Болашақтың кілті білімді ұрпақтың қолында

Шымкентте биылғы оқу жылында 28 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Қалалық білім басқармасы өкілдерінің мәлімдеуінше шаһарда соңғы екі жылда 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ұлттық жоба аясында қосымша 12 мектеп салынды. Ең бастысы мегаполисте білім саласына ұдайы назар аударылып келеді.

image.png

Мегаполисте адами капиталды дамыту –  еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда үлкен рөл атқарады.  Мемлекет басшысы үнемі білім сапасын жақсарту, денсаулық және спорттық инфрақұрылымды дамытуға аса мән беріп келеді. Бұл орайда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Астанадағы мегаполистің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстары жөнінде берген брифингісінде Шымқалада үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілгенін атап өтті. 

«Биыл бюджет есебінен 4 145 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, 2 мектеп пайдалануға берілді.  Жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп пен 1 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімімен қаладағы Президент резиденциясын балаларға арналған сауықтыру лагеріне айналдыру жұмыстары жүргізілуде.  Бүгінгі таңда, нысан білім басқармасының балансына беріліп, қажетті жиһаздармен қамтылуда. Президентіміз биылғы Жолдауында экономиканың барлық салаларына жасанды интеллектіні енгізіп, цифрландыру арқылы елімізді орнықты дамытуды айқындап берді.  Білім беру саласын цифрландыру мақсатында бірқатар жаңа жобалар қолға алынды.    Бірінші. Қалада барлық мектептердегі бейнебақылау жүйелері Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған, заманауи интеллектуалды жүйе «Айқын» жобасы жүзеге асырылуда. Интеллектуалды жүйе – мектептегі қауіпсіздік, өрт және буллинг жағдайларымен бірге, контингенттің оқу процесіне қатысуын бақылап, тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Екінші. Мектептердегі тегін тамақтың берілуін бақылайтын «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесі енгізіліп, 2 айда 460 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.   Үшінші. Қосымша білім беру бойынша шығармашылық және спорттық үйірмелерге «бір бала – бір орын» қағидатымен бірыңғай ваучерлік жүйе енгізілді.  Бұл жүйе үйірмелер сапасын арттырып, бақылауды күшейтумен бірге 1,8 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді.   Төртінші. Білім беру саласында жемқорлық фактілерінің алдын алып, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық ақпараттық платформалардың қаржыландыру процестерін бақылап, қадағалайтын «QARQYN» цифрландыру жүйесі енгізілуде.  Айта кететін мәселе, биылдан бастап жекеменшік мектептерді қаржыландыру функциялары әкімдіктерге беріліп, республикалық бюджеттен қаржысы толық қаралмауына байланысты, өңірлерде өзекті мәселелер туындаған болатын.  Осыған байланысты, жергілікті бюджет шығындарын оңтайландырып, жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қосымша 22,5 млрд теңге бағыттадық» деді Ғ.Сыздықбеков.  

Сондай-ақ қала басшысы Президент бастамасымен «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толығымен пайдалануға беріліп, жоба өңірде сәтті жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. 

Ал енді Келешек мектептерінің ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ оқу жабдықтары мен жиһаздардың толық жиынтығы қамтамасыз етілген. Оған бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, әртүрлі тақырыпқа икемделуге мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары, WI-FI-мен қамтылған жоғары жылдамдықты интернет жатады. Компьютермен жабдықталған физика, химия, биология, интеллект, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, мектеп кеңістігінің заманауи эстетикалық тартымды сыртқы, ішкі көрінісі, оқу және бос уақытты тиімді өткізу аймақтары Келешек мектебін өзге білім ошақтарынан өзгешелейді. Одан бөлек, кітап қоймасы мен оқу залы, кітапхана, электронды кітапхана, әр қабаттағы коворкинг бөлмелері,  әмбебап шеберханалар мен студиялар, бастауыш кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер  жаңа үлгіде салынған мектептің артықшылыңы болып табылады.

Осы тұста айта кеткен жөн республиканың үшінші мегаполисінде жылдан-жылға демогарфиялық өсім жақсарып келеді. Соның нәтижесінде оқушылар саны да артып барады. Ол өз кезегінде қосымша білім ошақтарының  салынуын талап ететіні түсінікті. Сондықтан да Шымшаһарда жаңа білім ұяларының бой көтеруі әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды шаруа саналады. Мектептер қай кезде де білім мен тәрбиенің қайнар бұлағы боп келген. Ендігі жерде Келешек мектептерінде білім алған оқушылардың білім деңгейі мен жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі жаңа сатыға көтерілмек. Оған жаңа үлгідегі білім ошақтарының заманауи жабдықталуына қарап көз жеткізуге болады. Сонымен бірге жаңа білім ұяларының басқа да артықшылықтары туралы сөз қозғасақ, біріншіден, бұл мектептер типтік жобаларға қарағанда 15–20 пайызға кең боп келеді, ал, техникалық жарақтануы жағынан Келешек мектептері 4 есеге жоғары тұрады. Осының барлығы айналып келгенде ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл мектепте қауіпсіздік жүйелері де назарға алынған. Өйткені қазіргі қоғамда бала қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мектепте балаға ұстаздар жауапты болғандықтан мемлекет қауіпсіздік шарасын барынша күшейтіп отыр. Келешек мектептерінде қауіпсіздік мәселесі әрдайым бірінші орында тұрады. Сондықтан ба баланың өмірі мен оның денсаулығына қай кезде де ерекше мән берілуі керек. Бұдан бөлек оқушыларды сапалы білімге қолжеткізу мақсатында тек мектеп құрылысы ғана емес, өзге де кешенді іс-шаралар қолға алынып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, Президент тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары қалада заманауи үлгіде 2 оқушылар сарайы салынды. Соның нәтижесінде, Оқушылар сарайының саны үшеуге жетіп, мектепте білім алып жатқандардың 95 пайызы бүгінгі таңда қосымша біліммен қамтылды. Осының өзін үлкен жетістік деп бағаласақ болады. Ал жаңа оқу жылында пайдалануға берілген Келешек мектебінен білімге құштар, адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген, отаншыл әрі адал азаматтар өсіп шығарына сенім мол.

