«Бала тілі - бал» логопед қоғамға қажет мамандық

Ата-аналар балаларының денсаулығы үшін қатты алаңдайтыны белгілі. Әсіресе баланың тілі уақтылы шықпауынан қатты қауіптенеді. Сондықтан да олар балаларын дер кезінде арнайы мамандарға көрсету керек.

image.png

Шымкент қаласында нәтижелі жұмысымен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген Мадина Жақсылық есімді азаматша логопед-дефектолог болып жұмыс істейді. Талай бүлдіршіннің таза сөйлеуіне септігін тигізіп жүрген еңбек адамының басты ұстанымы – адалдық. Мадина ханымның түсінігінде мамандыққа адалдық деген істі тек ақша немесе пайда табу үшін емес, қоғамға қызмет ету, өз еңбегінің нәтижесіне қуану үшін орындау. Адал маман өзінің кәсіптік міндетін мінсіз атқаруға ұмтылады, үнемі өзін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге талпынады. Өйткені ол мамандығын өз өмірінің бір бөлігі, қоғам алдындағы борышы деп түсінеді. Және ең бастысы алдына келген клиенттерінің ризашылығына ие болу.     

«Осы салада жүргеніме 6 жылдан асты.  Осы күнге дейін 100-ден аса баланың тілінің шығаруға көмектестім. Үш жылдан бері  №38 мектеп гимназиясында жұмыс істеп келемін. Менің қызметіме көбінесе бірінші және екінші сынып оқушылары жүгінеді. Ең негізгі балалардағы проблема ол дыбыстың дұрыс шықпауы.  «Р» дыбысының шықпауы, «с», «ш» және де әртүрлі басқада әріптерін түзету жұмыстарын талап ететін әртүрлі диагноздармен жұмыс жасаймын. Күнделікті жұмысым таңғы тоғыздан басталады. Әр сабағымыз 40 минутқа созылады. Балалар келген кезде біз ең алдымен олармен  дұрыс қарым-қатынас орнатып аламыз.   Ең көп ата аналардан түсетін  шағым  баланың дұрыс сөйлемеуі.  Қазіргі таңда мектепте  бір сыныпта 25 бала болатын болса соның 80 пайызы дұрыс сөйлемейді. Біздер, яғни логопедтер осындай түзету жұмыстарын ісетейміз. Жалпы балалармен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік әрі адамға қуаныш сыйлайды»,- дейді  логопед маман.

Бүгінде логопед-дефектолог мамандарға деген сұраныс қатты көбейіп тұр. Бұл бір жағы жақсы нышан емес. Бұл – балаларда сөйлеу, есту, психологиялық немесе жүйке жүйесіне байланысты даму ауытқуларының жиілегенін білдіреді. Бұл жалпы қоғам денсаулығының нашарлауын, ата-аналардың ақпараттану деңгейінің жеткіліксіздігін немесе экологиялық факторлардың әсерін көрсетеді. Мадина Жақсылықтың айтуынша, қазір көптеген ата-аналар балаларына жеткілікті көңіл бөлмейді. Жұмыстан шаршап келген соң балаларымен сөйлесуге күш-қуаты қалмай, оған телефон, планшет секілді түрлі гаджеттерді ұстата салады. «Ең бастысы балам мазаламаса болды, қосымша жұмыстарымды тындырып алайын немесе көз шырымын алайын» деп ойлайды. Осының салдарынан бала мен ата-ананың арасындағы байланыс ажырап, диалог үзіледі. Ойын, әңгіме-дүкен болмайды. Дәл осы тұста баланың бойында даму үрдісі баяулайды. Бала алғашқы сөздерін, сөйлеу мәнерін, дыбыстарды дұрыс айтуды ең алдымен ересектермен қарым-қатынас арқылы үйренеді. Мұндай жағдайда сөздік қоры азайып, сөйлем құрауы нашарлап, тіпті логопедке жүгінуді қажет ететін түрлі бұзылыстар пайда болады. Ата-анамен қарым-қатынас азайған сайын баланың психологиялық қауіпсіздік сезімі әлсірейді. Махаббат пен эмоционалдық жақындық сөз арқылы беріледі. Сөйлеспейтін ортада өскен бала өзін керексіз сезініп, сенімсіздік пен мазасыздыққа бейім келеді. Ал гаджетке үйір болған бала эмоционалды жылулықты тірі адамнан емес, жылтыраған экраннан іздей бастайды. Бұл оның болашақта адамдармен қатынас жасауын қиындатады. 

