«Мен елімді жырлаймын»
Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында дәстүрлі сөз өнерін насихаттап, жас буынның шығармашылық әлеуетін арттыруды мақсат еткен «Мен елімді жырлаймын» республикалық оқушылар айтысы өтті.

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл дүбірлі додаға еліміздің 14 өңірінен келген 16 өрен қатысып, суырыпсалма өнердің мәртебесін асқақтатты.
Сахна төріне шыққан әр жас ақын ел, жер, тіл мен руханият туралы ой толғап, айтыс мектебінің тереңін танытты. Жасындай жарқылдаған тапқырлардың сөз саптауы мен ой жүйесі көрермендер тарапынан ыстық ықыласқа ие болды. Жастардың бірден қайырып, дәл тауып айтқан уәждері ұлттық айтыс өнерінің болашағы зор екенін тағы бір дәлелдеді.
Айтыстың әділдігін таразылаған қазылар алқасына филология ғылымдарының кандидаты, Құрмет орденінің иегері, республикалық айтыстардың жеңімпазы Серікзат Дүйсенғазы төрағалық етті. Сондай-ақ, қазылар құрамында тәжірибелі айтыскер-ақындар Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Өміржан Көпбосынов және белгілі мәдениет қайраткері Анар Жаппарқұлова болды. Әр қазы жас ақындардың өнерін кәсіби талдап, әділ бағасын берді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы мұндай ізгі шаралардың қаламызда ғана емес, әр өңірде жалғасын табатынын жазды.
«Алдағы уақытта балалар айтысы барлық өңірде тұрақты өткізіліп, іріктеу кезеңдері біріздендірілмек. Бұл игі бастаманың алғашқы қадамы дәл Шымкенттен басталғаны – қаламыздағы өнер мен руханияттың жоғары деңгейін айғақтайды. Қала әкімдігі ұлттық өнерді қолдап, талантты жастардың өсіп-өркендеуіне жағдай жасай береді.
Руханияттың тұғырын биіктеткен жас ақындарымызға шабыт пен шығармашылық жолда жарқын белестер тілейміз!», – деп жазды С.Құранбек.
Жыр бәйгесінің қорытындысы төмендегідей өрбіді:
Бас жүлде (1 000 000 тг) – Шымкент қаласынан келген Айша Бақтияр
I орын (500 000 тг) – Қостанай өңірінің жас ақыны Нұрислам Рагат
II орын (400 000 тг) – Түркістаннан Мейіржан Болат және Астанадан Айғаным Мақсұтқан
III орын (300 000 тг) – Шымкенттен Ислам Әли Біржанұлы, Қызылорда облысынан Шыңғысхан Қарынбай.
Арнайы жүлделер:
Көпбай Омаров атындағы жүлде (200 000 тг) – Ұлытаудан Ибраһим Шүкір
Әселхан Қалыбекова атындағы жүлде (200 000 тг) – Шымкенттен Аятулла Мәжит
Бұдан бөлек, айтысқа қатысқан тағы сегіз жас ақынға ынталандыру сыйлықтары табысталып, олардың шығармашылық жолына демеу көрсетілді. Бұл сыйлықтар жас дарындардың алдағы ізденісіне серпін беріп, айтыс өнеріне деген қызығушылығын арттыра түсті.
Шымкент төрінде өткен аталған дода – ұлттық өнердің жаңа буынын қалыптастыруға, жас таланттарды шабыттандыруға бағытталған үлкен қадам. «Мен елімді жырлаймын» айтысы өз мәресіне жеткенімен, жас ақындардың жігерін жанып, арманын асқақтатқан рухты шара ретінде есте қалмақ. Себебі, мұндай шаралардың ең басты рөлі – ұлттық өнерді үйренгісі келетін жас буынға жол көрсетуі. Айтысқа қатысқан бала – тілдің қадірін, сөздің салмағын, ойдың ұшқырлығын ерте жасынан сезінеді. Әр шумақ, әр теңеу – оның рухани әлемін кеңейтетін қазына. Осындай ортаға түскен өрендердің танымы тереңдеп, мәдени деңгейі өрлейді. Айтысқа дайындалу барысында олар ел тарихын, жер шежіресін, ұлы тұлғаларды зерттеп, ұлттық тамырға жақындай түседі.
Сонымен қатар, республикалық деңгейдегі шаралар қаланың беделін көтеріп, рухани туризмді дамытуға өз үлесін қосады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қатысушылар мен олардың жанкүйерлері Шымкентті тек жайлы қала ретінде емес, өнерді ардақтайтын рухани орталық ретінде таниды. Бұл қалаға деген қызығушылықты арттырып, мәдени байланыстарды нығайтады.
Қорыта айтқанда, Шымкент қаласында айтыс өткізу – ұлттық өнерді қолдау емес, тұтас бір буынның рухани өсуіне жол ашу. Мұндай шаралар жас ақындардың ғана емес, жалпы қоғамның мәдени деңгейін көтереді.
