Startup Orda: Шымкенттің білім, ғылым және инновация кеңістігін кеңейткен бастама
Шымкентте Startup Orda инкубациялық бағдарламасының Demo Day финалдық кезеңі ұйымдастырылып, үш ай бойы дайындықтан өткен ең үздік стартап жобалар көпшілік назарына ұсынылды.

Инкубация барысында қатысушылар білім беру курстарынан өтіп, трекерлердің тәлімгерлігін алып, өз өнімдерін жетілдірумен айналысқан еді. Финалда жас кәсіпкерлер осы еңбектерінің нәтижесін сарапшыларға, инвесторларға және кәсіпкерлік экожүйе өкілдеріне кәсіби түрде таныстырып, өз идеяларының өміршеңдігін дәлелдеуге мүмкіндік алды.
Іс-шарада Шымкент HUB аймақтық менеджері Құрманғазы Мұратов сөз сөйлеп, бағдарламаның өңірлік кәсіпкерлік ортаны дамытудағы рөліне тоқталды. Ол биылғы инкубацияға жалпы 82 жоба тіркелгенін, олардың ішінен 20-ға жуық команда нақты прогресс көрсетіп, финалға шыққанын айтты. Оның айтуынша, Startup Orda стартаптарға тек білім беріп қана қоймай, өнімді тестілеу, нарықты терең зерттеу, бизнес-модель құру сияқты бағыттар бойынша кешенді қолдау көрсетеді. Әр жобаға бекітілген екі трекердің кәсіби кеңестері, бірнеше апталық тәжірибелік сабақтар және өткізілген 3–4 офлайн воркшоптар қатысушылардың бизнес дағдыларын шыңдап, шынайы нарыққа шығуға дайындықтарын күшейткен.
Қ.Мұратов сондай-ақ бағдарламаның менторлық құрамына да ерекше тоқталды. Тәжірибелі сарапшылардың қатысуы жас кәсіпкерлерге индустриядағы нақты мәселелерді түсініп, шешім қабылдау дағдыларын дамытуға үлкен мүмкіндік бергенін атап өтті.
Финал аясында жобаларын таныстыруға келген Орталық Азия инновациялық университетінің өкілі де Startup Orda-ның маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Astana Hub ұйымдастырған бұл бағдарлама жас мамандарға, студенттерге және тәжірибелі кәсіпқойларға стартап экожүйесіне енуге тиімді жағдай жасайды. Екі ай бойы жүргізілген сабақтарда қатысушылар нарықты талдау, мақсатты аудиторияны анықтау, өнімнің қажеттілігін бағалау, қаржылық модель құру, баға саясатын белгілеу және инвестиция тарту тетіктерімен жан-жақты танысқан.
Бағдарламаға 20-дан астам команда қатысып, әрқайсысы өз идеясын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашқан. Университет өкілі таныстырған Smart Walk жобасы – ЦСА диагнозы бар балаларға арналған интерактивті электронды ходунок. Оның айтуынша, бұл құрылғы балалардың қимыл-қозғалысын жақсартып, оңалту процесін жеңілдететін қолжетімді әрі тиімді технология бола алады. Қазақстанда ресми дерек бойынша 19 мыңға жуық бала ЦСА-мен ауырады, ал жалпы Орталық Азия елдерінде бұл сан 50 мыңға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан мұндай инновациялық құрылғылардың маңызы жыл сайын артып келеді.
Demo Day қорытындысы бойынша қатысушылар өз жобаларын одан әрі дамытуға жаңа серпін алып, инвесторлармен байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Бағдарлама ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл бастама өңірде инновациялық экожүйенің қалыптасуына және жас кәсіпкерлер қауымдастығының өсуіне ықпал етуді жалғастырады.
Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Мұнда жас буынның белсенділігі қала келбетін тек сыртқы жағынан ғана емес, ішкі рухани жағынан да түрлендіріп жатыр. Сонымен қатар, мұндай шаралар Шымкенттің білім мен ғылым саласын да серпілтеді. Стартап құру үшін жас маман талдау жасайды, ақпаратпен жұмыс істейді, деректерді салыстырады, гипотеза құрады. Университеттер мен стартап орталықтарының тоғысуынан жаңа зерттеу бағыттары, жаңа ғылыми жобалар пайда болуы уақыттың еншісінде тұрған табиғи процесс.
Demo Day – қаланың өнер кеңістігіне де ерекше әсер етеді. Қазіргі заманда өнер тек қылқаламмен немесе әуенмен ғана шектелмейді: виртуалды жобалар, интерактивті платформалар, графикалық интерфейстер – бәрі жаңа өнер формалары. Инновациялық идеялар жаңа эстетика әкеледі.
Шымкенттің мәдени болмысы соңғы жылдары тек дәстүрлі өнер ошақтарымен ғана емес, осындай инновациялық идеялар алаңымен де толықты. Startup Orda Demo Day – жай шара емес. Ол – Шымкенттің жаңаша тынысы десек болады. Өйткені кез келген қоғамның ең үлкен байлығы – жаңашыл ойлайтын, ізденетін, мәдениеті жоғары ұрпақ.
Бөлісу тақырыбы: Startup Orda: Шымкенттің білім, ғылым және инновация кеңістігін кеңейткен бастама
