Мегаполис медицинасының мүмкіндігі мол
Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жедел медициналық жәрдем қызметіне 30 жаңа санитарлық автокөлік кілттерін тапсырды. Бұл орайда шаһар басшысы медицина ұйымдары мен шұғыл қызметтердің материалдық-техникалық базасын жаңарту әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Әкім сондай-ақ жедел жәрдем автопаркін жаңарту – халыққа көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің сапасы мен жеделдігін арттырудағы маңызды қадам екендігін айтты.
Ал жедел жәрдемшілерге берілген «Hyundai STARIA» маркалы жаңа санитарлық автокөліктер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталғанын айта кеткен жөн. Соның ішінде бұл автокөліктер кардиографтар, дефибриллятор-монитор, өкпені жасанды желдету аппараты, электрлі сорғыш, оттегі баллондары, арнайы зембілдер және қорғаныш қалқандарымен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек мегаполис басшысы денсаулық сақтау ұйымдарына «Аль-Фараби фарм Лтд» ЖШС демеушілігімен сатып алынған, медициналық жабдықтарға арналған сертификаттар берді. Осы сертификатта жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторлар, функционалдық және реанимациялық төсектер секілді жабдықтар қамтылған. Аталған медициналық құралдар нәрестелерді күтіп-қарауға және ауыр хәлдегі науқастарды емдеуге арналған. Өз кезегінде Ғ.Сыздықбеков денсаулық сақтау саласын жаңарту және Шымкент тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғаса беретінін жеткізді. Осы тұста қоса кеткен жөн бүгінде қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі 10 қосалқы станция базасымен қамтамасыз етілген. Тұрғындарға тәулік бойы қызмет көрсететін 115 шұғыл бригада жұмыс істейді. Бұл медициналық қызметкерлер тобының ішіндегі 87-сі фельдшерлік болса, қалған 28-і дәрігерлік бригадалар.
Сонымен бірге Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан денсаулық сақтау саласында халыққа сапалы медициналық көмек көрсету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен соңғы 3 жылда жаңадан 14 медициналық мекеме ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 21 мыңға азайды. Медициналық ақпараттарды автоматты түрде талдап, қатерлі ісіктерді, өкпе ауруларын, жүрек-қантамыр жүйесі патологияларын ерте анықтайтын «PACS Systems» жасанды интеллект ақпараттық жүйесі енгізілді. Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету арқылы 1 102 операция жасалды. Оның ішінде, 310 кардиохирургия, 33 нейрохирургия, 1 жүрек және 14 бүйрек трансплантациясы іске асырылды. Сол сияқты, елімізде алғаш рет Шымкент қаласындағы онкологиялық ауруханада кеңірдек бифуркациясын резекциялау және жаңа бифуркация қалыптастыру операциясы сәтті орындалды. Жергілікті бюджет есебінен 2 аурухана күрделі жөндеуден өтіп (№1 қалалық клиникалық ауруханасы және жұқпалы аурулар ауруханасы), жедел жәрдем қызметінің сапасын көтеру мақсатында 40 арнайы автокөлік алынды. Салада соңғы 3 жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту деңгейі 79 пайыздан 90 пайызға жетті.
Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков Шымкенттің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған Орталық коммуникациялық брифингінде айтып өткендей шұғыл көмек көрсету қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында биыл мегаполистің 3 шағын ауданында сервистік орталықтар салынды. Онда полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметтері орналасқан. Келесі жылы 2 шағын ауданда салынатын болады.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы өңірде 150 орындық оңалту орталығын және 200 орындық жаңа заманауи перзентхана салуды тапсырған болатын. Осыған байланысты бүгінде мегаполисте заманауи үлгідегі 150 орындық оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ әкімнің айтуынша 200 орындық жаңа заманауи перзентхана салуға 6,2 гектар жер телімі бөлініп, құжаттамалары әзірленді. Үкіметтің қолдауымен перзентхана құрылысын арнайы мемлекеттік қор есебінен салынатын болады. Осы тұста Қазақстан бойынша түзілген рейтингте қалалық перинаталдық орталық денсаулық сақтау мекемелері ішінде алғашқы төрттікке енген атап өткен абзал. Осы арқылы перзентхана ұжымының нәтижелі еңбегін көруге болады. Сапалы медициналық қызмет пен жүйелі жұмысты анықтау үшін Денсаулық сақтау министрлігі еліміз бойынша 772 ұйым арасында рейтингтік талдау жүргізген. Олардың арасында мемлекеттік және жеке клиникалар да бар. Өз кезегінде халықтың денсаулығын жақсарту бағытында ана мен бала өмірін қорғау медицина саласына жауапты ведомствоның басты міндеті болып табылады. Орталықтың бас дәрігері Гүлбану Жұмағалиқызының айтуынша тарифтер есебінен ана мен бала денсаулығын сақтауға бөлінетін қаржы бірнеше есе өскен. Осы қаражатқа перзентхана материалдық-техникалық базасын жаңартқан. Оның ішінде жүкті әйелдерді скринингтік тексеруден өткізетін УДЗ аппараттары сатып алынды. Ал мамандардың біліктілігінің артуының нәтижесінде сәбилер өлімі 1.5 есеге төмендеді. Ал жатыр ішіндегі сәбилердің өлімі 2 есеге азайды. Перинаталдық орталық жүкті, жаңа туған әйелдер мен сәбилерге үшінші дәрежеде медициналық қызмет көрсетеді. Өткен жылы Шымкентте 29 124 нәресте дүниеге келсе, оның 893-і осы орталықта туылған. Бұл мекеме мен басқа да перзентханаларда медициналық қызметтің сапасын күшейту мақсатында кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру бойынша арнайы курстар өткізілді. Осы мақсатпен өткен жылы акушер-гинеколог, реаниматолог, неонатолог мамандар алыс-жақын шетелдерде тәжірибе алмасып қайтты. Қалалық перинаталдық орталықта госпитальді фармация бөлімі ашылған. Бұл мекеменің ең үлкен жетістігінің бірі боп саналады. Перзентханада мұндай бөлімнің болуы әлемдік тәжірибеде бар және бүгінгі медицинаның басты талабы болып табылады. Бөлімнің міндетіне дәрігерлердің нұсқамасы бойынша сапалы емдік препараттар дайындау және оның әсері мен нәтижелілігін бақылап отыру кіреді. Бас дәрігердің мәлімдеуінше былтыр 8116 экстрагенитальды патологиясы бар жүкті әйелдер орталықтың кеңес беру-диагностикалау бөлімінде қаралды. Сондай-ақ отбасын жоспарлау аймағында жүкті және жаңа туған әйелдер жүктіліктен сақтанудың жолдары мен бала көтерудің аралық уақыты жөнінде құнды кеңестер ала алады.
«Құрсақ көтерген әйелдерге барлық медициналық көмектер қарастырылса және ол қолжетімді болса ана мен баланың денсаулығының қорғалғаны. Бұл жөнінен елімізде, оның ішінде Шымкентте өте үлкен ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Медицина саласындағы осынау маңызды өзгерістердің нәтижесінде бұрынғы кезбен салыстырғанда мегаполисте ана мен бала өлімі саны әлдеқайда төмендеді. Біз өткен жылдың маусымынан бастап «Бір күндік клиника» жобасын енгіздік. Соның аясында хромосомалық патологиясы басқа да кінәраты бар сәбилерді әлі туылмай тұрып ерте бастан анықтауға мүмкіндік алдық. Шымкенттің әрбір жүкті әйелі «бір терезе» қағидаты бойынша перинаталдық орталыққа келіп, барлық диагностикалық тексеруден өтіп, бір күнде нәтижесін біліп кете алады. Егер шаранада анаға қандай да бір қауіп төндіретін ауру белгісі болса немесе дұрыс жетілмесе, жүктілікті мерзімінен бұрын тоқтатуға кеңес беріледі. Бұл қызмет түрі пайда болғалы он мыңнан астам диагностикалық тексеру жүргізілді. Іштегі құрсақ дұрыс жетілмегендіктен қаншама әйел жүктілікті мерзімінен бұрын тоқтатты. Соның нәтижесінде денсаулығында туа бітті ақауы бар нәрестелер саны бірнеше есеге азайды. Статистикаға назар салсақ денсаулығы жарамсыз күйде туған нәрестелердің өлімі былтыр 40 пайыздай төмендеді. Мәселен өткен жылы 29 жағдай болса, 2023 жылы ауру салдарынан шетінеп кеткен балалардың саны 48-ге жеткен» деді Гүлбану Жұмағалиқызы.
