Сапалы жол, ақылды бағдаршам...
Шымкент – елімізде қарқынды дамып келе жатқан үшінші мегаполис екендігі белгілі. Халық санының артуы, көліктер санының еселенуі және урбанизацияның үдей түсуі қала жолдарының жағдайына айтарлықтай салмақ түсіріп отыр.

Сондықтан жол мәселесін шешу – шаһардың экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі шарттарының бірі. Бүгінде қаладағы басты қиындықтардың бірі – көлік кептелісі. Ертеңгі және кешкі қарбалас уақыттарда бірнеше даңғылдарда кептеліс жиі кездеседі. Әсіресе Бәйдібек би мен Төлеметов көшелерінің қиылысында көлік кептелісі жиі тіркеледі. Тұрғындар осы кептелістің салдарынан діттеген жерлеріне уақтылы жете алмай зардап шегіп жатқандарын айтып шағымданатын еді. Енді бұл мәселе өз шешімін табатын болды. Аталған көше қиылыстарында жолайрық салынады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек брифингте өткен мәлімдеді.
– Қала аумағындағы көлік қозғалысын реттеу, жол көлігі инфрақұрылымын жақсарту және кептелістерді азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылы мен шағын айналма жол қиылысында, яғни Төлеметов көшесінің бойында жолайрық салу жобасына лот жарияланған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері заңнамаға сай жүргізіліп жатыр. Биылға 9,4 миллиард теңгенің тек 240 млн теңгесі қарастырылған, - дейді қала әкімінің орынбасары.
Жолайрықты «Bazis-A» компаниясы салатын болды. Құрылыс барысында жол толық жабылмайды, бір бағытында жұмыс аяқталған соң келесі бағыттың бөлігінде жалғасады. Осы себептіде 1 жылға созылатын құрылыс кезінде қала тұрғындарына аса қатты ыңғайсыздық тумайды. Яғни аталған жолайрық құрылысы 2026 жылы толықтай күшіне мініп, жыл соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде Бәйдібек би мен Төлеметов көшелерінің қиылысындағы көлік кептелісі азайып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артады. Кептелісте сағаттап тұрмай, уақыттарын үнемдейді. Қалада басқа да көше қиылыстарында жолайрықтарын салу жоспарда бар. Күннен-күнге қалада көлік саны артып келе жатқандықтан, көлік кептелісін болдырмау мақсатында түрлі жобалар да жүзеге асырыла береді. Осы құрылысқа байланысты жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Bazis-A» директорлар кеңесінің төрағасы Александр Беловичпен кездесті. Кездесу барысында Байдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынатын жолайрық құрылысына қатысты ауқымды инфрақұрылымдық жоба талқыланды. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Жоспарлау барысында техникалық талаптар, қала құрылысы нормалары және көлік қозғалысын модельдеу нәтижелері ескеріледі. Кездесу барысында әкім Ғабит Сыздықбеков барлық жауапты қызметтердің үйлесімді және кешенді жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.
Қалада 85 бағдаршам ITS жүйесіне қосылып, 31 жаңа бағдаршам орнатылды. Атқарылған жұмыстар Шымкенттің заманауи әрі қауіпсіз мегаполис ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді. Қазір қаладағы жол қозғалысын «ақылды» бағдаршамдар реттеп тұр. Жасанды интеллект элементтері енгізілген құрылғылар аяқ асты істен шыға қалса, қосалқы энергия көздерінен қуат алады. Сондықтанда бұл бағдаршам еш тоқтаусыз жұмыс істеп, кептеліске қарсы өз тиімділігін көрсетеді. Ол жолдағы машиналардың санын, жаяу жүргіншілер саны мен қозғалыс қарқындылығын датчиктер мен камералар арқылы анықтап, бағдаршамның жұмысын сол ақпаратқа байланысты бейімдейді. Мұндай тәсіл біркелкі емес, құбылмалы трафикті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Ақылды бағдаршам кептеліс кезіндегі ұзақ бос жүріс жанармайдың артық шығындалуына әкеледі, ал бұл өз кезегінде ауаға шығатын зиянды газ мөлшерін арттырады. Қозғалыс реті дұрыс ұйымдастырылған кезде көлік ағыны тоқтамай, еркін қозғалып, қаланың экологиялық жағдайына да оң әсерін тигізеді. Заманауи технологияны пайдалану арқылы қала тұрғындарына ыңғайлы, қауіпсіз әрі жылдам қозғалыс мүмкіндігін жасауға болады. Сондықтан ақылды бағдаршамдар – болашақ қаласының маңызды элементтерінің бірі.
– Өзі көлік легін есептей отырып бағдаршам нысандарының циклын өзгертіп отырады. Жедел жәрдем автокөліктерін өткізуге мүмкіндік береді. Жедел жәрдем көліктеріне трекерлер орнатылған. Қиылысқа жақындағанда сол автокөліктердің кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді, - дейді жол-техникалық инспекциясы бөлімінің аға инспекторы Шерзат Эшматов.
Қала әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, қаладағы жалпы жол 3 847 шақырымды құраса, оның 3 567 шақырымына асфальт-бетон жамылғы төселген. Қазір жалпы ұзындығы 42,4 шақырымдық 19 ірі жоба іске асырылуда. Оның ішінде Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомагистралін қайта құру, көлік қозғалысын жеңілдету үшін Алтынсарин, Қазиев, Ақсүмбе, Шұбаркөл, Алатау батыр-Абылайхан көшелері бағыттарындағы балама жолдарды қосу жұмыстары бар. Сонымен бірге Момынов және Тіленшин көшелерінде теміржол өткелдері салынуда. Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити шағынаудандарын қосатын жол және Қызылсай шағынауданына кіреберіс жолдар пайдалануға берілді.
