитарлық жағдайға, табиғи ортаға зиянды қалдықтардан таза болуға, жасыл желектердің сақталуына мән береміз. Меніңше, бүгінгі жастар, тұрғындар біздің ең басты серіктестеріміз. Олар да бізбен бірлесіп, қалаға жанашырлықпен қарағандары жөн болар еді. Әр ағаш болашақтың кепілі, әр таза көше мәдениеттің көрінісі. Сондықтан «Жасыл белдеу» жұмысын жәй жалғастырып қана қоймай, тұрғындарды, ұйымдарды, әр азаматты осы іске тартуды мақсат етеміз. Таза қаланы қалыптастыру бәріміздің ортақ борышымыз. Егер мұндай экологиялық бастамалар тұрақты әрі жүйелі түрде болса, Шымкент жақын уақытта жайлы, жасыл, салауатты қалаға айналарына сенемін. Біздің міндет сол болашаққа қадам жасау», - деді.
Иә, расында да Шымкент қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Мұнда жаңа шағынаудандар салынып, инфрақұрылым кеңейіп, тұрғындардың саны артып келеді. Осындай кезеңде қала тазалығына деген көзқарастың жоғары болуы, әлбетте, маңызды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген сенбілік қала тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін күшейтіп, табиғатқа жанашырлықпен қараудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Бұл тек бір күндік акция емес, қала мәдениетін қалыптастыратын ұзақ мерзімді үрдістің бір бөлігі болуы керек-ақ.
Сенбіліктің негізгі жетістігі жиналған қоқыс көлемі емес, адамдардың экологияға деген ұстанымында байқалған өзгеріс. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру уақытты, жүйелі жұмысты талап ететін процесс. Сондықтан осындай бастамалар қаладағы санитарлық тазалықты нығайтып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертеді. Әрбір тұрғын тазалықтың сақталуына өз үлесін қосқан сайын Шымкент таза әрі жайлы қалаға айнала түседі.
Бұл сенбілік Жайлы ортаны дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен ауқымды акцияның бір парасы ғана. Алдағы уақытта да қала экологиясын жақсартуға бағытталған көптеген шаралар өткізіледі. Қала және аудан әкімдіктері, коммуналдық қызмет мамандары, еріктілер мен тұрғындар күш біріктірген жағдайда мегаполистің экологиялық ахуалы тұрақты түрде жақсара беретіні сөзсіз. Басқарма өкілдері тұрғындарды табиғатты аялауға шақырып, әркімге өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қараудың маңызын еске салды.
Шымкентте өткен жалпы қалалық сенбілік қала өміріндегі маңызды экологиялық оқиға. Қала тұрғындарының белсенділігі мен ынтымақтастығы мегаполистің болашақтағы экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге негіз болады. Тазалық – әрбір тұрғынның күнделікті таңдауынан басталады. Ал мұндай сенбіліктер сол таңдауды дұрыс бағытқа бұратын қоғамдық күшке айналып отыр.
Аида ӨТЕП