Мұнан өзге мегаполисте орналасқан айтулы клиниканың бірі «Шымкент жүрек орталығы» шетелдік серіктестерімен бірге ынтымақтастық келісімшарт жасасып, медициналық туризм саласында белсенді қызмет атқарып келеді. Бұл емдеу мекемесі де АҚШ, Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан елдерінің жүрек-қан тамыры ауруына ұшыраған азаматтарына жоғары технологиялық оталар жасады.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша осы күнде мегаполисте сақтандырылмаған азаматтардың үлесін төмендету бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Соның аясында медицина саласына жауапты қызметкерлер азаматтарға өз мәртебесін тексеру, жарналарын уақтылы төлеу бойынша кеңестер берумен шұғылданып жүр. Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше Шымкент қаласының тұрғындарын медициналық ұйымдарда тіркеу және қызмет алу рәсімдерін жеңілдету үшін қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылу үстінде.
Шымкент қаласының әкімдігі медициналық туризмді дамытуға білек сыбана кірісіп жатыр. Бұл жерде мегаполисті жоғары технологиялық мамандандырылған медициналық қызмет ұсына алатын қалаға айналдыру мақсаты тұр. медициналық туризмді дамытуға Шымкент қаласындағы диагностикалық орталық та үлес қосып жатыр. Бұл мекеме халыққа амбулаториялық-емханалық деңгейде де қызмет көрсете алады. Жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қызметкерлерінің көпшілігі тәжірибелі әрі жоғары білікті кәсіби мамандар. Диагностикалық орталық жаңа тексеру аппараттарын іске қосу арқылы мамандандырылған медициналық қызмет саласын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Сондай-ақ онда халықаралық зертханалық ИСО СТ РК 15-189 стандарты енгізілген. Орталықтың диагностикалық тексеруінен Орталық Азия, Еуропа, Ресей, АҚШ елдерінің де азаматтары өтіп тұрады. Былтырғы статистиканы қосқанда бүгінге дейін жүзге жуық шетелдік науқасқа медициналық ұйым консультативтік-диагностикалық, оның ішінде зертханалық, радиологиялық, эндоскопиялық қызметтер көрсеткен. Аталған мекеменің бас дәрігері Шолпан Мырзахметованың айтуынша консультативтік-диагностикалық қызметтерге жүгінетін шетелдік азаматтардың саны жыл сайын 10-15 адамға артып келетін ұқсайды. Диагностикалық орталық медициналық қызмет көрсетуде заманауи жоғары технологиялық МРТ, КТ, видеоэндоскопиялық және премиум класты ультрадыбыстық аппараттар секілді медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген дейді бас дәрігер.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше биыл мегаполис тұрғындарына амбулаториялық-емханалық деңгейде 60 мекеме медициналық көмек көрсетті. Сондай-ақ бүгінгі таңда 14 мемлекеттік емханаға 607 мың, ал 46 жеке емханаға 639 мың адам тіркелген. Қала тұрғындарына қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2022-2024 жылдар аралығында 14 емхана ашылып, олардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 20 мыңға азайды. Ауруханалардағы төсек-орын саны 2023 жылы 4 393-тен 2025 жылы 4 894 төсек-орынға көбейді, яғни өсім 10 %-ды құрады.
Ә.БАЛТАБАЙ