Бұған дейін де жеткен жетістігіміз аз болмады. Түрлі пәндік байқауларда біздің өрендеріміз жоғары нәтижелер көрсетіп, Шымкент мәртебесін абыроймен қорғап жүр. Бұл саналы тәрбие мен сапалы білімнің беріп жатқан жемісі. Президент тапсырмасына орай білім саласына жылдан-жылға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде шаһарда жаңадан білім ошақтары бой көтеріп жатыр. Және оның саны демографиялық өсімге қарай ұлғая береді. Жаңа мектептер құрылысы мен жеке меншік білім ұяларының арқасында Шымкентте апатты мен үш ауысымды мектептер мәселесі түбегейлі шешілді. Осының өзі әлеуметтік проблеманың қоғамда бірте-бірте азайып келе жатқанын байқатады. Бала біздің болашағымыз. Оларға салынған инвестиция қашан да өзін ақтайды. Инвестиция дегеніміз бірінші кезекте сапалы білім. Ал сапалы білімге қол жеткізу үшін алдымен материалдық-техникалық база, инфрақұрылым мықты болу керек. Осынау мақсатқа жету үшін шаһарда жыл сайын жаңадан білім ошақтары бой көтеріп келеді. Және олардың барлығы соңғы үлгідегі оқыту құралдарымен жабдықталған. Білімсіз мемлекеттің болашағы жоқ. Сондықтан осы тірліктің бәрі де жарқын келешек үшін атқарылып жатыр

Жалпы Президент тапсырмасын орындау нәтижесінде Шымқалада жоғарыда атап өткендей заманауи үлгідегі жаңа мектептер пайдалануға беріле бастады. Одан бөлек білім басқармасы педагогтардың кәсіби біліктілігін шыңдауға да ерекше ден қойған. Білікті ұстаздардың тәжірибесінің арқасында оқушылар арасында білім сапасы да артып келеді. Мектеп құрылысымен бірге білім саласында ең алдымен инфрақұрылым мәселесі жақсара түскенін айтады мамандар. Біліммен қоса, педагогтар балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Осы бағытта бүгінгі таңда қала мектептерінде көптеген жұмыстар атқарылды. Соның ішінде бірінші кезекте барлық білім ошақтарында бақылау камералары орнатылып ол жергілікті полиция департаментінің арнайы мониторинг қызметіне қосылды. Қысқасы оқушылардың алаңсыз білім алуына мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Оқушылар енді ешнәрсеге алаңдамай тек білімге ұмтылулары керек. 

Қалалық білім басқармасы таратқан мәліметке сәйкес педагогтар әр үш жыл сайын біліктілік құзыреттіліктерін арттырып тұрады. Және олардың саны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Ұстаздар шеберліктерін «Өрлеу» ұйымында, Назарбаев зияткерлік мектебінде арнайы курс оқу арқылы шыңдайды. Сонымен бірге Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығында, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтында тәжірибелерін молайтады. Жыл басынан бері республикалық және жергілікті бюджет есебінен 6502 педагог біліктілікті арттыру курсынан өткен екен. 

Қазақ бекерге «білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп айтпаған. Бүгінгі заман күшпен емес, ақылмен, ғылыммен жарысатын заман. Асыл дінімізде де білім туралы көп насихат айтылады. «Ілім іздену әрбір мұсылмен ер мен мұсылман әйелге парыз» деген хадис бар. Сондай-ақ қасиетті Құран Кәрімде бірінші түскен аят ол «Оқы!» деп басталады. Ендеше ілім-білімнің мұсылмандар өмірінде алатын орны ерекше болуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқеав та әрбір халыққа арнаған Жолдауында Қазақстан барлық сала бойынша алға қарай даму керектігін айтады. Тіпті маңызды стратегиялық жоспарларды іске асыру бағытында Үкіметке жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар жүктейді. Ал осынау игіліктерге қол жеткізудің бір-ақ амалы бар. Ол ілім іздену. Зердесіне ілім тоқыған адам нағыз маман. Сол білікті мамандар елімізді жарқын болашаққа бастайтын. Бүгінде маман тапшылығы туралы жиі сөз қозғалады. Бұл мәселені шешудің ең оңтайлы жолы азаматтардың елге керекті мамандықтарды оқып, жаңа кәсіптерді меңгеру. Ал оның оқу-тоқусыз келмейтіні тағы ақиқат. Сол үшін де Қазақстанда білімге өте қатты көңіл бөлініп жатыр. Соның ішінде Шымкент қаласының білім саласы үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Оны бүгінгі нәтижелерге қарап-ақ бағамдай берсек болады.

Ә.АБДРАХМАН