Мадина Жақсылыққа осындай қиындыққа тап болған баласын жетектеп келетін ата-аналардың саны өсіп жатқаны көңілге қорқыныш ұялатады. Бірақ Мадина ханым барынша кәсіпқойлық танытып, ата-аналардың бойындағы қорқынышты сейілтіп, баланының да көңілін тауып, емдік процестің оңай өтуіне жұмыс істейді. Ең бастысы бала өзін емін-еркін ұстау керек. Логопед-дефектолог маман кабинетте балаға сондай жағдай жасағаны абзал. Яғни бала кабинетте өзін үйіндегідей жайлы сезіну қажет. Мадина ханым кабинетін балаға ұнайтын дизайнда жабдықтаған. Мұнда түрлі-түсті ойыншықтар бар. Қабырғаға суреттер салынған. Бұл суреттер баланың зейінін ашуға үлесін қосады. Кушеткаға да көңіл-күйге оң әсер ететін көрпе тыстары төселген. Мұнда ескі аурухана палатасына тән ауыр аура жоқ. 

Мадина ханым өз жұмысын баламен сенімді қарым-қатынас орнатудан бастайды. Баланың жасы, темпераменті, даму деңгейі ескеріліп, әр балаға жеке тәсіл таңдалады. Себебі бір әдіс бәріне бірдей әсер етпейді. Сондықтан логопедтің бірінші міндеті – баланың ішкі әлемін түсіну, оның мүмкіндіктерін анықтау. Келесі маңызды қадам – тіл кемістігін жан-жақты диагностикалау. Мадина ханым сөйлеу мүшелерінің құрылымы мен қозғалысын, дыбыстарды айту ерекшелігін, сөздік қорын, грамматикалық дағдыларын, тіпті ойлау қабілеті мен зейінін де зерттейді. Бұл кезең маманға нақты түзету бағдарламасын құруға мүмкіндік береді. Әрбір жаттығу баланың жасына, қажеттілігіне сай мұқият таңдалады. Жұмыс барысында логопед ойын әдістерін кеңінен пайдаланады. Себебі бала ойын арқылы тез қабылдайды және белсенді әрекет етеді. Дыбыстарды қою мен түзету, сөздік қорды кеңейту, сөйлем құрау, тыныс алу жаттығулары, артикуляциялық гимнастика – бәрінің өзі қызықты ойын түрінде өтсе, бала тез меңгереді. Бұл жерде логопедтің шығармашылығы мен кәсіби шеберлігі айрықша рөл атқарады. Сонымен бірге, логопедтің тағы бір маңызды міндеті – ата-аналармен тығыз байланыста болу. Себебі баланың дамуында тек маманның жұмысы жеткіліксіз, үйдегі қолдау ерекше маңызға ие. Логопед ата-аналарға үй тапсырмаларын түсіндіреді, қарым-қатынасты қалай жүргізу керектігін үйретеді, дұрыс тілдік орта қалыптастыру жолдарын көрсетеді. Мұндай ынтымақтастық нәтижені жылдам әрі тұрақты етеді. Логопедтің жұмысы тек техникалық жаттығулармен шектелмейді. Ол баланың бойындағы сенімсіздікті жоюға, сөйлеуге деген қызығушылығын оятуға, өзін еркін сезінуге жағдай жасауға күш салады. Дұрыс сөйлеуді үйрету – баланың тұлғалық дамуына жол ашу деген сөз. Өзіне сенімді бала қоғамда еркін қарым-қатынас жасап, ойын ашық айта алады. 

