Шымкентте жұмыссыздық мәселесі оңтайлы шешілуде

Республиканың үшінші мегаполисінде жұмыспен қамту мәселесі оңтайлы шешіліп келеді. Ресми дерекке көз жүгіртсек 2025 жылдың ІІІ  тоқсанындағы жағдай бойынша Шымкентте жұмыссыздар саны – 22 370 адамды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құраған. 

image.png

Шаһарда еңбек нарығын тұрақтандыру мақсатындағы жұмыстар жыл бойы жүйелі түрде атқарылды. Соның нәтижесінде 1 желтоқсандағы жағдайға сәйкес 51 261 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып, жоспар 103.2 пайызбен артығымен орындалды, яғни межесінен асып түсті.

Аталған көрсеткішті тарқатып айтсақ кәсіби білім беру бағытында – 4 545 тұрғын, жұмыс беруші базасында оқытуға – 160, білім беру ұйымдарында оқытуға – 600, онлайн оқытуға 3 657 адам жіберілді. Ваучерлік негізде 128 адам оқыса, кәсіпкерлікті дамыту шаралары аясында 3 127 тұрғын қолдау алды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2 696 адам кәсіпкерлік негіздерге оқытылды. Ал 431 азаматқа грант берілді.

Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 5 308 адам жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 109, Жастар практикасына – 1 719, ақылы қоғамдық жұмыстарға 2 643 адам тартылды. «Алғашқы жұмыс орындары» жобасына – 364, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына – 8, «Күміс жас» жобасына 464 адам қатысты.

Сондай-ақ бос жұмыс орындары арқылы тұрақты жұмыспен қамту бағыты бойынша 10 500 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты.

Шымкенттің 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес сонымен бірге кәсіпкерлердің жеке бастамалары есебінен 21 830 жаңа жұмыс орны құрылу керек болған. Бірақ жыл соңында меже артығымен орындалып, 27 781 адам тұрақты жұмыс  тауып отыр.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша биыл мүгедектігі бар азаматтарға қолдау шараларын көрсету үшін бюджеттен – 14,7 млрд.теңге бөлініп, оның 8,4 млрд.теңгесі игерілді. Бүгінде мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс бере алады. Яғни олар өздерінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, қажетті затқа немесе қызметке үйде отырып-ақ тапсырыс бере береді. Шаһарда 3236 адам арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылды. Ол психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға арналған. Және бұл көмек стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету және уақытша болу жағдайында көрсетіледі.

«Қалада 14 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары бар.  1 600-ден аса маман осы мекемелерде қызмет көрсетеді. Мәселен, «№4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» 70 жатын орынмен қамтылған. Бүгінгі таңда орталықта 30 адам арнаулы әлеуметтік көмек алады. Осылайша І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдауға ие болып отыр. Сонымен бірге «№5 «Аялы Алақан» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» 116 орынға лайықталған. Орталықта 58 бала әлеуметтік қызметпен қамтылған. Одан бөлек «Белсенді ұзақ өмір орталығын» айтып өтуге болады. Орталықтың мақсаты – зейнеткерлік жасқа толған, денсаулық жағдайына байланысты өзіне-өзі күтім көрсете алмайтын қарттарға қызмет көрсету болып табылады. Өз кезегінде 2018 жылы «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Қазақстан бойынша 350 000 астам бенефициарды қамтитын 57 әлеуметтік маңызды жобаны іске асырды. Шымкент қаласы әкімінің қолдауымен осы «Samruk-Kazyna Trust» корпоративті қоры жоғарыда аталған орталыққа қайырымдылық ретінде жүздеген миллион теңге қаражат бөлді. Сол қомақты қаржыға мекеменің бүгінде материалдық-техникалық базасы жақсартылды» деді Ж.Өтебаева

Басқарма басшысының мәлімдеуінше шаһарда арнаулы әлеуметтік салада іске асырылып жатқан жобалар баршылық. Соның бірі 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығы жобасын айтар едік.  Нысанының құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың желтоқсан айында басталған. Мердігер мекеме «А.Р.Т.-Құрылыс» серіктестігі. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 62 жұмысшы, 15 техника жұмылдырылған. Барлық жұмыстар 15%-ға орындалды. Нысан құрылысы 2026 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Екінші жоба №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағынан салынатын қосымша 50 орындық ғимарат. Психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арналған №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағынан қосымша 50 орындық ғимарат құрылысына былтыр 1 млрд.теңге қаржы қаралып, ол толық игерілді. Сондай-ақ биыл да 945 млн.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатыр.

Сонымен бірге жыл басынан бері Шымкент қаласында 228 отбасы немесе 482 адам «қандас» мәртебесін алды. Ал 6 айға қандас мәртебесін ұзартқандар саны 17 отбасынан 18 адамды құрады. Қоныс аударған қандастар ТМД және шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтар. Олардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан келгендер. Өзбекстаннан – 473, Қытай Халық Республикасынан – 7, Ресей мен Қырғызстаннан бір-бір адамнан көшіп келген. Қоныс аударған қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында, сауда-саттық және басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысады.

