Әдістемелік сабақ – әділ тергеудің тірегі

Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу құқықтық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. 

image.png

Осы міндеттерді тиімді орындаудың негізгі тетігі ретінде бүгінгі таңда «Заң мен тәртіп» қағидаты алға қойылып отыр. Бұл қағидат құқық қорғау жүйесінің қызметін біріздендіретін, кәсіби жауапкершілікті арттыратын және заң үстемдігін қамтамасыз ететін басты бағдар. «Заң мен тәртіп» қағидаты ең алдымен ішкі істер органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысына тікелей қатысты, өйткені кез келген қылмыстың сапалы ашылуы, әділ тергелуі мен дәлелді процессуалдық шешім қабылдануы осы сала мамандарының біліктілігіне, тәжірибесіне және заңды дұрыс қолдануына байланысты.

Осы тұрғыда Шымкент қаласы полиция департаментінде тергеу, анықтау және жедел-криминалистика қызметтерінің жұмыс барысында кездесетін өзекті мәселелерін талқылауға арналған әдістемелік сабақтың өтуі «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Әдістемелік сабақтың негізгі мақсаты – құқық қорғау органдары қызметінің сапасын арттыру, тәжірибеде кездесетін кемшіліктерді анықтап, оларды болдырмау жолдарын талқылау, сондай-ақ тергеу мен сараптама саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешу арқылы заңдылықты қамтамасыз ету.

Аталған әдістемелік сабақ барысында Шымкент қаласы полиция департаментінің Тергеу, анықтау және жедел-криминалистика қызметінің күнделікті іс-тәжірибесінде туындайтын өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Іс-шараға департамент басшылығы, салалық басқармалар жетекшілері, тәжірибелі тергеушілер мен криминалистер, сондай-ақ сот сараптамасы саласының білікті мамандары қатысты. Бұл өз кезегінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, тәжірибе алмасуға және ортақ мәселелерді бірлесе талқылауға мүмкіндік берді.

Әдістемелік сабақ барысында Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары А.Калдарбеков сөз сөйлеп, тергеу, анықтау және жедел-криминалистика саласында күнделікті кездесіп жүрген өзекті мәселелерге арнайы тоқталды. Ол өз сөзінде «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау әрбір полиция қызметкерінің кәсіби борышы екенін атап өтті. Заң талаптарын мүлтіксіз орындау, процессуалдық нормаларды қатаң сақтау, дәлелдемелерді жинау мен бекітуде жіберілетін кез келген олқылықтың салдары ауыр болатынын ескертті. Сонымен қатар, ол тергеу барысында жол берілетін қателіктерді болдырмау, оларды алдын ала талдау арқылы кәсіби деңгейде жұмыс істеу қажеттігін баса айтты.

Департамент бастығының орынбасары өз сөзінде әдістемелік сабақтың маңыздылығына тоқталып, мұндай іс-шаралар тек теориялық білім берумен шектелмей, нақты практикалық мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Тергеу мен криминалистика саласындағы заманауи тәсілдер, ғылыми-техникалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, сараптамалардың сапасын арттыру әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің негізгі шарттары екенін жеткізді. Бұл орайда құқық қорғау органдары мен сот сараптамасы мекемелері арасындағы тығыз ынтымақтастықтың маңызы ерекше екені айтылды.

Әдістемелік сабаққа өз тәжірибесімен бөлісуге келген қонақтардың қатысуы іс-шараның мазмұнын байытып, оның практикалық маңызын арттырды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны филиалы Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалар институты директорының орынбасары Әріпханов Ұлықбек Русланбекұлы, Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалар институтының жалпы сараптамалық бөлімінің басшысы Құрбанов Дінмұханбет Есіркепұлы, бас сарапшы Битуреева Жанна Сабырқызы, криминалистикалық зерттеулер қызметінің бас сарапшысы Үсенбаев Бауыржан Жуасбекұлы өз салалары бойынша маңызды мәліметтермен бөлісті.

Қонақтар өз баяндамаларында сот сараптамаларын тағайындау мен жүргізу барысында жиі кездесетін кемшіліктерге, дәлелдемелерді дұрыс жинау мен бекітудің маңыздылығына, процессуалдық құжаттарды ресімдеудегі талаптарға кеңінен тоқталды. Олар тергеу органдары мен сараптама мекемелері арасындағы өзара іс-қимылдың сапасы тергеудің нәтижесіне тікелей әсер ететінін атап өтіп, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, заманауи криминалистикалық әдістерді қолдану, ғылыми негізделген сараптамалық қорытындылардың маңыздылығы сөз болды.

Әдістемелік сабақ барысында Шымкент қаласы полиция департаментінің Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы К.Сейталимов баяндама жасап, жедел-криминалистикалық қызметтің қазіргі жағдайы мен даму бағыттарына тоқталды. Ол өз сөзінде оқиға болған жерді қарау, айғақтарды анықтау мен бекіту, техникалық құралдарды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударды. Криминалистикалық қателіктердің алдын алу үшін қызметкерлердің кәсіби дайындығын тұрақты түрде жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы» РМҚКФ Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалар институты директорының орынбасары Ұлықбек Әріпханов пен Шымкент қаласы полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ө.Бекбердиев те баяндама жасап, өз салалары бойынша маңызды мәселелерді көтерді. Олар тергеу сапасын арттыру, дәлелдемелерді жинау кезінде заң талаптарын қатаң сақтау, тергеу әрекеттерін жүргізуде кәсіби стандарттарды ұстану қажеттігін атап өтті.