Биыл, сонымен қатар, 201 шақырымды құрайтын 323 көшені орташа жөндеу аяқталып, 559,9 шақырым ішкі орам және шалғай аймақ көшелеріне асфальт төселді. Қауіпсіздік мақсатында 201 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылып, 3 шақырым дыбысты жолақ сызылды, 80 шақырым тротуар салынды. Жыл соңына дейін 2 291 көшенің барлығы толық жарықтандырылмақ.
Қазиев және Шұбаркөл көшелерінің жалғасының құрылысы уақтылы жүргізіледі. Жол-көлік инфрақұрылымын нығайтып, қала ішіндегі кептелісті азайтуға бағытталған жоба бойынша екі көшенің қиылысында айналма жол салынып жатыр. Бұл Төлеметов, Бәйдібек би, Өтегенов және Арғынбеков көшелеріндегі көлік нөпірін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес мұнда төрт жолақты қозғалыс бөлігі салынады, жол жиегіне прегациялық суағар жүйе жүргізіліп, жаяу жүргіншілерге арналған жол салынады. Сонымен қатар, жолдың екі жағы көгалдандырлып, құрылыс белдеуіне түсетін инженерлік желі толықтай қайта жүргізіледі.
Және де Арғынбеков көшесінен Төлеметов көшесіне дейін Қазиев көшесінің жалғасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары биыл наурыз айының соңында басталды. Қазіргі таңда нысанда жер қазу жұмыстары жүргізілуде, сонымен қатар инженерлік желілер — кәріз құбырлары, электр бағаналары мен газ құбырларын көшіру жұмыстары қолға алынған. Бұған қоса, суағар жүйелері орнатылып, жолдың негізін дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда. Ұзындығы 1,7 шақырым болатын бұл жол төрт жолақты болып салынады. Жобаны толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Қазиев көшесінің Төлеметов көшесіне дейінгі жалғасын салу арқылы Өтегенов көшесі мен Бәйдібек би даңғылына балама жол пайда болады. Бұл — көлік қозғалысын оңтайландыру және жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Нәтижесінде Ақжайық және Шымсити шағынаудандарының тұрғындары қаланың орталығына Өтегенов көшесімен қатар Қазиев көшесі арқылы да еркін қатынай алады.
Тұран ауданында тұрғындардың қауіпсіз және ыңғайлы жүріп-тұруын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды инфрақұрылым жұмысы атқарылуда. Атап айтқанда 2024 жылы аудан бойынша 39 көшеге жаңа аяқжолдар салынды. Ал биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, аудан аумағында жалпы ұзындығы 62,3 шақырымды құрайтын 118 көшеге жаңа аяқжол салынды. Тиісті жұмыс жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жалғасады. Бұл аудан инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға үлес қосады.
Қаратау ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасуда. Ауданға қатысты Сайрам тұрғын алабында биыл жалпы 174 көшеге асфальт төсеу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 164 көшеге асфальт төселіп, 13 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар, 12 көшеге ирригациялық арық орнатылды. Ауа райының қолайлы болуына қарай, қалған 10 көшеге асфальт төсеу және тротуар салу жұмысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Мұндағы мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау.
Қаладағы көлік жүктемесін азайту және қозғалыс тиімділігін арттыру мақсатында Гагарин-Республика қиылысында оң жақ бұрылыс жолы салынды. Оң жақ өткел Гагарин көшесінен Республика даңғылына тоқтаусыз бұрылуға мүмкіндік беріп, жүргізушілер үшін қозғалыс уақытын қысқартуға жағдай жасайды. Сонымен қатар, Республика даңғылы бойындағы бағдаршамның жұмыс тәртібі қайта реттеліп, көлік ағынының бірқалыпты қозғалысы қамтамасыз етілді. Аталған қиылыс – қалаға кіре берістегі көлік ағымы жоғары нүктелердің бірі. Мұнда сырттан келетін автокөліктердің саны көп болғандықтан, оң жақ өткелдің маңызы ерекше. Қаланың көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.
Жақында қала әкімі Шаяхметов пен Ерімбетов көшелерін жалғайтын жолдағы аяқталған жұмысты қарап, оның қозғалысты жеңілдетуге және кептелісті азайтуға қосатын үлесін атап өтті. Сондай-ақ Абай ауданында А-2 айналма жолы мен «Нұршуақ» шағынауданын байланыстыратын жаңа жолды тексерді. Бұл жоба тұрғындарға қолайлы қатынау мүмкіндігін арттырады.
Сонымен қатар бірқатар көшенің қиылысында көлік кептелісінің алдын алу және қозғалысты оңтайландыру мақсатында бағдаршам нұсқауына өзгерістер енгізілді: Республика даңғылы мен Асқаров көшесінің қиылысындағы бағдаршамға қосымша жасыл түсті «(+)» нұсқау орнатылды; Жангелдин көшесінен Әл-Фараби алаңына тоқтаусыз оңға бұрылуға бағдаршамға қосымша секция орнатылды; Түркістан көшесінің Д.Қонаев даңғылымен қиылысатын тұсындағы бағдаршамдағы қосымша секция жасыл түсті «(+)» бағдаршамға ауыстырылды. Әл-Фараби көшесі және А-2 тасжолының қиылысындағы бағдаршамға қосымша жасыл түсті «(+)» нұсқау орнатылды. Қала әкімдігінің тарапынан мегаполистегі көлік инфрақұрылымын жетілдіру және тұрғындарға қолайлы жол қозғалысын қалыптастыру жұмысы жүйелі жалғасады.
А.Сматуллаұлы
