Экономикалық өсім жағынан Шымкент алда келеді
Соңғы жылдары ішкі миграциялық ағын есебінен Шымкент қаласының халқы қарқынды өсіп келеді. Халықтың өсуі жұмыс күшінің көбеюін білдіреді. Ал бұл өз кезегінде экономикалық дамудың алғышарты болып табылады.

Осыған орай Шымкентте пайда болған кәсіпорындар қажетті мамандармен қамтамасыз етілу жағынан кенде қалып жатқан жоқ. Ең бастысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларына сәйкес экономикалық өсімге ықпал жасайтын өндіріс орындарын аша отырып инвестиция тарту, адами капиталды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта құру бағыттарында жұмыстар жүргізіліп келеді.
Нақты цифрларға көшсек мәселен макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша ағымдағы жылдың 10 айында қала экономикасының өсімі 14,8 пайызды құрап, республика бойынша алдыңғы қатардан орын алды. Оның ішінде, сауда көлемі 24,6 пайызға, байланыс 18,3, өнеркәсіп өнімі 14,7 пайызға, құрылыс жұмыстары 7, инвестиция 4,7 пайызға өсіп, 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Экономика өсімінің драйвері ретінде өңдеу өнеркәсібін дамыту бүгінгі таңда жергілікті атқарушы биліктің негізгі міндеті болып табылады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Астанадағы Орталық коммуникациялық қызмет алаңында берген мегаполистің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі брифингте айтып өткен болатын.
«Бүгінде өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 16,5 пайызға өсті. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп саласында құны 150 млрд теңгені құрайтын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның ішінде биылғы жылы қосылған ірі жобалармен таныстырып өтейін. «QazAlpack» компаниясы өндіретін «Алюминий құтылары өніміне» сұраныс артып, экспорт көлемінің ұлғаюына байланысты құны 30 млрд теңгені құрайтын жобаның 2-ші кезеңін іске қостық. Зауыт жылына 2,2 млрд дана алюминий құтыларын шығарады. Онда 112 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сол сияқты, құны 7,8 млрд теңгеге «Sauran Bricks» компаниясы «Автоклавты газдалған бетон» өндіретін зауыт жобасын іске қосты. Зауыт жылына 300 мың текше метр газдалған бетон өндіреді. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орындары құрылды. Мегаполисте өндірістік аймақтарды дамыту арқылы инвесторлар тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатында жаңадан 2 өндірістік аймақты салу және 3 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл аймақтарда 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба іске асырылып, 13 мыңға жуық жұмыс орындары құрылады. Оның ішінде, 2 индустриялық аймақтың құрылысы аяқталуда» деді Ғабит Әбдімажитұлы.
Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Оңтүстік өңірінде барлық тауарларды қабылдап, жеткізуге логистика жағынан қолайлы «Өңірлік хаб» құруды тапсырған болатын. Осы мақсатта қолданыстағы Сауда-логистикалық орталығын кеңейту жұмыстарын келесі жылы аяқтауды әкімдік жоспарлап отыр. Бұл өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және бизнес пен сауда үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Одан бөлек қалада «Стандарт» жеке индустриялық аймағы іске қосылды. Мұнда өндірістік аймақпен бірге мемлекеттік қолдау ретінде инфрақұрылыммен қамтылған арнайы шағын өндіріс алаңдары да салынды.
Президент тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестиция тарту әкімдіктің стратегиялық міндетіне айналды. Осы ретте, инвесторларға тұрақты түрде қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсетіліп келеді. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, оның 75 пайызы – жеке инвесторлар есебінен. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады. Өңір экономикасын тұрақты дамыту мақсатында алдағы 5 жылда 6,6 триллион теңге инвестиция тарту бойынша жоспар бар. Бүгіннің өзінде жалпы құны 4,6 триллион теңге болатын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Бұл инвестициялық жобалар аясында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады. Оның ішінде бірнеше ірі жобаларды атап өтуге болады. Мәселен өткен жылы «Alsera KZ» түрік компаниясымен құны 322 млрд теңгені құрайтын 650 гектар жерге елімізде ең үлкен заманауи жылыжай кешені құрылысы басталған еді. Бүгінде құны 98 млрд теңгені құрайтын бірінші кезеңінің құрылысы аяқталып, 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім алынды. Сол сияқты, польшалық «Fabe Agro» компаниясымен құны 68 млрд теңгені құрайтын жоғары технологиялы жылыжай құрылысын салуға 144 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, түркиялық «YDA Group» компаниясымен 313 млрд теңгеге өндірістік технологиялық материалдар өндіру және отандық «INTERTRANS» компаниясымен 80 млрд теңгеге мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салу көзделуде.
Қала әкімінің айтуынша өткен айда Астана қаласындағы инвестициялық форумда қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен құны 55 млрд теңгеге тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы қуаттылығы 24 мВт электр энергиясын өндіру бойынша келісім жасалған екен. Соған сәйкес жобаны іске асыруға қоқыс полигоны жанынан 12 гектар жер телімі бөлінді.
Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі Шымкент қаласында орналасқаны белгілі. Мұнай-химия саласын дамыту бағытында 2030 жылға дейін Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаттылығын 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін арттыру көзделуде (Құны шамамен 3 триллион теңге). Бұл жоба оңтүстік өңірінен бөлек, еліміздің басқа өлкелерін де жанармаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерліктің экономиканың тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі күші екенін атай отырып, саланы дамытуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда қаламызда бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде, соңғы 3 жылда шаһарымыздағы белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жетіп, жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңнан асты. Басқа да статистикалық деректерге тоқталсақ, қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41 пайыздан 58 пайызға артты. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге қаралып бүгінде 1 971 жобаға қолдау көрсетілді .
Жаңа бастамаларды қолдау мақсатында кәсіпкерлерге қолжетімді инфрақұрылыммен қамтылған, аумағы 45 мың шаршы метр құрайтын 3 «шағын өндірістік алаңды құру» жұмыстары аяқталуда. Онда 50-ден астам шағын кәсіпорындар ашылып, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамту және 500 миллион теңге салықтық түсімдер күтілуде. Өткен жылдан бастап кәсіпкерлерді ашық және адал салық төлеуге ынталандыру мақсатында бөлшек салық мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілген болатын. Қазіргі кезде осы салық түрінен бюджетке түсетін түсімдер 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге немесе 3 есеге артып отыр. Биыл жаңа Салық кодексіне байланысты шешімді қайта қабылдап, келесі жылдан бастап жеңілдікті пайдаланатын кәсіпкерлер ауқымы 8 мыңнан 102 мыңға артады.
Мегаполистің агросалада атқарылған бүгінгі жұмыстарына келсек, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 29 млрд теңгеден асқан. Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,9% артып отыр. Сонымен бірге осы жылы Шымкент қаласында 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Егістік танаптардың ішінде дәнді дақылдар – 7 мың, майлы дақылдар – 3,3 мың, мал азықтық дақылдар – 10,9 мың, көкөніс пен бақшалық – 1,7 мың, картоп – 0,1 мың гектар жерді алады. Биылғы жиын-терім науқанында осы аталған егіс даласынан 81 мың тоннадан астам өнім жиналады деп күтіліп отыр. Қала әкімдігі 2025 жылға өнімділікті арттыруды алдына мақсат қойды. Осыған байланысты егін шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 863.3 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға – 75 млн, жылыжай кешенінің коммуналдық шығындар құнын арзандатуға – 767.8 млн, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға – 20.5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, биылға шаруашылықтардан жалпы көлемі 953 тонна дизель отынына өтінім беріліпті. Жеңілдетілген дизель отынының босату бағасы литріне 250 теңге болып бекітілді. Жанар-жағармай шаруашылықтарға толығымен үлестірілді. Қай кезде агросала мемлекеттің көмегінің арқасында алға жылжиды. Дамыған шетелде де фермерлер үкіметтен тиісті дотацияларын алып отырады. Бұл ретте біздің ел де шаруаларға орасан зор көмегін беріп жатыр. Осындай жәрдемнің арқасында шаруа қожалықтары көктемгі дала жұмыстарын, күзгі жиын-терімді ойдағыдай атқарып келеді. Шымкенттік диқандар осы жеңілдетілген жанар-жағармайдың көмегімен егін егуге, өнімді жинап алуға кеткен біраз шығындарын өтеп алып жүр. Сондай-ақ шаһарда жылыжай шаруашылығы өркендеп келеді. Қала болған соң ашық егістік алқабы аз болады. Сондықтан егін шаруашылығында жабық кешенді егістік алаңдарына барынша ден қойылып отыр. Осы мақсатқа орай шетелден инвесторлар тартылып, ауқымды жобалар да қолға алынды.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандарының мәлімдеуінше мал шаруашылығы бойынша қала аумағында 35 заңды бордақылау алаңы жұмыс істейді. Аталған алаңдарда 11 мың бас ірі қара мал бордақыланып жатыр. Сүтпен бірге ет өнімдері де азық-түлік нарығының басты сұраныстарының бірі болып табылады. Сондықтан қала билігі мал шаруашылығының ішінде ет өндірісіне де аса көңіл бөліп отыр. Әсіресе ет бағасының нарықта арзан емес екенін ескерсек, бұл саланы дамытудың маңыздылығы өзінен өзі айқындала түседі. Шымкенттіктер азық-түліктен жылына қаншама тонна ет тұтынады. Тұрғындардың осы сұранысын қанағаттандыру үшін қалалық әкімдік мал бордақылаумен айналысатын шаруашылықтарға көмек беруден аянып қалып жатқан жоқ. Соның бірі мәселен, жыл сайын көктемгі егін науқанында мал азығы дақылдарын көбірек егуге баса мән беріледі. Бұл біріншіден мал азығы дақылдарының қорын молайту үшін керек. Сырттан әкелінген жем-шөп қымбат болатыны түсінікті. Егер құрама жемді шаһардың шаруалары өздері өндірсе ол келешекте ет бағасының арзандауына сәлде болса әсерін тигізері анық. Одан бөлек шаһарда оннан астам сүт фермасы бар. Олар өндірген өнімдер Шымкенттің сүтке деген сұранысының біраз бөлігін жауып отыр.
Ә.ҚОНЫСБАЙ