Өз кезегінде басқармаға қарасты «Еңбек мобильді орталығының» директоры Бағдат Арқабаевтың айтуынша жұмыспен қамту шарасының алты бағыты бар. Ол Қоғамдық жұмыс, Жастар практикасы, Алғашқы жұмыс орны, Әлеуметтік жұмыс орындары, Күміс жас және Ұрпақтар келісімшарты. Әр бағыт әр жастағы азаматтарға арналған. Мәселен Жастар практикасы 35 жасқа дейінгі адамдарды қамтиды. Дипломмен 12 айға жұмысқа жолданады. Еңбекақысын мемлекет төлейді. Күміс жас 50 жастан асқан зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға арналған. 3 жылға жұмыспен қамтылады. Алғашқы жылы айлық жалақының 75% мемлекет субсидиялайды. Екінші жылы 70%, үшінші жылы 65%  мемлекет төлейді. Қалған 25-35% айлық жалақыны мекеме береді. Алғашқы жұмыс орны  өмірінде жұмыс істемеген, зейнетақы қорына жарна аударылмаған азаматтарға арналған бағдарлама бағыты. 18 ай мемлекет жалақысына жұмыс істейді. Ұрпақтар келісімшартында зейнеткерлікке шығуға 6 ай қалған маманға 35 жасқа дейінгі жас қасына жұмысқа жолданады. Маман 6 айда оған бар тәжірибесін үйретеді. Зейнеткерлік демалысқа кеткен соң орнын жас маман басады. 6 айда мемлекеттен 30 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде жалақы алып отырады. 

Бағдат Мақсұтұлының мәлімдеуінше жәрмеңкеге 20 жұмыс беруші шақырылған. 1687 тұрақты жұмыс орны ұсынылды. Екі мыңнан астам уақытша жұмыс орындары азаматтар таңдауына берілді. Ол жұмыспен қамту шарасының 6 бағытын қамтиды. «Еңбек мобильді орталығында» бүгінгі таңда 20 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Оның ішінде 4 мыңнан астамы бағдарламаның 6 бағытына қатысушылар, 5 мыңнан жоғары азамат жұмысынан айырылып қалғандар. Оларға мемлекет 6 ай айлық жалақысын 45% төлеп отырады. Қалғаны жұмыссыз ретінде тіркелгендер. 

Мобильді орталық басшысының айтуынша жұмыссыздарды таңдаған мамандығы бойынша шілде айынан бастап 3 айлық оқу курсына жолдау басталды. Шәкіртақы төленеді. Оқу екі бағытта жүргізіледі. Бірі жұмыс берушінің базасында өтіп сол жерде жұмысқа қалады. Екіншісі 3 айлық курсты аяқтаған соң мамандығына сай басқа мекемеге жұмысқа жіберіледі. Биыл 710 азаматты оқу курсына қабылдау жоспары қойылған. Әзірге соның 500-ден астамы курстарда оқып жатыр. Жылдың басында Шымкентте жұмыссыз деңгейі 4.8%  болған. ІІ тоқсан қорытындысы бойынша 4.7% түскен. Жыл басынан бері 7500 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Қала әкімдігі жыл соңына дейін жұмыссыздық деңгейін 4.7%  асырмақ емес. Биылға жұмыспен қамтудың белсенді шарасына 49 мың азаматты тарту көзделген. Бұл жоспар 63% орындалса, жыл соңына дейін 100% межеге жетпек. Б.Арқабаевтың мәлімдеуінше жұмыспен қамтудың белсенді шарасына бағдарламаның 6 бағыты, тұрақты жұмыс орнымен қамту, оқу курстары, гранттық конкурс, жеке кәсіпкерлік ашу кіреді. Жеке кәсіпкер болып өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 15 мыңнан асты. Бір жыл салық басқа да әлеуметтік төлемдер төлеген адам жеке кәсіпкер боп саналады. Жоспар бойынша олардың санын 19 мыңға көбейту көзделіп отыр. 

Былтыр 426 азаматқа грант берілді. Биылғы жоспар – 370 грантты құрайды. Талап бойынша үміткер бизнес-жоспар әзірлейді. Мобильді орталық оның жұмысын бір жыл сүйемелдейді. Грант алып болған соң үш айдан кейін сатып алған құралдардың құжатын өткізеді. Алты ай мен тоғы айда кіріс-шығыс есептілігін тапсырып отырады. Мобильді орталық грантқа кәсіп ашқанын тексереді. Мамандар грант иесінің мекен-жайына барып бизнес-жоспарда көрсетілген жобаның іске асқанын бақылайды. Егер грантқа ешқандай іс басталмаса, қаражат сот арқылы мемлекетке қайтарылады. Грант көлемі былтыр 400 АЕК немесе 1 млн 470 мың теңгені құрады. Биылғы грант 1 млн 570 мың теңгеге ұлғайды.  Грантты ұтып алған адам жеке кәсіпкерлік ашады. Қаражат сол жеке кәсіпкерліктің есепшотына түседі. Грант алғандар ішінде мал шаруашылығы саласында, бал ара өнімдері, тігін, сүт өндіру, жылдам тағамдар әзірлеу бойынша кәсіп ашқандар болды. Комиссия конкурста бизнес-жоспарды мұқият тексереді. Бағдат Мақсұтұлының айтуынша мәселен тәттілер пісіретіндерден өнімді қайда өткізетіні жөнінде, тіпті дүкендермен арада келісімшарты бар ма деген секілді сауалдар қояды. Талапқа сәйкес грант иегері кемінде 1 адамды жұмыспен қамту керек. Гранттық конкурстың бірінші легі маусым айында өтті. Нәтижесінде 134 адам грант жеңіп алды. Екінші легіне құжат қабылдау 10-20 тамыз аралығында жүргізілді. Құжат әлеуметтік салаға жауапты министрліктің порталы арқылы қабылданды. Кейін құжаттар комиссияның қарауына жіберілді. Үміткерлерге 1414 нөмірі арқылы sms хабарлама жолданып, конкурстың қай күні, қай жерде өтетіні хабарланды. 

Осы грант қаражатына кәсіп бастап үлкен кәсіпкер болып кеткен қаншама азамат бар. Солардың еңбегі мен жобасын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елге насихаттап келеміз дейді Б.Арқабаев. 

Ә.ӨТЕБАЙ