Еңбектің наны тәтті

Жұмысшы мамандықтарды даярлау қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы да осының айқын дәлелі.  

image.png

Бұл экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам. Осыған орай, Шымкент қаласында жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау және кәсіптік білім беру бағдарламасы аясында жаңа мамандық игеріп, бүгінде тұрақты жұмысқа орналасқан тұрғындар жетерлік. Бұл бағдарлама кәсіптік білім беру ұйымдарында және жұмыс берушілердің жұмыс орнында екі бағыт бойынша ұйымдастырылады.

Кәсіптік оқуға 18 жастан (студенттерден басқа) зейнет жасына дейінгі жұмыссыз қала тұрғындары қатыса алады. Оқу мерзімі – 3 ай.

Өткен жылы шаһарда Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан 670 тұрғын 26 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Оның ішінде 393 адам оқуын толық аяқтап, сертификат алды. Бүгінде олардың 297-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. Білім беру ұйымдары арқылы кәсіптік білім алған тұрғындар визажист, графикалық жұмыстарды орындаушы, кондитер, косметолог-эстетик, маникюр шебері, даяшы, шаштараз, аспаз, жиһаз жинақтаушы, сантехник, тігінші секілді 26 мамандықты меңгерді.

Ал жұмыс берушілердің жұмыс орнында білім алғандар бухгалтер-кассир, киім мен аксессуарларды безендіруші, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері, былғары мен теріні химиялық өңдеу операторы, қолмен тоқу шебері, наубайшы, аспаз секілді 17 мамандықты үйреніп, жұмыспен қамтылды.

Шымкенттік  53 жастағы тұрғыны Индира Қырықбаева мен 49 жастағы Асия Ауезбаева 2024 жылы «RECOMP» оқу орталығында «наубайшы» мамандығы бойынша білім алып, үш айда саланың қыр-сырын меңгеріп, мамандық иесі атанды. Курсты аяқтаған соң, олар «Turan Retail» мекемесіне тұрақты жұмысқа орналасты. Жалақылары да көңілдерінен шығады. 

Наубайшы қос құрбының айтуынша, жұмыс көңілдерінен шығады. Себебі нан – күнделікті өміріміздің ең қасиетті әрі ең қажетті тағамдарының бірі. Ал сол нанды маңдай терімен дайындайтын адам – наубайшы. Наубайшы мамандығы – еңбекқорлықты, ұқыптылықты және жауапкершілікті талап ететін аса маңызды кәсіп. Наубайшының еңбегі таңның атысынан басталады. Ол ұнды илеуден бастап, қамырдың дұрыс ашуын қадағалап, пеште нанды бабына келтіріп пісіруге дейінгі барлық үдерісті мұқият орындайды. Әр бөлке нанның дәмді әрі сапалы болуы наубайшының тәжірибесі мен шеберлігіне байланысты. Бұл мамандықта тазалық пен тәртіп ерекше орын алады. Наубайшы санитарлық талаптарды қатаң сақтап, өнімнің қауіпсіз әрі пайдалы болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ол жаңа технологияларды меңгеріп, нан өнімдерінің түрлерін көбейту арқылы халық сұранысын қанағаттандырады. Наубайшының еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Алайда таңертең дүкен сөрелерінен жаңа піскен нанды көргенде, сол еңбектің қаншалықты бағалы екенін түсінеміз. Бұл мамандық қоғам үшін аса қажет, себебі нан – берекенің, тоқшылықтың белгісі. Қорытындылай келе, наубайшы мамандығы – адал еңбек пен сабырды талап ететін, халыққа қызмет етудің айқын үлгісі. Еңбекқор наубайшылардың арқасында әр шаңырақта дастарқан жайылып, береке орнайды.

«Біз орта жасқа келгенде жаңа мамандықты үйрену үшін үш айлық курсты толық оқып, сертификат алдық. Қазір осы сертификат арқылы тұрақты жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы, төленіп жатқан жалақыға көңіліміз толады. Жұмыссыз адамдарға қысқа уақыт ішінде мамандық үйретіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп отырған мемлекетімізге көп рақмет. Бұл үйде отырған көптеген әйелдерге үлкен мүмкіндік», – дейді ағынан жарылған қос тұрғын.

Осылайша қос құрбы қол қусырып қарап отырған жоқ. Олар мемлекетке масыл болғысы келмейді. Яғни шамасы бола тұра Үкіметтен жәрдемақы алуға ұмтылатындар көп. Ал бұл мүлде дұрыс емес. Егер адамда жұмыс істеуге денсаулығы мүмкіндік берсе адам маңдай термен табыс табу керек. Бүгінде Шымкентте түрлі қысқа мерзімді курстардан өтіп, наубайшы, шаштараз, дәнекерлеуші сияқты нақты кәсіп иелері атанып, адал еңбегімен өмір сүруде. Мұндай жандар – ел дамуына өз үлесін қосып жүрген нағыз еңбек адамдары. Курс арқылы мамандық меңгеру – уақыт талабына сай тиімді жол. Бірнеше айдың ішінде адам нақты бір кәсіптің қыр-сырын үйреніп, жұмысқа орналасуға немесе жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алады. Наубайшы болып, халықты күнделікті нанмен қамтып жүргендер, шаштараз болып, адамдардың келбетін көріктендіріп жүргендер немесе дәнекерлеуші болып, өндіріс пен құрылыс саласына үлес қосып жүргендер – бәрі де қоғамға қажет мамандар. Бұл адамдардың басты ерекшелігі – еңбекке деген жауапкершілік пен өз күшіне деген сенім. Олар дайын көмекке үйренбей, кәсібін жетілдіріп, тәжірибе жинап, табысын адал еңбектен табады. Осындай ұстаным олардың тек материалдық жағдайын ғана емес, рухани тұрғыдан да нығайтады. Сонымен қатар мұндай мамандар жастарға жақсы үлгі бола алады. Олар еңбек етудің қадірін, кәсіптің абыройын ісімен көрсетіп, «кез келген адал еңбек – құрметке лайық» екенін дәлелдейді. Бұл қоғамда еңбек мәдениетін қалыптастыруға, масылдық көзқарастан арылуға ықпал етеді. 

Мемлекетке масыл болмай, курс оқып кәсіп игерген азаматтар – елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Олардың адал еңбегі мен табандылығы экономиканың дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына зор үлес қосады. 

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Еңбектің наны тәтті