– Ең әуелі ата-аналар баламен көп және сапалы сөйлесуді ұсынамын. «Бала бәрін түсінбейді» деген қате түсінік жиі кездеседі. Шын мәнінде, бала алғашқы күннен бастап дыбысты, үнді, интонацияны қабылдай бастайды. Сол себепті күнделікті қарапайым әрекеттерді түсіндіріп, заттардың атын атап, сезімдерді сөзбен жеткізу – тілдің іргетасын қалайды. Ата-ана сөйлеген сайын бала тыңдап үйренеді, ал тыңдау – сөйлеудің алғашқы қадамы. Гаджет қолдануды шектеу қажет. Экран баламен сөйлеспейді, сұрақ қоймайды, жауап күтпейді. Ақпарат бір бағытта жүреді, сондықтан бала пассив тыңдаушыға айналады. Мұндай жағдайдың баланың тілін кешіктіріп қана қоймай, зейінін әлсірететінін, эмоциялық байланысын төмендетеді. Оның орнына баламен қарапайым ойындар ойнап, кітап оқып, сурет көрсетіп, бірге әрекет жасауы – әлдеқайда пайдалы. 

Және де баланың айтқысы келген әрекетін алдын ала түсініп қоймау. Көп ата-ана баласы бір нәрсені нұсқаса немесе дыбыс шығарса, не қажет екенін бірден беруге үйренген. Мысалы, бала су сұраса – «Су керек пе?» деп қайталап, айтқызып үйретуге болады. Осылайша бала өз қажеттілігін сөзбен жеткізуге талпынады. Дұрыс тілдік үлгі берудің маңызы зор. Баланың тыңдағаны – оның сөйлеуі. Егер ата-ана сөздерді бұрмалап, «сюсю» тілмен сөйлесе, бала да солай қайталайды. Бұл қате. Баламен анық, қарапайым, толық сөйлеммен сөйлесу керек. Бұл оның сөздік қорын байытып, сөйлеу құрылымын дұрыс қалыптастырады. 

Қимыл-қозғалыс пен қол моторикасын дамыту өте маңызды. Логопедияда «сөйлеу – қолдың жұмысы» деген тұжырым бар. Мүсіндеу, саусақ ойындары, сурет салу, құрастыру сияқты әрекеттер сөйлеу орталықтарының белсенділігін арттырады. Сол себепті логопедтер ата-аналарға балаға көбірек қимыл жасатуды, ұсақ моторикамен айналыстыруды ұсынады. Және ең бастысы балаға махаббат пен шыдамдылық таныту. Тілдің шығуы әр балада әртүрлі: біреу ерте сөйлейді, біреу кеш. Бірақ мейірімді сөз, жылы қарым-қатынас, ата-ананың қолдауы – кез келген түзету жұмысының негізі. Бала өзін жақсы көретін ортада ғана емін-еркін сөйлеп, өз ойын жеткізуге талпынады, - дейді Мадина Жақсылық. 

Кейіпкеріміз нағыз өз ісінің шебері ғана емес сонымен қатар көпшілікке үлгі болып жүрген табысты кәсіпкер.  Logozat.kz дүкенінің негізін қалаушысы.

«Аталған  дүкеннің ашылғанына 3 жылдан асты. Баламен жұмыс жасау кезінде керекті әр түрлі құралдарымыз бар. Сол құралдарды іздеу кезінде біздің Қазақстанда тапшы екенін білдім. Бар болса да өте қымбат болды. Сол кезде  маған неге мен өзім логотопед дефектолог ретінде ата аналарға көмек ретінде Қазақстанда осындай құрал-саймандарды  қолжетімді бағада сататын дүкен ашпасқа деген ой келді. Әр түрлі ойыншықтарды қолдану арқылы біз өзгелерге көмегімізді беріп жатырмыз. Жастарға беретін ең бірінші кеңесім дұрыс мамандық таңдау керек және әрдайым ізденісте болыңыздар. Сауатты болыңыздар.  Кәсіп бастаудан  қорықпай тәуекел ете біліңіздер. Тәуекелшіл адам әрдайым жетістікке жетеді»,- дейді тәуекелшіл Мадина. 

Президент Қ. Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы — бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.  Бүгінде қоғамда еңбекқор, адал, нағыз өз ісінің шеберлері көп. 

Бүгінде қоғамда Мадина Жақсылық секілді еңбек адамдары көбейіп келеді. Олар еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жатыр. Елімізде Мадина ханымдай өз ісінің шеберлері көбейгенде даму қарқынымыз да соғұрлым жоғары болмақ.