Әдістемелік сабақтың маңызды тұстарының бірі – қатысушылар арасында ашық пікір алмасудың ұйымдастырылуы болды. Сабақ соңында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, нақты жағдайларға байланысты тәжірибелік ұсыныстар айтылды. Бұл өз кезегінде тергеу, анықтау және жедел-криминалистика қызметтерінің өзара байланысын нығайтып, ортақ мәселелерді бірлесе шешуге жол ашты.

Жалпы алғанда, бұл әдістемелік сабақ «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, тәжірибеде кездесетін кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оларды жою қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сенімін нығайтады. Заң талаптарын бұлжытпай орындау, әділдік пен жауапкершілікті басты қағида ретінде ұстану арқылы ғана құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге болады.

Осындай әдістемелік сабақтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби дамуына, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге және құқық қорғау саласындағы реформалардың тиімді жүзеге асуына оң ықпал етеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты тек ұран емес, ол күнделікті қызметтің нақты мазмұнына айналған кезде ғана қоғамда қауіпсіздік пен әділдік орнайды. Шымкент қаласы полиция департаментінде өткен бұл іс-шара осы бағыттағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі болды.

Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметінде «Заң мен тәртіп» қағидаты – басқарушылық шешімдерден бастап, әрбір қызметкердің күнделікті іс-әрекетіне дейінгі барлық үдерістердің негізі болып табылады. Бұл қағидат тек құқық бұзушылыққа жауап қату емес, ең алдымен құқықтық мәдениетті қалыптастыруды, қызмет сапасын арттыруды және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуды көздейді. Сондықтан тергеу, анықтау және жедел-криминалистика қызметтерінің кәсіби деңгейін жүйелі түрде жетілдіру департамент жұмысының басым бағыттарының бірі.

Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Қалдарбеков Асылжан Оспанұлы:  «Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының алдында тұрған талаптар айтарлықтай күшейді. Қоғам полиция қызметінен ашықтықты, заңдылықты, әрбір шешімнің дәлелді әрі негізді болуын күтеді. Мұндай жағдайда қызметкерлердің кәсіби даярлығы, процессуалдық сауаттылығы және заманауи әдістерді меңгеруі шешуші рөл атқарады. Әдістемелік сабақтар осы қажеттіліктен туындап отыр. Олар тек теориялық білімді жаңартуға емес, нақты тәжірибеде кездесетін мәселелерді ашық талқылауға, қателіктерді талдауға және оларды болдырмау жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Тергеу мен анықтау саласында ұсақ көрінетін кемшіліктің өзі кейін үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Бір құжаттың дұрыс ресімделмеуі, дәлелдемелерді жинау кезіндегі формализм немесе процессуалдық мерзімдерді сақтамау – қылмыстық істің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан біз әрбір қызметкерден өз жұмысына сын көзбен қарап, заң талаптарын мүлтіксіз орындауды талап етеміз. Бұл жазалау мақсатында емес, кәсіби стандарттарды сақтау үшін қажет. Жедел-криминалистика қызметінің рөлі де жыл сайын артып келеді. Қылмыстардың сипаты өзгеріп, олар күрделене түскен сайын, криминалистикалық әдістердің дәлдігі мен сапасы тергеудің нәтижесіне шешуші ықпал етеді. Оқиға болған жерді қараудан бастап, айғақтарды зерттеу мен бекітуге дейінгі әрбір кезең ғылыми негізде, заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс. Бұл жерде тергеуші, жедел қызметкер және сарапшы арасындағы өзара түсіністік пен үйлесімділік ерекше маңызға ие. Бүгінгі таңда сот сараптамасының мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Дегенмен, сараптаманың тиімділігі оны дұрыс тағайындауға және нақты сұрақ қоюға тікелей байланысты. Сондықтан тергеу мен сараптама арасындағы өзара іс-қимылды нығайту басты міндеттердің бірі. Әдістемелік сабақтар аясында бұл мәселелерді бірлесе талқылау, тәжірибелі мамандардың ұсыныстарын ескеру тергеу сапасын арттыруға нақты ықпал етеді. Сонымен қатар, қызметкерлердің кәсіби этикасы мен жауапкершілігіне де ерекше назар аудару қажет. Полиция қызметкері мемлекет атынан әрекет ететін тұлға. Оның әрбір қадамы, әрбір сөзі азаматтардың құқық қорғау органдарына деген көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан заңды сақтау тек міндет емес, қызметтік мәдениеттің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Біз кадрлық саясатта да осы ұстанымды басшылыққа аламыз. Әдістемелік сабақтардың тағы бір маңызды қыры тәжірибе алмасу. Әрбір қызметкердің күнделікті жұмыс барысында жинаған тәжірибесі ортақ талқылау кезінде үлкен құндылыққа айналады. Бір қызметкердің жіберген қателігі басқалар үшін сабақ болуы мүмкін. Ал тиімді тәсілдер мен оң тәжірибелер бүкіл жүйе бойынша қолданылуы тиіс. Бұл кәсіби дамудың ең тиімді жолдарының бірі. Жалпы тергеу, анықтау және жедел-криминалистика қызметтерінің сапалы жұмысы – «Заң мен тәртіп» қағидатының нақты көрінісі. Біз осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруды, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуды және қызмет сапасын үнемі жетілдіруді жалғастырамыз. Заң үстемдігі сақталған жерде ғана әділдік орнайды, ал әділдік бар қоғамда азаматтардың болашаққа деген сенімі нығаяды», - деп қорытындылады. 

Аида ӨТЕП